Жаңалық Редакция таңдауы

Елордамыздың символы – «Бәйтерек» монументіне биыл 21 жыл

Әр мемлекеттің өзіндік ерекше, ғажайып сәулет құрылысымен тамсандыратын символдары бар. Біздің бас қаламызда бой көтерген, сәулет өнерінің бірегей туындысы, еліміздің бас символы – Бәйтерек монументі.

Халқымыздың дүниетанымынан хабар беретін, ұлттық ерекшеліктеріне сай құрылған ғажайып ғимаратқа Астанаға келген әрбір азамат ат басын тірейді. Заманауи тілмен өрсек, «Бәйтерек» – елордамыздың «визит картасына» айналып отыр.

Осыдан 21 жыл бұрын ҚР Бірінші Президенті Н. Ә. Назарбаевтың идеясымен салынған монументтің мағынасы тереңде.

Бәйтеректің тамыры жер асты әлемін, ортасы жер әлемін, ал төбесі аспан әлемін білдіреді. Құрылымды жауып тұрған шыны шар киелі Самұрық құсы басқан алтын жұмыртқаны бейнелейді. Жұмыртқаны жегісі келіп, ағаштың түбінде аш Айдаһар тығылып отырады. Көшпенді халықтар, жақсылық пен жамандықтың мәңгілік күресін, жыл мезгілдерінің ауысуын және күн мен түнді осылай бейнелеген.

Монументтің жерасты қабаттарында аквариум мен көркемсурет галереясы және дәмхана бар. Жылдамдығы жоғары лифттер арқылы, келушілер бақылау залына көтеріледі. Залдың ортасында 17 дін өкілінің қолтаңбасы басылған ағаш глобус және «Аялы Алақан» тұр. Оған қолыңызды қойсаңыз, кез келген тілек орындалады деген сенім бар. Бұл биіктіктен қала мен оның айналасы жақсы көрінеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button