Жаңалық

Елордада «Күлше қыз» қойылымының премьерасы өтеді

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры 13-15 мамырда өтетін Евгений Щварцтың «Күлше қыз» атты музыкалық ертегісінің премьерасына шақырады деп хабарлайды Ruh.kz порталы өнер ордасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

««Күлше қыз»  ертегісі – театр сүйер көпшілікке бұрыннан таныс әйгілі ертегі. Ондағы айтылатын ой мен өтетін оқиға жас көрерменнің көңілін елітіп, қиялына қанат бітіретіні сөзсіз. Анасынан ерте айырылған Күлше қыздың өмірі бірде аянышты болса, енді бірде ғажайып оқиғалармен алмасып отырады. Оның өгей шешесі мен одан туған екі әпкесі әртүрлі қисынсыз әрекеттерімен Күлше қызды тек үй жұмыстарына салып қойғысы келеді. Алайда, бақ та, бақыт та маңдайыңа жазылған болса, оған кедергі болатын күш-қайрат жоқ. «Күлше қыз» ертегісі осындай ойлардың, ақ пен қараның, шындық пен қиянаттың арасындағы қақтығыстарды суреттеп, көрерменді тағдырдың тылсым жолдарында өтетін таңғажайып оқиғаларға қарай жетелейді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Музыкалық ертегіде басты кейіпкер Күлше қыздың бейнесін Аяжан Бағдат пен Жансұлу Төлегенова, Ханзаданың рөлін Бибол Байғараев пен Бақдәулет Оралов, Ертегішілердің бейнесін Жасұлан Әбдірахман мен Мұхамедсаид Багашаров, Күлше қыздың өгей шешесін Мақпал Дүйсен мен  Нұрай Рысбекова,  әкесін Сүндетхан Дүйсехан сомдайды. Өгей шешенің қыздары Ашугүлді Дана Қабылова, Тікенгүлдің рөлін Арелана Амангелді, Король рөлін Оразалы Игілік пен Айдын Қожахмет, Перизат рөлінде Альфия Хайзуллиева көрерменге паш етпек.

Аталған ертегінің қоюшы режиссері «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының иегері, Музыкалық жас көрермен театрының актері әрі режиссері – Расул Усманов. Музыкамен әрлеуші Халықаралық конкурстардың лауреаты – Руслан Баймурзин, қоюшы хореограф – Уәлитбек Сиязбеков және қоюшы суретші – Әнуар Сәпиев.

Қойылым 13, 15 мамырда қазақ тілінде, 14 мамыр күні орыс тілінде сахналанады. Спектакльдің басталуы сағат 16:00-де.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button