Елордада кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті
Елордада «Жастар» сарайында жұмыссыз азаматтар, пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар және алимент бойынша борышкерлер үшін жалпы қалалық бос орындар жәрмеңкесі өтті.
Тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеге 50-ден астам жұмыс беруші қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жәрмеңке жұмысына елорданың 54 жұмыс берушісі қатысып, 1300-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Оның ішінде 9 мекеме пробация қызметі есебіндегілер және жазасын өтеп келген жұмыссыз азаматтарға 197-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Білім, сауда, қаржы, құрылыс саласындағы мекемелер жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түйіндемелерін қабылдады.
Жәрмеңке арқылы жұмыс табуға ниетті азаматтардың бірқатары еңбекке енді араласатын жас мамандар болса, енді бірі тұрмыстық жағдайға байланысты жұмыс орнын ауыстыруды көздейді.
Жәрмеңкеде жұмыс берушілер қатарында қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығы да болды. Орталық 5 бағыт бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Нұр-Сұлтан қалалық филиалының өкілі елордадағы орталықтарға 50 адам жетіспейтінін атап өтті.
Жәрмеңкеге Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Әділет департаменті және қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері, сондай-ақ, «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Green tal» ЖШС, «Мейрім-М» ЖШС, «Электровоз Құрастыру Зауыты» ЖШС, «Басқару Колледжі» ЖШС, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ШЖҚ МКК «Сервис және туризм колледжі», «Жоғары медициналық колледжі» ШЖҚ МКК және басқалар қатысты.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында жылдың соңына дейін 28 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің мақсаты-жұмыс берушілер мәлімдеген азаматтарды бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру. Бүгінгі жалпықалалық жәрмеңкеге 450-ге жуық жұмыс іздеуші қатысты. Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы мәліметінше жыл соңына дейін әлі осындай 8 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтеді.