Жаңалық

Елорданың жас суретшілері Астананың 20 жылдығына құттықтау хаттарын дайындауда

Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында балалар көркемсурет мектебі «Ұлы дала бояулары» жобасын қолға алды.

Астана қаласындағы балалар шығармашылығын дәріптеуге бағытталған «Ұлы дала бояулары» жобасы елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Оның аясында балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы шәкірттерінің ең үздік 20 жұмысының негізінде құттықтау хаттарының 1000 данасы шығарылады, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.

Құттықтау хаттарында батик, чий, пастель, графика сынды түрлі техникада орындалған балалардың жұмыстары көрініс таппақ. Астана қаласы көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының директоры Гүлзия Исенованың айтуына қарағанда, бұл жұмыстар арқылы бүгінгі қоғамда орын алып жатқан өзекті проблемаларды, балалардың арманы мен қиялын, олардың ел тарихына деген қызығушылығын, мәдени құндылықтарға деген құрметін көруге болады.

«Құттықтау хаттары жағымды естеліктер болып қала бермей, біздің қаланы оның қонақтарына таныту құралы бола алады. Құттықтау хаттарының бетіндегі суреттер өскелең ұрпақтың ынтасын бейнелеп, еліміз туралы, халқымыз туралы толыққанды ақпарат бере алады. Елорданың 20 жылдығына осындай сый жасап жатырмыз», – дейді Гүлзия Исенова.

Оның мәліметінше, «Ұлы дала бояулары» жобасы аясында ұйымдастырылатын шаралар Астана қаласы балалар көркемсурет мектебінде жыл сайын өтеді деп жоспарлануда.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button