Мақала

Еңбегімен елінің құрметіне бөленген қайраткер

Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнінде болған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде былай деген еді: «Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек. Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек. Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек».

Осы орайда біз мемлекет және қоғам қайраткері  Қаратай Тұрысов туралы замандастары айтқан естеліктермен бөлісуді жөн санадық.

 Өз бақытын өзі сомдаған

Әбіш Кекілбайұлы,

Қазақстанның Халық жазушысы

Бір көргенде-ақ көзіңе оттай басылып, көкірегінде шырақ  маздатып жіберетін айрықша сүйкімді жандар болады. Қаракең сондай кісі  еді.  Онымен алғаш рет тіптен баяғыда кездесіппін.

Іссапармен Арқалыққа бара қалдым. Ызғыған далада  аңыздай бой көтерген жұмысшы қаланың  жаңа құрылған Торғай облысының орталығына айналып,  асығы алшысынан түсіп тұрған кезі. Тау-тау болып үйіліп жатқан қызыл қоңыр қазындылардың дәл іргесіндегі үлкен көшенің  бойындағы Мәдениет сарайы  мен ресми билік ғимаратын аралап көріп жүрміз. Жол көрсетушіміз - обком Өзбекәлі Жәнібековтың өзі. Сәл қырылдап шығатын  майда қоңыр дауыспен әңгімесін әріден  тамызықтап, құлақ құрышымызды қандырып келеді. Алдымыздағы көлденең  тұрған азық- түлік  дүкенінен нан алып шыққан бір әйел,  аяқ астынан борасын көтеріліп, көшенің қарсы  бетіндегі үйінен адасып, айдалаға шығып кетіп, үсіп өліпті. Мүрдесін жұрт боран басылғасын  жапан түзден  зорға тауып алыпты.

         Алты ай  қыс аждаһадай  дігірлеп, сақылдаған сары аяз буып тұратын  Сарыарқаның  ала бөтен  ауа райын  айтып  келе жатқан Өзағаңа  тұсымыздан өтіп  бара жатқан  біреу айнадан қолын көтеріп: «Қонақтарының жіліншік майы қатып,  тізелері қалтырап  тоңып қалмай тұрғанда  мұражайыңа жеткізіп алмайсың ба? Айтатын әңгіме  сонда да, табылар!» - деп қарқылдап күлді. Жаңа салынған  мұражайдың  ақтарар сыры, расында да көп екен. Соны егжей – тегжейлі  бажайлай баяндап  Өзағаңның да,  аузымыздан су аққанша құмарта тыңдап,  біздің де айызымыз әбден қанып қалды.

         Сыртқа шығып келе жатқынымызда манағы  бір таныс дауыс қайта естілді. «Өзағаң  тағы бір әлқиссасын  бастамай тұрғанда,  аман-есен мейманханаларыңа жетіп алыңдар. Күн қызылға батты. Аяз тағы ұшынғалы тұр. Үсіп кетіп жүрерсіңдер!».

Бейтаныс әзілкеш  аршындай басып, көше бойлап кетіп бара жатты. Өзбекәлі аға соңынан қолын бұлғап,  салғырттау езу тартты: «Қаратай  Тұрысов қой. Қалжыңдамаса басы ауырады».

         Аппақ қарды  сықырлата басып, сақылдай күліп бара жатқан сол бір көңілді адам көз алдымда мықтап  орнығып қалыпты. Араға бірер жыл салып,  Арқалыққа қайта бардым. Аудандық  партия  конференциялары жүріп жатқан. Мен облатком басшысымен бірге  Жаңадала ауданына  жол шегетін болдым. Көлікте отырып жатқанда,  көк желкемнен саңқ ете қалған  баяғы дауысты бірден таныдым. « Жаңадалада жазушы көретіндей не бар?!  Менімен бірге Торғайға  жібергендеріңде болатын еді. Барғанша-келгенше екеуміз талай гәпті көйітетін едік», деп ақсая  күліп,  аршындай басып, қасыма келіп, құшырлана қол қысқан құндыз бөріктің  астынан  дүрдиіп көрінген  қалың қасты кісімен асығыс амандасып, жолға аттандық. Асфальт  бойымен батысқа заулаған екі мәшиненің біреуі алған  бағытымен  көкжиектен  әрі асып кетті де, біз бір қапталға бұрылдық.

         Арада тағы да жалдар өтті. Қайта құрудың жаңадан қарқын алып келе жатқан кезі. Мәдениет министрінің орынбасары болып жүрген Өзағаң қызмет ауыстырып, оның орына  мен бардым. Алматыда жаңа Орталық мұражай, жаңа Орталық  концерт залын салып,  мұрынымыздан шаншылып жатырмыз. Мәскеуден  күн сайын тексерушілер келіп, қызыл төмпештің астына алды. Кезекті партия  съезінің  қарсаңында  жаңа  мұражайды жасақтап бітірдік. Жан-жақтан келетін делегаттарға көрсетпекпіз. Бірінші болып Димаш Ахметұлы Қонаев өзі келіп көрді. Қасында - сол кездегі басшылық серіктері. Шетінен елуге әлі тола қоймаған, қылыштың жүзіндей қылшылдап тұрған жас жігіттер. Экускурсияны  мұражай директоры Райхан Ескендірқызы Қосмамбетова жүргізді. Мәдениет министрі Жексембек Еркімбаевпен  мен  Райхан мен Димекеңді ілгері оздырып,  оларға ілескен сол дүрмектің соңын  алып, оңаша келеміз. Димекең  әр экспонаттың  қасында асықпай  аялдап, бәрін көріп, бәрін сұрастырып қояды. Соңынан ерген серіктері оқтын-оқтын оқшауланып, өзара сөйлесіп, иықтарын  селкілдетіп, күлісіп алды. Бәрінің құлағы   - сықиған  шымқай көк костюм киіп, соған өңдес галстук тағып, енді-енді қырау  шала бастаған бұйра шашын бұрқырата қайырып, күміс қынапты  қанжардай көз қарықтыра жарқырап,  жалт-жұлт күліп, лапылдай  сөйлеп келе жатқан әдемі қара торы кісіде. Сыртынан танып келемін. Баяғы Арқалықта  кездесетін  әзілқой Қаратай Тұрысов. Оқтын-оқтын Димекеңе  әңгіме айтып тұрған Райханның сөзіне араласып, қалжың қыстырып қояды. Бәрі де орнымен, бәрі де жарасымды.

 Жексембек Еркімбекұлы екеуміз біреу-міреуі бірдеңемізді ұнатпай, ескерту айтып тастар ма  екен деп, үнсіз құлақ түріп келеміз.

 Үш қабатты түгел аралап, кіре беріс атриумға қайта оралдық. Димекең сол араға тоқтап, Райханның сыбырлай айтқан бір әңгімесіне екі иығын селкілдетіп күліп, бәрімізді қасына шақырды. Сосын беттерімізге қарап жымиып: «Мына  Райхан Ескендірқызы айтады. Музей біткенше Әбіш Кекілбайұлы ертелі-кеш осыннан шықпапты. Кейде тіпті түнеп қалып жүріпті. Ал Жексенбек Еркінбекұлы оқта-текте соғып, кетіп тұрыпты», - деді. Димекеңнің әңгімені әдейі қалжыңға бұрып тұрғанын түсінсе де, министр бірдеңе ойлап қалып жүре ме деп қысылды ма, Райханның  екі беті ду қызарып кетті. Соны аңғарған Жексенбек Еркімбекұлы іргелі ұмсынып: «Димаш Ахметұлы, Райхан рас айтады. Музей біткенше Әбіштің әбден табанынан таусылғаны рас», - деді. Жекенің бұл жауабына разы болды ма,  әлде мұражай шынында ұнады ма, Димекең жадырай күліп,  құтты болсын айтып, қолдарымызды қысып есікке беттеді. Қалың топтың ішінен Қаракең сәл кідіріп, менің иығымнан қақты: «Бастығың молодец жігіт екен. Ақсақалдың әлгі әзіліне апшымай, жақсы жауап берді», - деді.  Бұрын-соңды тіл қатысып көрмеген бейтаныс адамның бәрін дәл байқап айтқан бұл  лебізі төбемді көкке жеткізгендей болды. Сол бір қиын шаруа тұсында бұрын айналысып көрмеген, тосын мәселелермен шұғылдануға мәжбүр болған тәжірибесіз маған жанашырлығымен, ақыл-көмегін аямаған ақкөңіл де кең пейіл басшымның үлкен кісілгін дөп басып бағалай білген Қаракеңе әбен разы болып қалдым. Көргенділік деген көрегенділік дегенде осындай болатын шығар. Осыдан былай оның өзі түгіл суреті де  көзіме ыстық болып көрінетінді шығарды.

