Жаңалық

Енді Qazmap.kz мобильдік қосымшасының көмегімен тарихи жерлерге онлайн-саяхат жасауға болады

Қазақстанның қасиетті жерлеріне онлайн-саяхат.

Енді Qazmap.kz мобильдік қосымшасының көмегімен «Хан моласы» мемориалы, Абылай хан ордасы, Едіге тауы сияқты тарихи орындар жайлы барлық мәліметті смартфонға жүктеуге мүмкіндік бар. Бастама «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынды.

Қазақ жеріндегі қасиетті нысандарды біріктірген мобильді қосымша әзірге Android жүйесінде қол жетімді. ІOS нұсқасы да жақын арада қолданушыларға жетпек. Қосымша – Qazmap.kz интернет-сайтының шағын нұсқасы. Айта кетейік, онда жалпыұлттық деңгейдегі 100 нысан жүйеленіп, топтастырылған.

Бұған қатысты ҚР Ұлттық музейінің сарапшысы Қажымұрат Төлегенұлы:

– Әр өңірлердегі нақты координаттары, олардың қысқаша мәліметтері, сонымен қоса олардың суреттері, пайдалы сілтемелердің барлығын осы интерактивті және виртуалды картадан табуға болады, – деді

Республикалық және аймақтық дәрежедегі қасиетті нысандардың картасын тұрғындар Ұлттық музейдегі «Рухани жаңғыру» залынан да көре алады. Жыл басында ашылған ауқымды көрме залына жәдігерлер еліміздің түкпір-түкпірінен жеткізіліпті. Мамандардың айтуынша, мұндағы әрбір құнды жәдігерлік бұйымдар – тұнып тұрған тарих. Мәселен, құлын терісінен тігілген тон Міржақып Дулатұлына тиесілі.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық музейінің экскурсиялық қызмет көрсетуші маманы Ақбота Сайлаубаева:

– Бұл тайжақыны Міржақып Дулатұлы 3 жыл көлемінде киген екен. Тайжақы сол дәуірдің ауқатты азаматтардың киетін негізгі сыртқы киімдерінің бірі болған. Бұның жасалу жолдарына назар аударсаңыздар, жылқының терісінен жасалған. Қысқы уақытта адамдардың тоңбауы үшін ішіне мақта тігілген екен, – деп өз ойын ашық айтты.

Осы және өткен кезеңнен сыр шертетін өзге де құнды жәдігерлер «Рухани жаңғыру» тақырыптық залында топтастырылған. Ал келесі ауқымды көрме мамыр айына жоспарланып отыр. Келушілердің назарына еліміздің батыс өңірінде және қасиетті нысандарда табылған бұйымдар ұсынылмақ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button