Жаңалық

Елордада «COVID-19» би перформансының премьерасы өтеді

Өнер сүйер қауым үшін «Astana Musical» мемлекеттік театры «COVID-19» атты жаңа туындыны ұсынады деп хабарлайды Ruh.kz порталы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Спектакльдің атауы айтып тұрғандай, қойылымдағы оқиға 2020 жылдың өзекті мәселесі «COVID-19» вирусы төңірегінде өрбиді. Мұнда ойдан шығарылған кейіпкерлер мен үйреншікті пафосқа толы образдар жоқ. Туынды толығымен өміріміздің қазіргі болмысын көрсететін шынайы оқиғаларға негізделген.

««COVID-19» хореографиялық спектаклі – бұл мәңгілік құндылықтар туралы пайымдаулар, адамдардың карантин кезіндегі ішкі ой-толғанысы, санамыздағы өзгерістер, көпшіліктің қисынсыз әрекеттері мен ойға қонымсыз түсініктері, індет кесірінен жақындарынан айырылған азаматтардың қайғы-қасіреті…

Әлемді күрт өзгерткен COVID-19» пандемиясы бізді өзгерте алды ма?  Сақтық шаралары мен шектеулерге дейінгі өмір қайта орала ма? Осы және өзге де өзекті сауалдардың жауабын көрермендер «COVID-19» атты хореографиялық спектакльден табады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Спектакльдің режиссер-хореографы – «Astana Musical» театрының әртісі Анель Мырзағұлова, музыкалық туындылардың авторы –  «Astana Musical» әртісі Ақжол Өмірзақов.

Жаңа қойылым 26-27 ақпанда елордадағы «Қазақстан» ОКЗ-да сахналанатын болады. Басталуы: сағат 19:30-да.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button