         Содан Мәскеуге қызметке кеткен Қаракең егемендік алар тұста елге оралып,  Үкімет басшыларының бірі болды. Балаң  демократиямыздың әбден арындап тұрған кезі. Парламентке келіп, баяндама жасап, жан-жақтан жаңбырша жауған қара нөпір сауалдарға жауап беруге екінің бірі тәуекел ете алмайды. Парламент  мінбесіне абыржымай шығып, апшымай  түсе алатын Үкімет мүшелері некен-саяқ. Сол некен-саяқ екеу болса, бірі, біреу болса өзі – Қаратай Тұрысов еді.

         Кеңес кезінің өзінде-ақ экспедиция, өндіріс, аудан, қала, облыс, республика басқарысып, одақтық деңгейдегі ірі басшыға  дейін өсіп, халықаралық ауқымда танылып, әбден ысылған кәнігі қайраткер жұрт сұрақ қойған сайын  айдындана түсетін.

Тіпті болмай бара жатса, қалжыңға басып, қарқылдап тұрып күліп алатын. Сол-ақ екен, «қап, бәлем» деп, бар тырнағын бүріп, қаршығадай төнгелі отырған қай қатігез депутаттың да арқасының қалай кеңіп, ашуының қалай тарқап кеткенін өзі де білмей қалатын.

          Егемендігіміздің тұсау кесер тұсындағы айтулы  шақырылымдардың азулары алты қарыс шешендері экономика тақырыбында Үкіметтен Қаратай Тұрысов,  Парламенттен Сауық  Тәкежанов көсіле сөйлеп қоя бергенде, аяқтарын тартып, айылдарын жиып ала қоятын. Кейін Қаракең депутаттар қосынына бір жола  көшіп алған тұста Үкімет мүшелері Парламент  табалдырығынан именіп аттайтын болды. Қаратай Тұрысұлы аңғарып отыр ғой , - деп қобалжитындары айқын байқалып тұратын.

         Алғашқы кәсіби мәжіліске  сайланған іні-қарындастарымыз араларындағы жастары үлкен үшеуімізді: академик Өмірбек Жолдасбековті – ғылым-білім, Қаратай Тұрсовты - экономика – қаржы, мені – сыртқы істер және  қорғаныс комитетіне  төраға етіп қойды. Бұл бұрын сырттай сыйласып жүретін үшеуімізді бұрынғыдан да бетер табыстырып жіберді. Өмекең мен Қаракең  менен  гөрі «ақсақал атанған»  тәжірбиелері көптеу, тісқақандау.

         Қаратай Тұрысұлы да ұлт үшін туған сабаздардың сойынан еді. Ол мені көрген сайын сөйлеспей ұғысып, арқамнан қаққан ыстық алақанымен, қолтығымнан құшырлана қысқан қуатты білегімен, қарқылдап күле отырып айтқан қалжыңымен сабырға шақырып, жігерімді қайрап, көңілімді демеп отырғандай көрінетін. Жан баласын жамандамай,  «тұқымын көбейгір» деп бастайтын салиқалы әңгімесі талайға көмек болып дарып, шапағат болып жұғып жататын-ды. Талайлар жақсылығын көрген қайырымды  Қаракеңді әлі талай жан тамсана аузына алар.

         Осындай бес-алты жыл бұрын бір қыста Тараз қаласының өзені бойындағы қонақжайда бірге түнедік. Қыс кезі. Ай жарық. Тыржалаңаш сұрғылт сида бұтақтары тырбия самсаған қалың  тоғайды қақ тіле ағып жатқан тау өзенін жағалап, серуендеп жүрміз. Өзенің арғы бетіндегі қалың  жыныстың біресе ана тұсынан, біресе мына тұсынан әлдебір дыбыс шығады. Кейде әлденешеуі жарыса қиқылдасады. Көпке дейі ұға алмай қойдым. Біраздан  соң түсіндім. Бала кезімде иесіз таудың етегіндегі оңаша қыстауда түн сайын естіген қорқынышты дауысым. Шибөрінің дауысы. Дәл осылай біріне-бірі ұласып, жарыса ұлитын.  «Бөрінің артындай шулайды деген осы болады», дейтін үлкендер.


Менің құлағымның неге елеңдеп  келе жатқанын байқаған Қаракең: «Бұл - біздің жастайымыздан тыңдап өскен дауысымыз. Менің туған ауылым осы тоғайдың тау жақ шетінде. Кеш болды-ақ, тоғай бетке аттап шыға алмайтынбыз», - деп бала кезінен әңгіме бастады. Ауылдағы қара шаруаның тілік өкше баласы  Тараз интернатында жатып қалай оқығандарын  майын тамыза әңгімелеп кетті. Бірер жас үлкендігі бар Шерхан Мұртаза досымен сонда танысыпты. Сонда орта мектепті бірге бітіріп,  Мәскеуге оқуға бірге аттаныпты. Бұл жайында  Шерағаңның «Ай мен Айшасы» бажайлай баяндайды.

         Қазақ даласына бір зобалаңнан  соң бір зобалаң тап болып, айрықша қысастықтан  көз аша  алмаған қытымыр заманда дүниеге келіп, көз ашқан осы бір ұрпақ қандай қайсар еді? Аштықтың орынын арманмен, жоқтықтың орынын таудай талаппен, жетімдіктің орынын жасымас жігермен толтырып, ошақтың орындағы сояудай айбынын жықпай, айылын жимай аңдыздап өсе берген. Өрт жіберсеңде, желегін жалынға күйдіргенмен, өзегіне от дарытпай, қайтадан өніп, қайтадан өрбіген, алшындай азуға іліксе де, ажалға бой алдырмаған. Соның арқасында от алған орман қайта көгеріп, қураған тақыр қайта құлпырған. Өздері туғанда өртеңге шалдыққан айтулы ұрпақтың орынын басып,  ізін жалғастырып,  тұяқтың орынына тұяқ  болып қосылып, толымды өтеу бола алған. Абыройлы ұрпақ. Өз бақытын өзі сомдаған жасампаз ұрпақ. Ұлттық намысымыздың  жығылмас туындай тәкаппар ұрпақ.

         Соның арқасында қазақ баласы  қалған адамзаттың  қолынан не келсе, соның бәріне жетілді. Қазақ даласы қалған дүниеде  не болса,  соның бәріне ие болды. Сөйтіп, бір кездегі кеткен есе қайтып, ұтылған ұпай қайта түгелденгендей еді.

         Күні кеше ғана ортамызда жүрген  Қаракеңдер,  ойлап қарасаң,  баяғыдағы Абай аңсаған өзгелермен тең болуды толығымен жүзеге  асырып, одан бергі Әлихан  мен  Ахмет аңсаған іргелі ел болуды да шындыққа айналдыруға жан аямай атсалысып  үлгеріпті. Қазақ елінде өркенитті  экономика орнығып, осы заманғы мемлекет  қалыптсауының басы-қасында болды. Жаңарып жатқан өскелең қауымымыздың егдесіне аға, жеткіншегіне ата болатындай абыройға ие болды. Қабырғалы қайраткер, тарлан ғалым, ұлағатты ұстаз болып төл  тарихымыздың төріне шыға алды.

