Елордада мұз айдыны мен сырғанақтары бар жаңа қоғамдық кеңістік ашылды
Елорданың Нұра ауданында жаңа қысқы қоғамдық кеңістік ашылды. Жуырда оның салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.
Астана әкімдігінің мәліметінше, отбасылық демалысқа арналған жаңа орын «Зеленый квартал» тұрғын үй кешені ауданында орналасқан. Жаңа қоғамдық кеңістікте мұз айдыны, сырғанақтар және басқа да қысқы ойын-сауық түрлері бар.
BI Group компаниясы мен Нұра ауданының әкімдігі «Бухарест» саябағын ресми түрде ашты. Бұл – ауданда орналасқан алғашқы қысқы қалашық. Мұнда мұз айдыны, сырғанақтар, көздің жауын алар жеті метрлік шырша бар. Саябақтың өзі жаңа жылдық стильде безендірілген. Біз елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық кеңістікке шақырамыз, – деді BI Group өкілі, жоба жетекшісі Бауыржан Салықов.
Ұйымдастырушылар серуендеп келген жұртқа жаңа жылдық көңіл күй сыйлауға ерекше көңіл бөлді. Келушілерді ертегі кейіпкерлері – Гринч, Грин Санта, Ақшақар, эльфтер мен қояндар қарсы алады. Балалар үшін ерекше ойын-сауық бағдарламасы дайындалды. Әртістер би және театр қойылымдарын орындады.
Мереке күндері астаналықтар отбасыларымен және достарымен бос уақытын көңілді өткізе алады.
Айта кетейік, биыл Астанада 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданында жүргізілді.
Сондай-ақ 18 желтоқсан күні елордада 30-дан астам мерекелік шыршаның шамын жағу салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға 15 мыңнан астам адам қатысты.