Жаңалық

Елордада шетелдік студенттер форумы өтті

Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Шетелдік студенттердің форумы болды. Шараға Университетте шекарадан, тысқары елдерден келіп, білім алып жатқан шетелдік студенттер қатысты. Олар “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын қолдау және талқылау мақсатында, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алу мақсатында осы шара ұйымдастырылды.

Бағдарламалық мақалада бәсекеге қабілеттілік ел жастарына міндеттелгенін білеміз. Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру үшін олардың тәжірибе алаңдарын нығайтуымыз керек. Яғни, өзге ел азаматтарымен бір бағытта жұмыс жасап, олардың артықшылықтарын алуға, тәжірибе алмасуға үйрену керек. Аталған алаңдарда, әрине, шетел азаматтарының болуы дұрыс шешім. Студенттер өздерін жаңа ортада сынап жүргендіктен елдегі кез-келген өзгеріске үн қатуға бейімделген. Аталған форум да осы мақсатта өткізіліп отыр. Міне, осындай көңіл көкжиегі кең шетел жастарымен қандастарымыз бір ортада жүріп, бір-бірінің кем-кетігін толтыра бермек. Шетелдік студенттер “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының орындалу кезеңіне үлкен қызығушылық білдіріп, өздерінің де түрлі бағыттағы жобаларын ұсынған. Олардың ойынша, бұндай ауқымды шаралардың барлығын бір уақытта жүзеге асыру – сирек кездесетін құбылыс.

«Бүгін Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде жастардың бастамасыменен үлкен форум өтуде. Оны ұйымдастырып, мақсатын айқындаушы осы жерде білім алып жатқан шетелдік студенттер. Бүгінгі таңда бұл университеттің қабырғасында 500-ге жуық шетелдік студент және де 30 шақты әртүрлі елден келген профессорлар қызмет атқарады. Міне, алдымызда демалыс айлары басталады. Осы уақытта шетелдік студенттер өз елдеріне, ата-анасының жанына қайтады. Сол кезде өздерінің Қазақстаннан алған әсерін өз елдеріне барып насихаттап, тарататын жақсы ниеттері бар. Жалпы еліміздің Жоғарғы оқу орындарында 13 000-дай шетелдік студенттер білім алып жатыр екен. Олардың барлығы елдеріне қайтқанда Қазақстан туралы терең біліп, жерлестеріне жеткізе алса, онда еліміздің имиджі көтеріліп, танымалдығы арта түсер еді», -деп атап өтті Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Франция студенті Жереми Конверт ағымдағы жылдың аяғына дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша бірнеше акцияларды қамтитын «1001 қадам» жастар бағытының іске қосылуын хабарлады. Бұл жобаның аясында студенттер шетелдік университеттер мен кітапханаларға Қазахстан туралы кітаптар сыйлайды, дөңгелек үстелдер мен конференцияларға қатысады, газет-журналдарда мақала жариялайды, еліміздің жетістіктерін әлеуметтік желілерде кеңінен талқылайды. Жереми барлығымызды, әсіресе жастарды: Қазақстан, оның жетістіктері, киелі жерлері, қонақжайлығы, Еліміздің рухани жаңғыруы туралы және басқа да жақсы ерекшеліктері туралы әлеуметтік желілерде пост жазып #1001qadam хэштегін қолдануға шақырды

Сонымен бірге, форумда студент жастар әлеуметтік желілердегі «Біз латынша жазамыз – Латынды қолдаймыз» жобасының іске қосылуына қолдау білдірді.

«Біз Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ортаға қойған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы Қазақстанның қарқынды дамуына өз үлесін тигізіп жатқаны бүгінгі елдің даму деңгейінен айқын аңғаруға болады. Ел ішінде кеңінен насихатталып, қоғам арасында қызу талқыға түскен бағдарламаның берері әлі алда деп ойлаймын. Осы орайда мен аталған оқу ордасында білім алып жатқан шетелдік студенттер Елбасының латын әліпбиіне көшу ұстанымын толыққанды қолдайтынын жеткізгім келеді. Сол себепті мен еліміздің барлық жастарын «Біз латынша жазамыз – Латынды қолдаймыз» атты жобамызға күш біріктіруге шақырамын», – деді ҚХР-нан келіп білім алып жатқан Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ІІ курс магистранты Қанат Қахар.

Форум қатысушылары «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының халықаралық деңгейдегі ақпараттық және мәдени кеңістігін кеңейту бағыттары бойынша өздерінің креативті ұсыныстарын білдірді. Аталған форумға қатысушылар, оның ішінде студенттер мен профессорлар «Біз латынша жазамыз – Латынды қолдаймыз» жобасына үлкен қолдау білдірді. Форум соңында шекарадан тысқары елдерден келіп, елімізде білім алып жатқан шетелдік студенттер мен қазақстандық жастар осындай көлемді форумды жыл сайын өткізіп тұруға уағдаласты. Нақтылай айтсақ, форумға шетелдік профессор, Йылдырым Баязит университетінің PhD докторы Сейит Али Авджу, Сервантес атындағы институттың оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Эдита Денст-Гарсия, Корея PhD докторанты Ионг Мин Чу, Франция студенті Жереми Конверт, ҚХР магистранты Қанат Қаһар, Ауғанстан студенті Насратулла Саид Садат, Ирак студенті Юсра Аль-Шахман қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Аталған қонақтардың ішінде PhD докторы, Йылдырым Баязит университетінің оқытушысы Сейит Али Авджу Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өткен жылдың сәуір айында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын БҰҰ-ның негізгі алты тіліне аударып берген. Осыған орай, Сейит Али Авджуге форум барысында алғыс хат табысталды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button