 Бұл жайында бүгін орнын сипап  қалып отырғанда кешігіп айтпай, өзінің көзі барында өз құлағынан етитіндей  қылып уақытылы айтып үлгергеніміз қандай абырой болған! Осыдан дәл бір жыл бұрын бір дәл осындай қырау қабақ қыстың күні аяқ астынан телефон шылдыр ете қалды. Көтерсем - Қаракеңнің дауысы. Алдында ауруханада жатқанын білетінмін. Содан хабарласып тұр ма деп, жағдай сұрадым. «Мен үйге  келдім. Ақпанның екісі - туған күнім ғой. Жетпісімді жұртты театрға жинап, желпілдеп жүрмейін деп, өзіміздің Парламентке өткізуге бел будым. Ресми емес, достық жиын етіп өткізгенді жөн көріп отырмын. Соны өзің ашып, өзің жүргізең қайтеді?» - деді. Аға сенім  көрсетіп отырса, іні сылтау айтып абырой таба ма?! Келістім.

 Кеш ойлағандай өтті. Үлкенді-кіші, дос-жаран  ырду-дырду жасап, дарақыланып кетпей, сыпайы сөйлеп, сырбаз күліп отырып-ақ ағымен  ақтарылды. Үлкен ағалық ғұмырдың  анық бағасы күлбілтеленбей, ашып айтылды.

Қаракең  халқына қатты риза болып, ерекше жадырап отырды.  Бір жағынан, өзі қайта-қайта  оташының  пышағына түсіп, екінші жағынан, ерекше сүйетін  перезпентінен  қапыда айырылып, ойсыратар соққыдан  опырылып кетер ме екен деп  жүрген ағамыз қайтадан шаршысына толып,  шабытына мініп, шалқып отырғандай көрінді. Бірер ай оған қарап, біз де желпініп жүрдік. Бірақ .... бұрынғы  ширатылып,  жататын бұйра  толқын тентек шаш тым жуасып, шымқай ақ үлпілдек түбітке айналды. Айдын төріндегі ақ шағаланың қанатындай қайшыланып біткен қайсар  қас суға түсіп кеткен  шөженің балаң  жүніндей үрпе-түрпе дудырып тұратынды шығарды. Әдеміділік пен сұлулықты қырғидай іліп түсетін қырағы  жанар кілегейленіп  кілгіре қарайтынды көбейтті. Аршындай жүйіткен Түріксіб локомотивінің  түтіндей будақтап  тұратын сояудай сойқан  шылымы бір езуінен бүктетіле қылтиып, тартпайтын пештей бет-ауызын көлегейлеп бықсып тұратынды  жиілетті. Кейінгі жылдары тап болған кесірлі кесел қияңқылығын асырып бақты.

         Өткен жаздың қақ ортасында естімегір құлағымыз естімейтін хабарды естіді. Кірпігін өз қолыңмен жаппағасын адам қай жайсаңын өлімге қиюшы еді?! Кеңсайдың басындағы азалы  жиында айтқанымдай, ол маған мынау арызымы кетіп бара жатқан арзан дүниеден жалығып,  ежелгі кәсібіне қайта кірісіп, қолына геолог балғасын ұстап, жас кезінде жаяу кезген Балқаш маңының ба, Орталық Қазақстанның ба, тіпті Теріскей Қаратау мен Талас Алатауының ба - әйтеуір бір алыс маршрутына шығып кетіп, әлі оралмай жатқандай. Жаңа кеніш табылған бір  құт шоқының  басында алыстағы біздерді сыртымыздан шолып, қасқая қарап тұрғандай көрінеді.

         Ризадар халқың мен көзіңді көре қалған көп дос-жараныңның қимас көңілдің көк төрінде сол маңғаз қалпыңда маңқия қарап мәңгі тұра бер, Қаратай аға!

Еңбегімен елінің құрметіне бөленген қайраткер

 

Қадірлі аға

Оралбай   Әбдікәрімов

Мемлекет  және қоғам қайраткері

         Уақыт қандай жүйрік. Жаны жайсаң аға, жұртымызға кеңінен танымал мемлекет және қоғам қайраткері  Қаратай Тұрысов – Қарекеңнің  де өмірден озғанына біраз болып қалыпты-ау. Енді  осы бір жүзінен  шуақ төгіліп,  көрген жерде көпшілігі мен көрегенділігін танытудан бір жазбайтын, аңқылдақ көңіл асыл аға арамызда жоқ.

Ол туралы өткен шақпен айту қандай қиын болса, Қаракең  туралы естелік айту  соншалықты  жауапты. Жауапты болатынын аға алдындағы інілік ізет пен кішіпейіл ілтипаты енді ол кісінің тіке өзіне білдіре алмайтынын көңіліңді толқытып, санаңды сағынышқа бөлейді. Жылжыған жылдар мен өткен күндер еріксіз еске түсіп, көп жай көз алдыңа келеді...

         Мен Қаракең туралы бірінші рет Қарқаралыда естідім. Бұл жетпісінші жылдардың ортасы болатын. Ол кісі елуінші жылдары институт бітіріп,  жас маман  ретінде осында келіп,  қызмет жасаған екен. Елге танылып, халыққа белгілі болған тұсы осы өңірден пікір білдіріп, оның адамдық, азаматтық қасиеттерін  санамалап, қадірлеп айтатынына куә болдым. Жақсыдан із қалады деген осы болар.

          Қаракең Қаражал қалалық  партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезең сол өңірдің өрлеу, өсу кезеңі. Ол жаңа қаланың негзін салуға қатысты, оның іргетасын бекітті, экономикалық және әлеуметтік – тұрмыстық даму мүмкіндігін  жаңа сатыға көтерді. Халықпен қоян-қолтық араласып,  жұрттың жүрегіне жол таба білді. Ол кісі қызметтің күшіне салмай, азаматтықтың ісіне  салып жұмыс жасады. Қандай қиын түйін болса да,  оның шешілу нүктесін тауып, кездескен кедергілерден табысты өте білді. Бұл оның  басшылық қабілеті мен ұйымдастырушылық шеберлігінің зор екенін көрсетті.

         Қаракеңнің өмірбаяны  Қарағанды өңірімен тығыз байланысты. Ол осы жерлерде өсіп-жетілді, өмірдің үлкен мектебінен өтті. Адал еңбегі  мен парасатының арқасында халыққа танымал болды.    

      Мен 1985 жылы  қызмет бабына байланысты Алматыға ауыстым. Қаракең ол кезде  Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің  хатшысы болып істейтін. Кейін ағамыз  Мәскеуден көшіп келгеннен соң отбасымен  құдайы көрші болдық. Қарым-қатынасымыз осы кезде тереңдей түсті.

         Жақсылардың досында есеп болмас дегендей, ол кісінің осынау тірлікте досы көп болды. «Досыңа достық қарыз – іс»  деп аталарымыз айтқан асыл қағиданың бір парасын  мен осы кісіден көрдім. Көп нәрсені көңілге түйдім, көп жағдайларға куә болдым. Бәрінде де Қаракең  өзіне тән  күлкісімен, өзіне тән мінезімен, өзіне тән көзқарасымен  көрініп, азаматтығын асқақтатып ұстай білді.

         Дәм-тұзымыз араласып, талай жыл көрші болғанда мен ол кісінің тарапынан біреуге орынсыз ренжігенін немесе біреуге орынсыз тиіскенін көрген емеспін. Қашан да  сабырлы, қашанда іскер қалпында алысқа тартқан арналы өзіндей болып, келер күндеріне баяу жылжып бара жатты. Асығып, аптыққан жоқ, шала бүлініп, шаршаған жоқ,  өмірге пәлсапалық көзбен қарап, дала мінезді қазақтың қазыналы  қарты болып өмірден озды. Жан-жағына орынсыз  салмақ салмай, жақсы қартайып, мына ғұмырдан адамдар арасындағы абзал қасиеттердің орнымен көрінуіне мысал болғандай болып өтті.

        Осы қатар жүрген қымбат жылдарымды еске алғанда, мен оның қазақ баласын руға, жүзге, елге бөлмейтін ерекше мінезін баса айта кеткен орынды деп ойлаймын. Мұндай ағалар бізге осындай жақсы қасиеттерімен қымбат. Әсіресе, жастарды жақтырмай, жанына тартып, жүзін сұрамай қамқорлыққа алып, руын сұрамай қасына ертіп, баулып, үлкен лауазымды қызметкерге әкелгенін талай рет көрдім. Сол қамқорлыққа алған адамдарының көбі оның сенімін ақтап, күні бүгінде еліміздің игілігі мен өркендеуі жолында жемісті жұмыстар атқарып жүр.

