Жаңалық

Елордалық колледжде маман даярлаудың заманауи тәсілдері талқыланды

Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласының Сервис және туризм колледжінде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде мамандар даярлаудың заманауи тәсілдері» атты ауқымды іс-шара өтті, деп хабарлайды Ruh.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асқан ғылыми-тәжірибелік конференцияға қала колледждерінен 200-ден астам оқытушы қатысты.
Сондай-ақ аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, «Таlап» КЕАҚ, Республикалық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының, кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары атсалысты.

«Ауқымды конференция қатысушылары жұмысшы кадрлар даярлау тәжірибесі және колледждердің даму перспективалары, қоғамның экономикалық дамуы және соған орай кәсіби кадрларды даярлау; цифрландырудағы жаңа трендтерді оқу процесіне енгізу тәжірибесі бойынша тақырыптарды талқылады. Осы іс-шараға біздің колледждің атынан қатысқан оқутушылар мен студенттер флорист мамандығы бойынша шеберлік сыныптарын көрсетті. Мұғалімдер бір-бірімен тәжірибе алмасып, сол арқылы жас ұрпаққа білім беру сапасы артады деп ойлаймын», - деді Астана қаласының Сервис және туризм колледжі директоры Салтанат Басығараева.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар Жұмысшы мамандықтар жылы аясында биыл жүзеге асырылатын жүздеген іс-шаралар барысымен танысты.

Іс-шарада қонақтар «Жас дизайнерлердің идеялары», «Дәмді нан құпиялары» жұмыстарының көрмелерін көріп, «Мамандықтар әлемін ашу» шеберлік сыныптарына, «Ұстаз болу – өнер» педагогикалық коллоквиумына, бук-кроссингтерге қатысты.

«Мен осы колледжде туризм мамандығы бойынша 1-курста оқимын. Мұнда арнайы бағдарламаны меңгеріп, агенттіктерде жұмыс істеуге, турларды ұйымдастыруға дағдыланамыз. Оқу тегін, стипендиямыз бар. Сондай-ақ ыстық тамаққа ақы төленеді. Ал факультатив сабақтарда флористика үйірмесінде түрлі гүлдерден композиция жасап үйренеміз. Сонымен қатар қажет емес заттарға «екінші өмір» сыйлап, оларды әрлеп, әдемілеп, сәнді бұйым істейміз. Осы колледжге оқуға түскеніме қуаныштымын», - деді колледж студенті Айжан Дүйсембекова.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button