Елордада «Музыкалық жас көрермен театры» ашылады
ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында және халқымыздың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры 2020 жылдың 14 желтоқсанында М. Әуезовтің «Абай–Тоғжан» музыкалық драмасымен салтанатты түрде тұңғыш маусымын ашады, – деп хабарлайды Ruh.kz порталы Музыкалық жас көрермен театрының Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Музыкалық жас көрермен театрының жұмысы жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытып, отандық және әлемдік музыкалық қойылымдарды сахналау арқылы балалар мен жасөспірімдердің мәдени-эстетикалық әлемін, таным-тағылымын, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге бағытталған.
Өнер ордасы өз жұмысын 2020 жылдың 1-ші қазанында бастап кетті. Ағымдағы жылдың 28-30 қыркүйек күндері аралығында кастинг ұйымдастырылып, 50-ден астам дарынды әртіс таңдап алынды. Театрдың актерлік құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 71-ші Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Әділхан Макин және Расул Усманов, т.б. жас әртістер бар.
Қазақстанның театр кеңістігінде тұңғыш рет сахналанып отырған «Абай–Тоғжан» музыкалық драмасы жасөспірімдердің жүрек қылын шертіп, ой-армандарын асқақтатып, санасына серпін беріп, жігерін қайрап, ішкі мәдениеті мен рухани жан-дүниесін байытып, елдік сезімі биік ұлағатты ұрпақты тәрбиелеу жолында елеулі үлес қосуды мұрат тұтады.
Адамзат тарихындағы біртуар тұлғалардың болмыс-бітіміндегі жасампаз рух балалық шақтан бастау алады. «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы – бүгінге дейінгі ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерек жаңа туынды. Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым Абай ғұмырының бозбала кезеңінен көрініс береді.