        Қаракең талай жыл Торғайда қызмет атқарды, Қаражал, Жаңаарқа жерлерінде өшпес іздері қалды. Кете-кетенше «Мынау Торғайдың  немесе Жаңаарқаның  жақсы баласы» еді деп талай жастарды жетелеп жүргенін көзім көрді. Бұл деген асыл азаматтың жарқын көрінісі емес пе? Жақсылығы бір басынан артылмайтын жандардан іргесі аулақ, қашанда ізгілік пен шапағаттың жолынан жаңылмай табылатын өз Қаракеңнің жақсы қасиеттерін тауысып айту мүмкін емес...

         Тәуелсіздігіміздің   туын  көтерген кейінгі жылдарда қазақ елінің  жаңа Астанасына бірге қоныс аудардық, ел Парламентінде қатар қызмет істедік. Ол кісі экономиканы терең талап білетін, осы саланың дерегі мен дәйегін барынша саралай алатын, тұжырымдары мен ұсыныстары өтімді де өткір жоғары кәсіби маман болатын. Ел дамуының іргетасын қалаған, Парламентте қабылданған сол заңдардың бәрінде дерлік  аяулы ағамыздың  айшықты қолтаңбасы  бар. Ол кісі еліміздің  экономикалық реформаларын жасауда, нарықтық қатынастарға көшуінде көп еңбек сіңірді.

        Жақсы ағаның жарастырушылық қасиеті де үлкен болатын. Кей-кейде депутаттар арасында болып жататын кикілжіңді жағдай немесе бір түсініспеушілік болса,  Қаракең өзіне тән күлкісімен, өзіне тән әзіл-қалжыңымен оларды жарастырып, татуластырып, ортақ іске зиян тимейтіндей ахуалды  бірден қалпына келтіре алатын. Бұл да оның өзіне тән абзал қасиеті еді. Сондай бір сәттен кейін  оның ақшулан тартқан бурыл бұйра шашы қолындағы шылымның буалдыр түтінімен астасып, ойлы қалпын одан әрі абзалдандыра түсетін.

        Ер мінезді  еді. Өмірінің соңғы жылдарында сырқаттанып, біршама қиналды. Және ол қиындық қара ниет қаскөйлердің қолынан қапылыста қаза тапқан ұлы мен келінінің қайғысына тұспа-тұс келген кезінде  де ол қайғының  қара жүгін азаматтық  иығымен көтере білді. Әскергүл жеңгеміз екеуі жұптары жазылмай, сыртқа сыр бермей, жадап-жүдемей, басқа түскенді лайықты көрді. Бұл ретте ағаның қайсарлығы мен азаматтығы талай жандарға үлгі-өнеге болғандай.

        Ұлы Абайда «Жайнаған туың жығылмай, жақсы өліпсің япырмай» деген ғаламат  өлең жолы бар ғой. Өзінің өмірімен ғана емес, өлімімен де көпке үлгі тастап,  саналыға сабақ қалдыратын осындай  саңылақтарымыздың қатарында менің Қаратай ағам да бар.

        Жаныңыз жанатта болғай жан аға....

 

 

Жарқын  бейнесі  елдің  есінде

Қуаныш Сұлтанов

Мемлекет және қоғам қайраткері

           Біздің санамызда бір таңғаралық ұғым қалыптасқан. Адамдар  басқа адамдар туралы жақсы ой, пікір, сөз айтарда, не екенін қайдам, оны табиғат жаратылысының ең керемет құбылыстарына, жан-жануарға құстарға теңейді. «Айым», «күнім»,  «жұлдызым» деп балаларын еміренсе,  «биік бәйтеректей», «алып емендей», «сұлу қарағайдай», «қырандай», «сұңқардай», «тұлпардай» деп қоғамның  озық ойлы, жағымды мінезді, еңбегі ерен азаматтарын айтып жүреді. Кейде жігіттің алғырлығын дәлелдеу үшін «ол қасқыр» деп те түйіндейтініміз бар. Қыз баланың әдемілігін  «таранған аққудай», әнші болса «бұлбұлдай» деп шаттанамыз.  Мұның барлығы да рухани ой-өрісіміздің байлығы болар. Және бұл ғасырлар қойнауынан келе жатқан  бейнелеу  түйсігіміздің жақсы дәстүрі екені де анық. Одан   ұтылып жатқанымыз жоқ. Керісінше, адамның рухы биіктеп, көңілі ашылады.

           Қаратай  Тұрысов  ағамызбен сыйласып,  араласып  жүрген  шағымызда бірде:

  • Қареке, осы сіздің атыңызды неге, «Қаратай» қойды екен, «Бұрылтай» емес, «Шұбартай» емес, - деп әзіл араластыра сұрағанымызды жарықтық  Қаракең, әдеттегідей өзіне тән оқыс тапқырлығымен:
  • Өй, тұқымың өскірлер, қазақ болғандарыңа болайын,  көз алдарына жылқыдан басқа ой келмейді. «Қарайып, аман жүрсінші» деген ата-ананың тілегі емес пе?! Сендер ойлағандай тай да,  тұлпар  да емеспін.  Обыкновенный Қаратай Тұрсыновпын, - деген.
  • Тұлпар болмағаныңыз мынау болса, екінің бірі жетпеген биікке сіз жеттіңіз -  деп біз де «беріспей» жатырмыз.

          Бұл  1990 жылдың  күзі еді. Қаркең ол кезде Мәскеу  қаласында төрт жылға жуық тұрып,  Бүкілодақтық  кәсіподақтары  Орталық Кеңсінің  абыройлы хатшысы болып,  елге оралып,  Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметін атқарып   жүрген. Мәскеудегі сол кездегі жоғары лауазымды қызметке дейін де Қаратай  Тұраровтың     саяси,  мемлекеттік   қайраткерлігі  Қазақстан жұртшылығына таныс.

        Әрине, бүгінгі бізді тәелсіздік жағдайымызда қазіргі  дүниетаным,  сана  тұрғысында Мәскеудегі қызмет, мансап та,  лауазым да  таң  емес.  Ал  сол   Кеңес  одағының  дәуірлеп,  барлық билік   мәселесі   Мәскеуде шешіліп  тұрған шағында орталық билік  құзырларының қай-қайсысында болса да  қазақ   азаматтарының лауазымды қызметке алынуы ерекше   мәртебе  еді,   айрықша   оқиға   еді.    Қазақстан  қоғамында   одақтық  ауқымда   қызметке  алынған  бауырластарымыздың   қай-қайсысын да  ел  сыртынан   біліп,  мақтаныш тұтып  жүретін. Сондай адамдардың  бірі - ұзақ жыл СОКП орталық  комитетінде  қызымет істеген  ақын ағамыз  Кәкімбек  Салықов  болды.  Кәкімбек ағамыз  Мәскеуге дейін  Жезқазған  өңірінде тау-кен  инженерінен  сол облыстың   партия  комитетінің  екінші   хатшылығы    дәрежесіне   дейін  көтерілген.   Комсомолдың  орталық  комитетінде  сол   кезде өрімдей жастар -   Мұхаметқасым  Шәкенов,   Оңалбек   Сәпиев  қызмет  етті.   Қазақ  жұртшылығы   сол  кезеңде   Кеңес   дипломаттарының қатарында Төтенше  және  өкілетті елші лауазымын   иемденген Мәлік Фазыловты КСРО темір жолы  министрінің   орынбасары  Нығыметжан  Исинғариннің есімдерін мақтаныш тұтатын. Әртүрлі  министрліктер  апараттарында    бірен-сараң  ғана жігіттер жүреді.

