Жаңалық Редакция таңдауы

Елордада «Сұлтан Бейбарыс» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

ҚР ПІБ Президенттік орталығында ғалым-тарихшы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Үздіксіз қазақ мемлекеттілігі: XV-XIX ғасырлардағы көне еуропалық карталардағы Қазақ мемлекеті» ашық дәрісі, сонымен қатар белгілі журналист, режиссер және продюсер Майя Бекбаеваның Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған «Сұлтан Бейбарыс» деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Іс-шараға тарихшылар, қазақстандық жоғары оқу орындарының тарих факультеттерінің профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, орта оқу орындарының тарих мұғалімдері, сарапшылар, БАҚ және жалпы Қазақстан тарих ғылымының маңызды жаңалықтарына қызығушылық танытқан білім өкілдері қатысты.

Жиында ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат қазіргі кезеңде тарих ғылымының ең өзекті мәселелерін талқылауға және өзара пікір алмасуға кездесудің жақсы мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.

«Қазіргі кезеңде тарих ғылымының жетістіктерін медиатизациялау – өзекті, әрі ауадай қажет шарттылық. Өйткені ол – медиа-кеңістіктің жаһандануы жағдайында еліміздің тарихи-мәдени мұрасы негізінде тарихи сананы қалыптастыру және ұлттық бірегейлікті нығайту жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды құралы. Осы үдерісте азаматтарымыздың назарын тарих ғылымына аударып, оқырмандар санының артуына ұйытқы болып отырған журналистер үлесі зор», – дейді БақытжанТемірболат. 

Өз кезегінде жоба авторы Майя Бекбаева «Сұлтан Бейбарыс» деректі фильмінің желісі туралы баяндады.

«Бейбарыс Cұлтан туралы аңыз көп, алайда ол туралы бір ғана шындық бар» – бұл Египетте сонау Бейбарыс Сұлтан заманынан бері қалыптасқан пікір. Ұлы Қыпшақтың өмір тарихы туралы аңыздар мен мифтер көп. Бүкіл түркілер, әсіресе, қазақтар үшін Мысыр әлдеқайда жақын және қызықты. Өйткені дәл осы жерде біздің ата-бабаларымыз, Сұлтан Бейбары бастаған аты аңызға айналған мәмлүктер адамзат өркениетінің тарихына өз есімдерін «алтын» әріппен жазып қалдырды», - деді Майя Бекбаева.

Жиын барысында авторлық лекциясын оқыған М.Сыдықназаров өз зерттеулерінің негізгі нәтижесіне тоқталып, қазақ мемлекеті туралы тың тарихи деректермен бөлісті.

М.Сыдықназаров көп жылғы ғылыми ізденістерінің нәтижесінде «Үздіксіз қазақ мемлекеттілігі: XV-XIX ғасырлардағы көне еуропалық карталардағы Қазақ мемлекеті»  атты кітабінің ішінде бірыңғай Еуропа елшілері, саяхатшылары мен картографтары және АҚШ зерттеушілері жасаған 130 географиялық картадан тұратын атлас шығарған. Бұл еңбек қазақ мемлекеттілігінің дамуының негізгі кезеңдерін айқын көрсетеді. Кітап 2021 жылы Брюссельде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген.

Бұл басылым Бельгияның Корольдік кітапханасы мен Францияның Ұлттық ғылым академиясының тізімдеріне енгізіліп, әлемдік ғылыми және ақпараттық салада үздіктер қатарында болды. Соныменг қатар кітап көшірмелері Қазақстанның облыстық және жоғары оқу орындары кітапханаларына берілді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button