Елордада «Бестемше» ұлттық ойынынан қалалық жарыс өтті
Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен №5 «Ақбота» балабақшасында мемлекеттік балабақшалардағы тәрбиешілер арасында «Бестемше» ұлттық ойынынан «Зияткер педагог» атты қалалық жарыс өтті, деп хабарлайды Ruh.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық жарыстың салтанатты ашылуында Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Дидар Дулатұлы сөз сөйлеп, жас ұрпақты тәрбиелеуге ат салысып, ұлттық ойынды жаңғыртуға қолдау білдіріп қатысып жатқан тәрбиешілерге алғыс білдірді.
Бестемше ойыны елімізде және шет елдерде кеңінен таралып, балабақша және мектеп бағдарламаларына енуі ұлттық ойынның бала тәрбиесінде алатын орны мен маңызына байланысты болып отыр.
Айта кету қажет Астана қаласының балабақшалары еліміз бойынша бірінші болып бестемше ойынын балабақша бағдарламасына енгізген.
«Бүгін біздің балабақшамызда «Бестемше» ұлттық ойыны кең көлемде өткізіліп отыр. Өткен жылы ұйымдастырылған қалалық жарысқа 16 педагог қатысты. Осы жылы 80 педагогтен өтініш келіп түсіп, ішінен 60-ын іріктеп алдық», - дейді ұлттық ойынды өткізіп жатқан № 5 «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Мөлдір Айтқалиқызы.
Жыл сайын жаңғырып, адам тұрмақ баланың қызығушылығын арттырған бестемше ойынын №5 «Ақбота» балабақшасы өткен жылы жан-жақты зерттеу жүргізіп, Түркия еліне апарып екі жақты меморандумға отырды. Қазіргі кезде Түркия елінің мектеп оқушылары да бестемше ойынын ойнайды.
Жарты күнге созылған зияткер жарыста алпыс педагог ішінен төрт балабақшаның тәрбиешілері озып шығып жеңімпаз атанып, республикалық сайысқа жолдама алды.
І орын – Дана Бабиева, Астана қаласы әкімдігінің №78 «Асыл» балабақшасының тәрбиешісі;
ІІ орын – Ғалия Ғазизова, Астана қаласы әкімдігінің №25 «Таңшолпан» балабақшасының тәрбиешісі;
ІІІ орын – Аягөз Дүйсенбай, Астана қаласының №65 «Бал бала» балабақшасының тәрбиешісі; Таңшолпан Рақмет №5 «Ақбота» балабақшасының тәрбиешісі.