        Сонау  жиырмасыншы   ғасырдың   20-30  жылдары   РСФСР  үкіметі   басшысының  орынбасары  болған  Тұрар  Рысқұловтан  кейін  одақтық   дәрежеде   ірі  қызметке 1986  жылы  көтерілген  осы  Қаратай  Тұрысов  болатын. Қаракең  ол қызметке бармас  бұрын  үлкен  өмір  мектебінен  өтті.  1955 жылы  Мәскеудің  геологиялық  партияның  жетекшісі  де болып,  сол кезде  одақтың   өнеркәсіп  өндірістік  маңызға ие болып, қанатын жая бастаған аудан,  қала   басшылығы   дәрежесінде   де  жемісті  еңбек  етті.  Заңғар  ғалым   Қаныш Сәтпаевқа еліктеп,  ұлы дала  инженері болуға талпынды.    Күн жүрді,   түн  жүрді.  Даланың   шексіз   байлығын   зерттеуге   ынтығып,   құпия    сырына  үңілді.   Даланың  құдіретіне  сыйынды,  үнін естіді, тынысын, демін сезінді. «Аспан айналып,  жерге  түсер»  аптап  ыстықты  да, дала мен қыратты айқастырған   қара дауылды   да   көзімен  көріп,   басынан  өтізді.   Ақшатау, Қаражал, Қарағайлы   рудниктерінің  кенін қазып,  қабырғасын көтеріскен, кен байыту  фабрикаларын  тұрғызған   алдыңғы   толқын   ағалардың    бел  ортасында    жүрді. Үйренді.  Үйретті.  Оның  біліктілік,  әділдік,   адалдақ,  жұмыскерлік,   табандылық   қасиеттері   жиырма  тоғыз  жасында  аудан,  қала  басшылығына,  лауазымды  қызметке көтереді.

        Қаракең  ұзақ   жылдар  өтсе  де,  кейін  қандай   жоғары  лауазымды  қызмет  атқарып  жүрсе де   өзінің  еңбекке  араласқан,  арман  қуған  жас маман  шағын,   Арқа  өңірінің ел-жұртын  ерекше  ыждаһатпен  еске  алып,  «бүйрегі  бұрып»  отыратын. Сол кездегі  сыйласқан,  араласқан  достарымен  өмір бойы  қарым-қатынаста сақтап, жас кезіндегідей  есепсіз  сезімін тұрақтандырып жүруі - Қаракеңнің  адами  қасиеттерінің  айшықты  белгісі  еді.

        Жастайынан  ел бақаруға  араласқан    адам  көп  бола  бермейді. Дегенмен  аз да  емес.  Жаратылыстан  ішкі  мәдениеті  сезімтал  жандар  әдетте мұндай  өмір  мектебінен  өзі  үйрену  мүмкіндігін  жібермеуге тырысады.

        Ыстық,  суықтан  суарылған  болаттай  болып  шығады. Ақылына  ақыл  қосады. Ширақ  есейеді. Тұрысов  осындай  келелі, келісті топқа  жататын. Ал енді бәз  біреулері  мансаптың  үстемдігін   сезінісімен-ақ  артына , төңірегіне  менсінбей қарап «өсетіндері» де бар. Ондайлар әдетте өзінен  басқа біреу,  әсіресе  өзіне «бағыныштылар», өзінен қызметі    төмендер, бірнәрсе  біледі екен деп, ойламайды да. Менменшіл. Есесіне  лауазымы өзінен  жоғары   адамның  алдында  бөгелек  қағады.  Ол  не айтса  да  бас  шұлғып  келісе   кетеді.   «Бастыққа»  өзінің  пікірін айта   алмайды. Кейде  айтқысы  келмейді.   Яғни,  мәселенің  немесе  әділ  шешімнің   мүддесі  емес,  жағу,    жағынудың   мүддесі алға  шығады.  Осындайларды  көреді  де  қалың  ел  лауазымды  қызметтегі   шенеуліктерден  безініп,  бойын  аулақ ұстайды.  Оларға көп жағдайда сенімсіздікпен қарайды. Қызығы  -   жалпы биліктегі  адамдарды  іштей жақтырмайды,  сөйте тұра   олармен  жақын  болуды  теріс  көрмейді,  тіпті  соған  талпынады да,  өзі де сол лауазымдыққа  ұмтылып  жүретіні де  құпия   емес.  Лауазымды,  әрі басшы адамға   сырт қөз сыншы. Кез-келген  адамның ішкі сырын білу  мүмкін  болмағанымен,   белсенді,  беделді  қызметтегі адамдардың қас-қабағы, жүріс тұрысынан, адамдармен   сөйлесуінен де  көп  нәрсе байқалатынын  лауазымды   қызметтегілердің   көбі ескере  бермейді. Кейбір  мансапты адамдар өзінің кеше қатар  жүрген  ортасына  жоғарыдан,  тым  ресмиленіп  қарайды.  «Ішкі өзгерісін»  білімін  өзгертуден емес,  «жоғары»  «төменге» көзқарасын   өзгертуден  бастайды. Қызметі неғұрлым  өскен сайын,  әлдекімдердің  сөмкесін  көтеріп,  елпектеп шәйін  құйып  жүрген кешегі  күнін  тезірек ұмытуға  тырысып, кісімсініп,  халық  өмірінен алшақтай  береді.

        Қаратай  Тұрысов   сондай  ерте  өсуінен есірмеген,  керісінше, есейген  азамат  екенін  бүкіл  өмірі  мен  еңбегі  дәлелдеді.

        Сондықтан  да оның жарқын  бейнесі  елдің  есінде, көптің  көкірегінде  Қаратай Тұрысовты  әріптестері, қызыметтестері,  көпшілік қауым  лайсандықтан  тазалығы  үшін  жақсы  көретін. Оның шынайлығын, табиғилықтан  бағалайтын.  Қарекең жігер мен ізденіске толы жастық   кезеңінде Қазақстанның ең күрделі өңірлерінде қызмет  етті.

        1984 жылдың  көктемінде   республика  жоғары басшылығында   үлкен  өзгерістер  болды.  Сол  жылдың  наурыз, сәуір  айларында  Нұрсұлтан  Назарбаев   өнеркәсіп  жөніндегі  Орталық Комитет хатшылығынан   Қазақстан  Министрлер  Кеңесінің  Төрағасы болып бекітілді де,  орынына  Қаратай  Тұрысов сайланды.  Осындай шешім, біріншіден, қоғамның  көңілінен шықты. Жұртшылық  республиканың  партия кеңес   қызыметкерлері  басшылыққа  Нұрсұлтан Назарбаев пен  Қаратай  Тұрысов  сияқты  әрі танымал,  әрі  білгір,  іскер, елге жанашыр  қайраткерлердің  келгенін   жылы қабылдады. Екіншіден,  қоғамға  оң  әсер  еткен жаңа басшылардың  жас  мөлшері  еді. Халық  Димекеңді қалтқысыз сыйлай отыра әрқашан  ол кісінің  жасының ұлғайып келе жатқанын  естен шығармайтын. Ол туралы жариялап айтып,  әңгіме қозғамағанымен  әркімнің  көкейінде  жүретін  еді. Горбачевтің  келуінен бір жыл  бұрын  Қазақстандағы саяси ахуал,  әлеуметтік жағдай, елдің көңіл-күйі бір  қалыпты,  басшылардың арасында   ұйымшылдық, бірмақсатталық  тұрақталған тұс.  Ол кезде  Дінмұхамед  Ахметұлы  Қонаев  Қазақстан  Компартиясының  бірінші хатшысы, СОКП Орталық Комитеті  Саяси  Бюросының мүшесі.  Одақ  көлемінде бедел тұғыры мықты кезі. Қазақстандағы  басшылар  Мәскеуде, Одақта біліктілігімен,  біліміділігімен беделді болатын. Одақ  басшылығында жастары ұлғайған, негізінен  жетпістен  асқан,  кейбіреуі тіпті сексеннен де  асқан  адамдар  жоғары лауазымда қызыметтер істейтін.            

        Бұл тұрғыдан келгенде   Қазақстанның  басшы  кадрларының жасы  Одақпен салыстырғанда әлде қайда ұтымды болатын. Бізде  Дінмұхамед  Ахметұлының өзі ғана  70-тен асқан шағы болды да, қалған басшылар ол кісіден  көп жас болды. Мәселен,  облыстық партия  комитеттері  хатшыларының Одақ көлеміндегі орта жасы  61 жас болғанда,  бізде 56, аудандық,  қалалық  партия комитеттерінің бірінші болды. Димекең  кезінде  облыс,  республика басшылығына  жас, жігерлі, болашаққа  мүмкіндігі мол  адамдарды көптеп   шақырды.  Еркін Әуелбеков,  Василий Демиденов, Оразбек  Қуанышев,   Кеңес  Аухадиев,  Аманолла  Рамазанов,  Сағидолла  Құбашев, Рысбек  Мырзашев -  40 жасқа  толар-толмас  шақтарында облыстарды басқарды.

