Елордада 15 жаңа Оқушылар сарайы ашылады
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елордада 2029 жылға дейін 15 Оқушылар сарайының құрылысы жоспарланған, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Астана әкімдігі
Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Есет Байкен алдағы екі жылда 5 заманауи Оқушылар сарайы іске қосылатындығын мәлімдеді.
Елордада балалардың 79,9%-ы қосымша біліммен қамтылды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға өсті. Астанада мектеп оқушыларын толықтай 2029 жылға дейін қосымша білім берумен қамтамасыз ету үшін 15 Оқушылар сарайын салу жоспарланып отыр, оның бесеуі алдағы екі жылда салынады, – деді Есет Байкен.
Білім беру мекемелерінде оқушылар мен олардың ата-аналарына жан-жақты психологиялық қолдау көрсетілетіндігі де айтылды.
Биылғы оқу жылында «Отбасылық бақыттың жылуы» атты жаңа жоба іске қосылып, оның аясында әр айдың соңғы сенбісінде ата-аналарға түрлі мамандардың (мектеп әкімшілігі, ПМПК, қамқоршылық кеңес, заңгерлер, психологтар, пән мұғалімдері, логопедтер, денсаулық сақтау мамандары және т.б.) консультативтік көмегіне жүгінуге мүмкіндік беретін ашық есік күндері өткізілетін болады. Сондай-ақ қазан айында әдістемелік орталық базасында ата-аналар мен білім алушыларға тегін психологиялық консультациялық көмек көрсету бойынша кабинеттер ашылады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, – деді әкім орынбасары.