Жаңалық

Елордада Құрманғазының 200 жылдығы атап өтіледі

«Астана Операда» біртуар халық композиторы, дәулескер домбырашы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын мерекелеудің ауқымды бағдарламасы басталады.

Бағдарлама «Құрманғазы – рухты саздың сардары» жарқын музыкалық кеші ашады, ол елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына 19 наурызда К.Байсейітова атындағы Камералық залдың сахнасында ұсынылады.

Ақын, «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының жүлдегері Еркебұлан Қайназаров, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айтжан Тоқтаған, Орынбай Дүйсен, Тұрар Әліпбаев, Әбілғазы Ахмадиев, Ғалым Ахмедьяров домбырашылық орындаушылық өнерді көпшілікке таныстырады.

«Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына екі жүз жыл толу – ел өміріндегі маңызды оқиға. Ол ұлы композитор, домбыра мектебінің негізін қалаушы болды, Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің дамуына зор ықпал етті. Құрманғазы қазақ халқының жанын терең түсініп, оның өмірін өз күйлеріне қосты. Оның шығармашылығы бүгінгі ұрпақты қазір де таңғалдыруда. Құрманғазының күйлері отанымызда ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал. Композитордың туындылары жүректерді тебірентіп, тыңдармандар мен орындаушыларды шабытқа бөлейді. Оның шығармаларын домбырашылардың бірнеше буыны орындап өсті, мен де олардың қатарындамын. Есте қаларлық датаға орай біз «Астана Операда» бірқатар маңызды іс-шараларды жоспарлап қойдық. Осынау концерт солардың алғашқысы болмақ. Оған әйгілі күйшілермен бірге, дарынды жас аспапшылар да қатысады», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

Сондай-ақ бұл кеште театр сахнасына керемет домбырашылар – Еділ Басығараев, Бақытжан Дүйсенғазинов, Қайрат Айтбаев, Алмат Сайжан, Батырлан Әбенов, Жұмабек Қадырқұлов, Ақжусан Иманғазықызы, Бауыржан Мұхаметбай, Бауыржан Бекмұханбет, Абылайхан Орманбек, Марат Нүкеев шығады. Ауқымды бағдарламаға Құрманғазының танымал туындылары, халық күйлері мен қазақстандық авторлардың шығармалары енді.

Концерт жүргізушісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай тыңдармандарға аңызға айналған композитордың өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгімелейді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button