Жаңалық

Елордада ерекше көрме ашылды

ҚР Ұлттық музейінде америкалық суретші Шри Чинмой кескіндемелерінің көрмесі өз жұмысын бастады. Шара мақсаты – халыққа күйзеліс жағдайынан шығудың арнайы әдістерін көрсету деп хабарлайды Ruh.kz порталы.

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде америкалық суретші Шри Чинмойдың интуитивті кескіндемелер көрмесі ашылды. Экспозицияға суретшінің отыздан астам туындысы қойылған. Шара ұйымдастырушылары Шри Чинмой кескіндемелерін тамашалау арқылы келушілерді өмірге қуана білуге, зейінді басқаға аударуға, бүгінді бағалауға шақырады.

«Америкалық суретші Шри Чинмой суреттерін өзінің авторлық «Джарна Кала» стилінде салды. Суретшінің ана тілі – бенгал тілінен аударғанда «Фонтан-өнер», «ішкі әлемнен шығатын өнер» деген мағына береді екен. Шри Чинмой белгілі бір кескіндеме мектебінің ережелеріне бағынуды, бір әдіспен араластыруды дұрыс деп санамайды. Автордың әртүрлі түстерді таңдай білуі, техникалары сонымен қатар қайталанбас стилі адамдардың бойындағы шеберлік қабілетін анықтайды. Сондай-ақ, қанық бояулар, өзгермейтін бейнелер көзге массаж ретінде әсер етіп, адамның жүйкесіне тыныштық сыйлайды.

Көрмеміздің мақсаты – халыққа күйзеліс жағдайынан шығудың, арнайы әдістерін көрсету, адамдардың демалу өнерін меңгеруіне ықпал ету», – деп мәлімдеді «Harmony» даму орталығының директоры, арт-терапевт Тойжан Ысқақова.

Шри Чинмой кескіндемелерінің көрмесін елордалықтар 20 қаңтар мен 10 ақпан аралығында тамашалай алады.

Айта кетейік, Шри Чинмой – көрнекті гуманист, жазушы, ақын, суретші, композитор және спортшы. Ол Бенгалияда (Индия, қазіргі Бангладеш) 1931 жылы туған. 1964 және 2007 жылдар аралығында Нью-Йоркте өмір сүріп, көптеген елдерге саяхат жасап, концерттерімен, дәрістерімен әлем елдерінде өнер көрсетті.

Шри Чинмойдың суреттерінің түпнұсқалары тұрақты жәдігер ретінде Лондондағы Виктория және Альберт музейінде, Париждегі ЮНЕСКО ғимаратында, Мәскеудегі қазіргі заман тарихы музейінде және басқа да атақты музейлер мен галереяларда сақталған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button