Жаңалық

#elonmuskpvl. Оқушылар ұсынған 30 жоба

Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия «ONLINE DISCOVERIES FESTIVAL» облыстық идеялар фестивалін ұйымдастырған еді. 

Фестивальдің басты мақсаты – дарынды балаларды қолдау. Әлеуметтік желілерде #elonmuskpvl хэштегімен өткен байқауға 30-дан аса тың жоба ұсынылды.

«Адина Зарипова мен Аруназ Махабаева Юпитерде ғарыштық база құруды ұсынды. Сонымен қатар, Жер мен Юпитер арасындағы қашықтықты, олардың айналуын ескере отырып,  базаның моделін жасап шыққан. Жас ғалымдар 2028 жылғы 28 қыркүйекте Еуропа мен Юпитер арасы жақындайтындығын анықтаған», – дейді директордың дарынды балалармен жұмыс жөніндегі орынбасары Бағдәулет Асанұлы.

Фестиваль жұмыстарының ішінен  мейрамханадағы бармен жұмысын жеңілдететін мобильді бармен-робот, заманауи киіз үй, көлік апаттарының алдын алатын SMART жол, «Wall-e» еден жуғыш роботы сияқты түрлі жобаларды да көруге болады. Балалар сонымен қатар биология, химия, экология, тіл білімі салаларына қатысты зерттеу де жүргізген.

Облыстық фестивальдің қорытындысы бойынша бас жүлдені дарынды қыз балаларға арналған білім инновация лицейінің оқушылары Адина Зарипова мен Аруназ Махабаева жеңіп алды.

І орын дарынды балаларға арналған №3 гимназияның оқушысы Арман Әубәкіровке бұйырды. Ол жол апаттарынан сақтайтын ақылды жол моделі мен бағдарламасын құрастырды.

ІІ орынды Павлодар қаласы №35 жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Елтай Елнұр мен Ақтоғай ауданының жалпы білім беретін Нығманов атындағы орта мектебінің оқушысы Тілеуқабыл Бекмухамед иеленді. Олар өсімдіктерді суғаруға арналған автоматтандырылған жүйе мен пластик терезелерден балалардың құлап кетпеуін қамтамасыз ететін қалқантор жасап шыққан.

ІІІ орын еден жуғыш робот жасаған Павлодар қаласы №35 жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Арлан Байжырықов пен «Голографикалық дисплей» жасаған Ақсу қаласы №7 орта мектебінің оқушысы Сергей Балабаге бұйырды.

Сондай-ақ «Заманауи киіз үй» жобасын дайындаған Ақтоғай ауданы Абай атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Азамат Ерланов  пен «Мобильді бармен» жобасын таныстырған дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның оқушысы Асылхан Әлижанның жұмыстары қазылар тарапынан жоғары бағаланды.

Қазылар алқасы орын алған оқушылардан басқа қатысушылар жасаған жобалардың маңыздылығын ескере отырып, фестивальге қатысқан жас зерттеушілердің барлығына «ONLINE DISCOVERIES FESTIVAL» кубогын беру шешімін қабылдады.

Айта кетерлігі, фестиваль енді дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын болды. Әлеуметтік желі қолданушылары фестиваль жұмыстарын инстаграмм әлеуметтік желісінің іздеу жүйесіне #elonmuskpvl хэштегін жазу арқылы көре алады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button