        1979 жылы    39 жасында  Нұрсұлтан  Назарбаев   Қазақстан  Компартиясы  Орталық  Комитеті  өнеркәсіп  жөніндегі хатшы болып сайланды.  Бұл  жағдайға  кезінде қоғам  айрықша мән бергені  - ұзақ жылдардан бері, аталмыш қызметке қазақ ұлтының өкілі сайланбаған.

         Саясаткерлер   Нұрсұлтан  Назарбаевтың  Үкімет басына,  Қаратай Тұрысовтың  республика партия басшылығының құрамына келуін жоғары бағалады. Бұл Орталық  билік те, Мәскеу де, Қазақстан басшылығына қызығушылығын туғызды.  Екеуі де өнеркәсіп  өкілдері. Екеуі де өмірдің  үлкен мектебінен өткен. Қызыметтің төменгі сатысынан бастап барлық буындарын атқарған. Экономикалық процестерді жете біледі. Орталық  өнеркәсіптік салалық  жүйені  толық меңгерген,  Мәскеудегі Орталық   биліктен бастап   салалық  министрліктер  басшылықтарымен тығыз қарым-қатынаста. Біліктілігімен сөздерін  өткізе алады,  республиканың сан-салалы өнеркәсібінің даму  жолдарын сараптауға дайындықтары мол,   өздерін  тыңдатады. Сондықтан да ондағылар республикадағы мәселені  білетін басшылармен санасады,  әрі бағалайды.

         Сол тұста республика экономикасына  қосылған қос локомотивтей екеуі нәтижелі   еңбек  етті.  Республиканың көп салалы әлеуметтік- экономикалық  дамуына көрнекті  үлес қосып,  оның иеліктерін  халық тұрмысына пайдалануда  шешуші  ықпал  ете алған қайраткерлер болғаны  -  тарихтың  еншісінде. Қазақстанның  Орталық, Шығыс өңірлерінде тау кен, металлургия, түсті металл, электр қуаты, оңтүстігінде химия, батысында мұнай,  газ кешенді  құрылыстары өрістеп, елдің  өнеркәсіптік  келешегін қамтамасыз   етуде  нақты шаралар  жүзеге асырылды. Қаракең де кемел шағында  еді.  Сол кезге  дейінгі өңірдің  әр деңгейінде, тіршіліктің әр саласында атқарған еңбегі республика басшылығындағы лауазымды қызметке  келгенде өзіне үлкен тірек, сүйеу болды. Мол тәжірибе жауапты орында көп  күрделі мәселені  кәсібилікпен  әділ әрі тиімді шешуге мүмкіндік берді. Қаракең  кіммен болса да, тез тіл табысып,  түсінісіп кетуші еді. Осы қасиетінің арқасында қоғамға,  мемлекетке қажетті мәселелерді де тез әрі тиімді шешуге мүмкіндігі мол болатын. Хатшы кезінде қайраткерлігі мен біліктілігі еселеп артып, ешнәрсеге жалтақтамай, емін-еркін жұмыс жасады. Өзі басқарып отырған саласын дамыту үшін Мәскеудің шешуші орындарының ықыласын,  тұрақтандыра алды. Қазақстан мүддесін ұтылмастан қорғады.

  Қаракеңнің көп бастамашылдығымен  Дінмұхамел Ахметұлы, Министрлер кеңесі жағынан Нұрсұлтан Әбішұлы дер кезінде қолдау көрсетіп, екпін беріп  отырды. Партия кеңес активі алдында да Қаракеңнің беделі мықтап өсті. Қаракеңді жергілікті кәсіпорын басшылары, инженер-  техникалық  қызметкерлері іш тартып сыйлайтын, «білімді маман», адал және біздің адам деп жұмыста қолдайтын.

        СОКП Орталық комитетінің Бас хатшылығына М.Горбачев сайланған соң, әйгілі  «қайта құру» саясаты жүргізіле бастады. Әуел баста үкімет көп болды. Жаңалыққа деген құлшыныспен іске кірістік. Көп ұзамай сөз бен істің алшақтығы көбейіп,  түсініксіз  талаптар мен екіжүзді қарым-қатынастар кіре бастады. Горбачевпен оның «оң қолы», яғни  СОКП  Орталық Комитетінің екінші  хатшысы  болған  Егор Лигачевтің ұлт республикаларына, әсіресе  Қазақстанға негізсіз шүйлігуі белең алды. Әрине, әуел баста сырт  көзге ешнәрсе байқала қоймады. Олар Димекеңмен көзбе-көз кездескенде, сөйлескенде «Димаш Ахметович  сіздің  тәжірибеңіз бен абыройыңыз, беделіңіз партия тірегі, алтын қоры» деп мәймөңкелеп, аппарат арқылы «кадрлық мәселеде  ұлтшылдық басымдық алып барады»  деген ұғымды  қалыптастыруға бағыт алды. Барлық стастиканы қазбалап, «коммунистердің арасында  қазақтардың үлес салмағы  соңғы он жылда  екі есе артып,  партияның басшы қызметкерлері арасында да  осы тенденция өрістеп келеді» деген сияқты  түртпектеулерін күн өткен сайын көбейте берді. 1985 жылдың соңына  қарай,  бұрын болмаған ауқымды Мәскеуге  түскен арыз- шағым тасқыны көбейді.Сол арыздардардың тоқсан пайызын кімнің жазғаны белгісіз, «домалақ арыз» болды. Бірақ, Орталық  сол арыз атаулының бәріне дерлік айрықша мән беріп,  қатаң тексеруге кірісті. Кейбір «ойдан шығарылған жала түріндегі  хабарламалар анықталмады», деген біздің жауаптарымызды місе тұтпай, дүниенің астаң-кестеңін шығарып қайта тексере бастады. Арыз бойынша тіпті кейде тексерместен үстінен арыз жазылған басшы қызметкерлерді де орнынан босатып, жауапқа тартылуын талап етіп жатты. Басшы кадрлар арасында өзара сенімсіздік әрекеттер тудыруға әрекеттер жасалды. Мәскеудің  «бағасымен»,  талабымен келісе қоймаған, Қазақстанда беделді абыройлы қызмет атқарып жүрген облыстардың, аудандардың бірінші хатшыларының басына бұлт үйіріліп, оларды жұмыстан  босату  қолға алынды.

         Сол кездегі, Шымкент, бүгінгі  Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері, СОКП Орталық   Комитетінің мүшесі Асанбай Асқаров, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы  СОКП Орталық  Комитетінің  мүшесі Кеңес Аухадиев қызметтерінен босатылды.

         Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің  Асанбай Асқаровты жұмыстан босатуға арналған  бюросы өтті. Оған Мәскеуден келген арнайы тексеруші топ үлкен дайындық жүргізді. Алдын ала бағыт бойынша бюра  үстінде солардың  ұсыныстарын «қолдап сөйлемеу қажет» деген емеурін білдірілгеніне қарамастан, бірнеше бюра мүшелері  А. Асқаровты  қолдап сөйледі. Солардың бірі  Қ.Тұрысов еді. Ол: «Асанбай Асқаров менің ұстазым  болған адам. Кезінде мені Мәскеуге оқуға да жіберген осы кісі. Асқаровтың  қайраткерлігін  ешкімге дәлелдеп жатудың еш қажеті жоқ. Оны Қазақстан  да, тіпті Одақ та жақсы біледі. Асқаровқа тағылып отырған  кінәлармен келісе  алмаймын. Шымкент  қаласын көріктендірсе, дендропарк, балалар теміржолын салғаны үшін қалай босатуға болады?» - деді.  Алайда Асқаров  бәрібір жұмыстан босады. Мәскеу Тұрысовтың  өзі мен позициясын жақтырмады. Ол кейін алдынан да шықты. Бірақ, Тұрысов азаматтығы мен ар алдында тазалығын сақтады.

