Жаңалық

Елордалық архивте жаңа зертханалық кешен іске қосылды

Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві ескі құжаттарды қалпына келтіруге мүмкіндік беретін заманауи зертханалық кешенмен жабдықталды деп хабарлайды Ruh.kz порталы.

Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында қойған міндеттерді жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп кетті. Қалалық архивте құнды құжаттар енді заманға сай жабдықтардың көмегімен өңделіп, қайта қалпына келтіріледі. Еліміздің басқа өңірлерінде жоқ зертханалық кешенге қағаз құжаттар мен фотосуреттерді залалсыздандыратын, шаңнан тазартатын жабдықтар және қағаз реставрациялайтын аппарат кіреді.

Осында қызмет ететін реставратор Сырым Ботабеков әсіресе, кешеннің құрамындағы залалсыздандырғыш жабдықтың мүмкіндіктерін ерекше атап өтеді.

«Біз құжаттарды өңдеуге, қайта қалпына келтіруге бірден кірісіп кетпейміз. Ең алдымен оларды залалсыздандыруымыз керек. Бұл ретте архив мамандары бұрын формалин, тимол, этиленоксид секілді антибактериялық заттарды қолданатын еді. Ол заттар адамның денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, қағаздың құрылымын бұзады, яғни құнды деректердің сақталуына кедергі болады. Ал жаңа құрылғыда құжаттар инертті газдың көмегімен залалсыздандырылады. Залалсыздандырушы жабдық инертті газдың генераторынан, компрессордан, газды сақтайтын ресиверден, материалдар сақталатын арнайы жастықтардан, жастықтардың ішіндегі ауа мөлшерін өлшейтін және шаң-тозаңнан тазартатын құрылғылардан тұрады. Жабдықтардың соңғы буынына тиесілі аппарат 3-4 аптаның ішінде біз қағаздың өзін бүлдірмей, материалдарды зиянды бактериялардан тазартамыз, құнды деректерді сақтаймыз. Архив маманы үшін бұл өте маңызды», – дейді Сырым Ботабеков.

Оның айтуына қарағанда, жаңа құрылғылар мамандардың жұмысын едәуір жеңілдетіп қана қоймай, адамның денсаулығына зиян келтірілмеуіне кепілдік береді.

«Бұрын жұмыс барысында көп нәрсені қолымызбен жасайтынбыз. Ал жаңа зертханалық кешенде көп процесстер автоматтандырылған. Мәселен, бұған дейін рестовраторлар бір күнде құжаттың 30-40 бетінің көшірмесін жасай алса, бүгін жаңа кешеннің құрылымына кіретін жабдықтың арқасында бұл көрсеткіш 100-200-ге дейін артып отыр. Аз уақыттың ішінде қыруар шаруаны атқара аламыз. Зиянды заттарды сорғыштар, түрлі жарықпен жарақтандырылған үстелдер адамның көру, иіс сезу сияқты қабілеттеріне зиян келтірілуіне, олардың нашарлауына, маманның шаршауына жол бермейді», – дейді ол.

Айта кетейік, құнды құжаттар мен фотосуреттерді реставрациялауға арналған соңғы үлгідегі жаңа зертханалық кешен елорда әкімдігінің қолдауымен іске қосылды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button