Жаңалық

ЕЛОРДА АСПАНЫН ӘНГЕ БӨЛЕГЕН

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен, «Дирижер», «Домбыра», «Классикалық вокал» наминациялары бойынша өтіп жатқан Н. Тілендиев атындағы  VI «Өз елім»  музыка фестивалі ұлы тұлғаның туған күні қарсаңында өз мәресіне жетті.

Осыған орай 1 сәуірде фестивальдің жеңімпаздарын (I орын және Гран-при иегерлері)  марапаттау  рәсімімен  «Тамаша әнмен келіп еді көктемде» атты гала-концерт өтті. Берік Батырхан жетекшілік ететін Елордалық филармонияның симфониялық оркестрі, кеш қонақтары КСРО және Қазақ КСР-нің Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерілері Айтқали Жайымов, Бибігүл Жанұзақ, Алтынай Жорабаева, Айгүл Қосанова және т.б майталмандар өнер көрсеткен байқау туралы көрермендер, қатысушылар мен ұйымдастырушылардің пікірін назарларыңызға ұсынамыз:

Астаналық филармонияның симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері Берік Батырханұлы:  Нұрғиса Тәлендиев атамыздың еңбектерін дүние жүзіне паш етуді, дәріптеуді мақсат еткен байқау екі жылда бір өткізіледі. Биыл бұл байқау алтыншы мәрте өткізіліп отыр. Қазақ баласының шығармашылығын осы күні АҚШ, Италия, Германия, Украина, Белоруссия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Оңтүстік Корея мемлекеттері мойындап, аталмыш байқауда бақ сынасып отыр. Осындай елдердің намысын қорғап қатысқан жетпіске жуық өнерпаздың ішінен бірінші орынды Оңтүстік Корея мен Қазақстан, екінші, үшінші орындарды Ресейдің бас дирижерлары қанжығалады. Қазақ баласы үшін қуаныштымын.

«Домбыра» аталымы бойынша бас жүлде (гран-при) иегері Бекжанов Сәкен Жұмабайұлы:    «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани Жаңғыруды» осы деп түсінемін. Әлемге аты әйгілі өнер адамдарының басын қосып Нұрғиса атамыздың күйі дәріптеліп жатқаны ұлттық санамыздың, рухымыздың жаңғырғаны емес пе?! Ұлы тұлғаның туған күнінде өнеріңің ұлықталуының өзі үлкен марапат.

Көрермен Қуаныш Әбдіханқызы: Болашақ жастардың қолында. Жастар ұлттың салтын, дәстүрін, өнерін ертеңге жеткізуші, жаңғыртушы, дамытушысы. Ұлттық өнерге қызығушылығын оятып, қадірлі композиторлардың қасиетті шығармаларына қанық қылып тәрбиелеу ел ағаларының мойынындағы іс. Қанымызға сініп өмірімізбен біте қайнасып кеткен қара домбыраның үнін осылай асқақтатса жарасымды емес пе?! Жастардың беті басқаға ауып тұрған заманда өзіміздің мәдениетімізді, өнерімізді, саяси бетбұрысымызды, ұлттық құндылықтарымызды солардың бойына сіңіру үшін аянып қалуға болмайды.

«АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің директоры Самат  Тергембаев: Нұрғиса Тілендиев – ұлттық мәдениетіміздегі дәстүрлі өнердің жауһары. Нұрғиса ағамыздың өзінің ғана емес, ата-бабамыздан келе жатқан жақұттарды жинауы, оркестр құруы жастарды ұлттық рухқа тәрбиелегені, ұлтты сүюге, ұлттық әуенді сүюге үйреткені. Бұл байқауға қатысқан талантты жастар бір-бірімен танысып қана қоймай білгенін үйретіп, білмегенін үйренеді. Бірін бірі шыңдайды. Халыққа ұлттық өнерді паш етеді. Халықтың алдында сыннан өтеді. Төселеді. Жеткен жетістіктерін көрсетеді. Нұрғиса бір-ақ күнде Нұрғиса болып туған жоқ. Ол да осылай қалыптасты. Мына жастардың да күні ертең-ақ шашасына шаң жұқпайтын бір-бір жүйрік болып шыға келеріне кәміл сенемін. Себебі бет алыстары көкірегіме қуаныш кернетеді. Музыка – тілсіз тіл. Оны жүрекпен орындайды. Жүрекпен қабылдайды. Өнерде ұлт болмайды, өнерін бағалай алмайтын ұлт болады. Мына жастардың бүгінгі көрсеткіштеріне қарасақ оған еш уайымдамауға болады. Өнер осындай биікте болуы керек. Өнер биікте тұр да.

Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button