         Ал Оңтүстік өңірді абаттандырғаны үшін сол кезде жауапқа тартылып,  жазықсыз сотталып, жапа шеккен Асанбай Асқаровтың салдырған  әлеуметтік нысандары  бүгінде халыққа қызмет етіп, ол кісінің есімін жұртымыз бүгін ерекше қастерлеп келеді. Асыл тұлғаның есімімен көшелер аталды.

         Горбачев  дәуірінде  Қазақстан Компартиясы Орталық  Комитетінде күні-түні қарбалас жұмыс істеу қалыптасты. Барлық қарма-қайшылықты  тапсырмалар мен  басқаратын ұйымдастыру  партия бөлімі арқылы жүретін. Жүйкені қажайтын қылықтар  жеткілікті болды. Сондай күндердің бірінде Орталық  Комитет хатшысы Қарекеңе келдім.

  • Мынау Мищенко не деген мылжың адам, - деп, темекісінің  түтінін  будақтатып, қажып отыр  екен.
  • Тағы не деп мылжыңдады? Анда-санда бастықтардың да басын ауыртсын  да, жалғыз мені мүжи бермей, - деп қалжыңға сүйегім келеді.
  • Шынында да Николай Федорович Мищенко  СОКП Орталық  Комитетінің  Қазақстан  секторының  меңгерушісі – өте әккі,  қазымыр, ылғи күдікпен  сөйлейтін, бетіңе елжіреп, артыңа тор құрып отыратын адам еді. Негізінен біздің  бөліммен,  тікелей бөлім бастығымен  жұмыс жасайтын. Сол жылдары ол «атына мінген»  жылдар болды. Маған күніне бес-алты  рет, қай  күндері одан  екі  ессе көп телефон соғатын. Кейде менің қызбалығымды біліп, әдейі жасай ма, шамыма тиетін сөздер айтатын, мен дауысымды көтеріп, шегімнен шығып, трубканы тастай салатынмын. Бірақ онымды ішімнен «күйіп-жанып», ешкімге айтпайтынмын. Ал ол, сол кездегі екінші хатшы, менің бастығым  Олег Семенович Миркошхинге айтатын. Әрине, бастығым мені жәйлап тәртіпке шақыратын. Жә,  ол басқа әңгіме. Мищенко  Димекеңнен басқа хатшыларға жиі телефон  соғатын. Димекеңе батпайтын. Жоғары жақтан тапсырыс болса,  Димекеңе  «өзің баянда» деп маған айтады. Ал өзі Димекеңе кіргенде  тіпті елпілдеп, басын шұлғып кететін. Бір жолы ол кісіден шыққанда алақаны су болып терлеп кеткенін байқағам. Қаракеңмен кезекті әңгімесі шығар деп ойладым. Бірақ, әншейінде көтеріле  қоймаған  ұстамды Қаракең бұл  жолы ширығып, шымырқанып отырды.

           - Өнеркәсіпте партия қатарына ылғи қазақтарды аласыңдар, партограттардың  бәрі қазақ, деп бір сағат мыжыңдады. Фактімен айтыңыз,  қай жерде қазақ басып барады, қай қазақ парторг жаман жұмыс істеп жүр, қандай протензияңыз бар?- деймін. Сөз тыңдамайды, ызыңдап, не үтір, не нүкте жоқ сөйлей береді. «Қазы жейсіңдер, қымыз ішесіңдер» дейді.  «Е, оның несі бар, сіз де келіп, жеп жүрсіз, орыстар мен беларусьтардың  (Мищенконың ұлты белорусь еді) не жейтінін айтпаймыз ғой» десем,   «қазақтар арыз жазғышсыңдар» дегені. «Анонимные жалобы  вы провоцируете и стимулируете» дедім де екеуміз шартпа-шұрт шатысып, боқтасуға дейін бардық, - деді Қаракең.

         - Бұл жағдай не боп барады өзі? Осылар тікелей  Димекеңе  тисудің жолын таппай, бүкіл Қазақстанды әр жерден түрткілеп келеді, - деді біраз үнсіздіктен  соң. – Билік мәселесі деген  әрқашан да, қиын ғой.  Ендігі кезек Қазақстанға да жақындап қалар. Республикада бірінші басшыны ауыстыру да оңай шаруа емес. Димекеңнің беделі зор. Саяси Бюро мүшесі. Әдетте бірінші  басшы  ауысқанда ол жағдай көп адамдардың тағдырына да әсер етіп жатады. Сен де оттың ішінде жүрсің. Әзірге қанатың  сау. Кадровый штаб  все от тебя зависит. Жұмыста жүрсең бәрі бір нәрсе айтады. Горбачевтің қазір лауазымы да, билігі де жетеді. Димекеңмен ашық сөйлесіп, сізге рахмет, ұзақ жыл партияға, мемлекетке еңбек сіңірдіңіз, құрметпен демалысқа шығарып салайық десе, бәрі де орынымен шешілер еді, - деп біраз сұранып тұрған проблемаларды ашып тастады.

- Көрегені, өткені, өткізгені, түйгені көп сарабдал ағаның шынайы  жанашырлығын сезінгендей болдым. Димекең кетіп,  Колбин  келгеннен кейін талай рет Қаракеңмен сырласқан әңгімелерді  еске алып,   «ойпырай, Қаракең  көреген екен-ау» - дегенім бар.

        1986 жылы Қазақстан Компартиясының  XVI съезінен соң  Қаракең Мәскеуге, Бүкілодақ  кәсіподақ  Орталық  Кеңесіне хатшылық қызметке кетті. Орталық партия комитетінде Қаракеңнің  орны үңірейіп, бір мықты жанашыр, қамқор адамға кеміп қалғандай  болды. Шынында да солай еді. Әйткенмен Қаракең Мәскеуде жүрседе де сәті  түскенде азаматтармен  хабарласып, елдің жағдайынан хабардар болып тұрады. Ол жылдар бұрынғы социализм  жүйесі тығырыққа тіреліп, әлеуметтік- экономикалық  саясат сыр беріп, бұрынғы құндылықтардың  қміршеңдігіне күмән пайда болды. Сексенінші жылдардың соңында , қоғамның саяси белсенділігі көтеріліп,  Комунстик партияның  жетекші күш екендігі  жаппай сынға алынып,  оның Конституциялық  мәртебесін жою туралы  қоғамда алапат  пікірталас басталды. Пікірталас, сонымен бірге қоғамдағы  бүкіл шешімін таппаған  әлеуметтік  мұқтаждарды  «су бетіне» лықсытып шығарады.
         Бірте-бірте  оған,  өткен  тарихта партияның  басшылығымен ұйымдастырылған  әр түрлі саяси науқандай тұсында  жіберілген солақайлықтар мен озбырлықтар,  сыңаржақты шешімдер зардабынан қоғамға,  жеке адам құқығына жасалған қиянаттар, жаппай қуғын-сүргін  нәтижесінде жапа шеккен тағдырлар қосылды. 1988-1989 жылдары  Кемерово,  Воркута шахтерлерінің ереуілі қысқа мерзімде  бұрынғы Кеңес одағының бүкіл аумағын қамтыды. Ондай ереуілге 1989 жылдың жазында Қарағанды шахтерлері де көтерілді. Шахтерлар ереуілін теміржолшылар, металлургтер, құрылысшылар да қолдады. Тіпті кейінірек  мұндай  ереуілдерге мұғалімдер мен дәрігерлер шықты. Міне, осындай  қиын кезеңде  Қаракең Бүкілодақтық кәіподақ комитетінде  өнеркәсіп саласы мен әлеуметтік проблемалармен шұғылданатын хатшы болды. Кузбас, Сахалин  кеншілері мен балықшыларының  ереуіліне барып, олармен ашық, нанымды сөйлеп, билік тарапын  тыңдатқан да осы біздің Қаракең  болды. Жұмысшылардың  мұң-мұқтаждарын  орталық билік  алдына қойып,  олардың көпшілігінің   тиімді шешілуіне мұрындық бола  алған да біздің Қаракең болды.

