Жаңалық

Елордада «Бопай ханым» спектаклі сахналанады

14-15 мамырда Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры «Бопай ханым» атты тарихи трагедияны көрермен назарына ұсынады, деп хабарлайды Ruh.kz порталы өнер ордасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бопай ханым – Әбілқайырдың жары, қиын күндерде ел тыныштығы мен бірлігі үшін пенде басындағы қайғыны да, ауыртпалық пен алауыздықты жеңе білген көреген қазақ әйелі. Бопайдың қайраткерлік тұлғасы, асыл ана ретінде тәрбиелік өнегесі – ұлтқа мақтаныш, ұрпаққа үлгі. Бопай ханым бейнесін бірінші құрамда театр және кино майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Лейло Бекназар-Ханинга сомдайды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Премьераның екінші күні Бопай рөлін Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Сая Тоқманғалиева ойнайды. Ал Әбілқайыр хан рөлін бірінші құрамда Ержан Нұрымбет, екінші құрамда – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сырым Қашқабаев, Нұрәлі ханды – Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов және Бәзіл Сұлтанғазы, Барақ Сұлтан рөлін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қуандық Қыстықбай мен Жанқалдыбек Төленбаев сомдайды.

Туынды авторы – Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова. Режиссері – Жұлдызбек Жұманбай.

Сонымен бірге, премьера алдында Лейло Ақназарқызының сахна және кинодағы 40 жылдық шығармашылығына арналған «Жұлдызым менің жоғары» кітабының тұсауы кесіледі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button