        Қаратай Тұрысұлы қызмет істеген қысқа мерзімде-ақ өзінің тәжірибелігімен, білікілігімен,  сауаттылығымен,  ерекше бай мінезділігімен  кез келген басшыны  жарылқап, менсіне қоймайтын  орталықтың  саяси элитасында табиғи беделге ие болды.

        Онымен орталық Комитетте де, Министрлер Кеңесінде де санасатын, жұмысты, саясатты, қоғамды білетін басшы деп мойындайтын. Сол кездегі Министрлер  Кеңесінің төрағасы Степан Шалаев Қаракеңе  айрықша  сенім артты. Қандай да даулы  мәселелерде «Қаратай  Тұрысовичтің  ойы қалай екен» деп  өзіне тірек,  әділқазы, адал әріптес көріп жүрді. Өзі де қолдады. Сол кісінің ұсынысымен Қаратай Тұрысұлы КСРО кәсіподақтарының атынан  БҰҰ бас Ассамблеясында өз сөйлеген тұңғыш қазақ болды.  Кейін, 1990  жылы Қаракеңнің атына абыройлы алғыс жариялап, «тек өз еліне қызмет көрсетіп бара жатқандықтан, амал жоқ қимастықпен» шығарып салып тұрғанын айтып еді.

        Қазақ жерінде болған әйгілі  Желтоқсан көтерілісінен кейін Колбиннің солақай, әпербақан саясатынан қиянат көріп, қуғындалған  көптеген азаматтар қорған іздеп, тым болмаса мұңымды айтайын деп Мәскеуге  барып, Қаракеңе соғып қайтушы еді. Тіпті ешқандай көмек көрсете алмаса да Қаракеңмен ол кісінің сүйікті жары Әскергүл жеңешеміздің есіктері ашық, қонақжай, дастархандары дархан,  берекелі, барған адамды жылы қарсы алып,  әңгімесін тыңдап,  ел берекелі, барған адамды жылы қарсы алып,  қадірлеп, құрметтеп шығарып салатын. Көңілі  жарым адамға осындай адамгершілік назар, ықылас - дәтке қуат, санаға міндет.  Сондай дидарласудың бір сәті маған да түсіп,  Қаракеңе  телефон соқсам, күтіп отырғандай «келе қал» дегені. СОКП Орталық  Комитетіне бұрынғы  қызыметімде Д.Қонаевтың тұсында шешілген басшы кадрлар туралы «кезекті» түсініктеме беруге шақырылғанмын. Барсам, Қаракеңнің  төрінде көптен көрмеген Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков отыр.  Өмірбек Арысланұлы - «домалақ  арызбен»  қуғындалып, партия қатарынан шығарылып, жауапқа  тартылып, жазықсыз әуре-сарсаңға  түсіп жүр еді. 1970 жылдан бастап әл-Фараби  атындағы ұлттық  университетке  ректор болып,  сол оқу орынының Одақ көлемінде  дәрежесін, білімдік, ғалымдық,  материалдық мәртебесін көтерген шымыр қайраткер, озық ғалым  осы Өмірбек Арсыланұлы Алматының сұлу төріне, Алатаудың   жайсаң етегіне  универистет  қалашығын салдырған  да Дінмұхамед  Қонаев пен  Өмірбек Жолдасбеков. Осы  жолы Мәскеуде Орталық  партия комиссиясында өзінің еш кінәсі жоқтығын дәлелдеп, партия  мүшелігін қалпына келтіріп, жеңіске жетіп отыр екен. Қаракеңнің жанында  жақсы адам үйіріліп, азаматтардың басын қосып, үндестіріп, үйлестіріп жүретін. Үшеуіміз үш түн отырып, тамаша рухани сырластық. Сол бір ұмытылмас кездесу болды.

 Қаракең  Мәскеуде жүрген шағында, орталық – биліктің қыр-сырын  іштен байқап, зерттеді. Қазақстан үшін дос жинауға тырысты.

 Қазақтың кім, қандай екенін дәлелдеп танытты. Қазақтың ұлттық  «реномесін» көтеруге еңбек етті.

         Желтоқсан көтерілісінен кейін  Мәскеудегі  көп зиялы өкілдерімен, ресми лауазымды адамдармен кездесу өткізді. Олардың көпшілігі  Қазақстандағы жағдайға атүсті  және теріс хабардар болды. Сол жолда СОКП  Орталық комитеті  басшыларының ішінде  Александр  Яковлевпен  Георгий Разумовскиймен кездесулерінде  олардың Қазақстан  туралы   оң  көзқарасын  қалыптсатыруға  тікелей ықпал етті.

 Елден Колбин кетіп,  Қазақстан Компартиясы Орталық   Комитетінің  бірінші хатшысы  болып  Нұрсұлтан Назарбаев  сайланғанда,  халық  жадырап,  елдің еңсесі көтерілді.  90-шы жылдың басында,  Нұрекең  Қаракеңді баяғысынша қазақ   мүддесі  үшін бірге қызмет етуге шақырды. Қаракең елге орлағанда екінші  тынысы   ашылғандай сезілді. Тәуелсіздікті  бірге қарсы алдық. Тәуелсіздіктің  тұңғыш қызметін Үкіметінің құрамында бірге қызыметтес, әріптес болдық. «Меншік туралы»  заңның алғашқы   жобасы Тұрысовтың басшылығымен жасалды. 1990 жылдың  желтоқсанында  Қ. Тұрысов Жоғары Кеңесте «Республиканың нарыққа көшуі» туралы баяндама жасап,   үлкен  талқылау өткізді. Тәуелсіздік жылдары құрылған жаңа экономикалық, қаржылық жүйенің  көпшілігінің  өміршеңдігі тікелей  Қаратай Тұрысовтың  біліктілігімен байланысты.

        Қаратай Таласұлы – өмір сүйгіш, не нәрсеге де мойымайтын, боркеміктенбейтін, сабырлы, жинақы,  ішкі ұстанымы мықты адам еді.  Еңбегімен елінің құрметіне бөленген азамат, оқыстан жазым болып, қанішерлердің қастандығынан жалғыз ұлы мен келінінен бір күнде аһ ұрып, өкініште қалғанда жүрегі қарс айырылып,  қайғы жұтты. Қалың ел бірге күңіренді. Соққы қаншалықты қорғасындай ауыр, зыпырандай ащы болса да бойын сабырға жеңдіріп, ұлы Нұрланның артында қалған немерелерінің тілеуін тіледі. Сырқаттан ажырамасын білгенде жары Әскергүлге, қыздарына күйеу балаларына, немерелеріне жылап езілмеуді, мейілінше қайраттанып, өмір сүруді тапсырды, амандық пен бауырмалдықты аманат  етті. 

Әзілқой, оптимст  еді. Кетерінде  де әзіл-шыны аралас әңгіме айтты. «Жасымаңдар», деді. «Ең әдемі костюмімді әзірлеңдер, мен Қонаевтың қабылдауына барамын ғой» - деді. Ересек ұрпағы бәрін түсінді. Елі қоштасып арулап соңғы сапарына аттандырды....

         Тұрысов әулетінің бас қормалы, қалғымас шырақшысы – Әскергүл Жамбайбекқызы аға мұрасын жинақтап,  атын өшірмеуге көп еңбектенді. Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен  тұрған үйіне мемориалдық ескерткіш тақта орнатылды, Тау-кен  ғылыми зерттеу иниститутына, техникалық университеті факультетіне Тұрысов есімі берілді.  «Ғибратты ғұмыр» айдарымен Жандар Кәрібайұлы және Төлен Қаупынбаевтың  «Тұлға» кітабы жарыққа шықты. Жақсы оқиға өзгерістердің ең үлкені- Қаракеңнің сүйікті немересі, Нұрланның аузынан түскендей  сүйкімді ұлы, зіңгіттей жігіт Әсет үйленіп, шаңырақ көтерді, жұрттың жылағанын тоқтатты.

«Ат тұяғын тай басар» деген бабалар сөзінің қуаты мен қасиетіне тағы да бір көз жетті.

Шыңғысхан Меирхан

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button