Еңбек нарығы: өзгерістер, сұраныстар, талаптар

АҚШ-тың өзінде әлемдік дағдарыстан кейін экономика дамып, жұмыспен қамту деңгейі өскен, сондықтан бизнес-карьераңызды бастағанда немесе жалғастырғанда белгілі бір қиындықтарға тап болатыныңыз сөзсіз. Бүкіл әлемдегі компаниялар бәсекеге түсіп, басымдық пен экономикалық тиімділікке ұмтылғандықтан, әр сала мен аймақтағы жұмыспен қамту үлгісі әрқалай.
Бизнесте табысқа жетуге экономикалық циклдегі «шарықтау мен құлдыраулар» ғана ықпал етпейді. Еңбек нарығы жиі өзгеріп, бүгінде тәуелсіз қызметкерлер саны артып, виртуал ұйымдар сол қызметкерлерді штатқа жұмысқа алмай-ақ, жекелеген жобаларды атқару үшін қысқамерзімдік келісіммен қызметке шақырады. Жақында жүргізілген бір зерттеуде «АҚШ-та 2020 жылға қарай тәуелсіз қызметкерлер саны қатардағы қызметкерлерден асады» деген болжам айтылды.
Жұмыстың жаңа үлгісі қызметкерлер мен компанияларға да тиімді. Компаниялардың тұрақты шығындары азаяды, экономикалық толқулар мен бәсекелестер тарапынан туындайтын қарсы әрекеттерге тез икемделіп, жоба талабына сай маманданған қажет қызметкерді таба алады. Жұмыс іздеуші өзін қызықтыратын жобалар мен клиенттерді таңдау еркіне ие болып, жұмыс уақытын қалауынша азайтып-көбейте алады, сондай-ақ жұмыс орнынан қашықта тұрса да (коммуникация технологияларының жетістіктері арқасында), Нью-Йорк немесе Калифорниядағы Кремний алқабы секілді алып орталықтан жұмыс табуына мүмкіндігі бар.
Екінші жағынан, жаңа әдістің екі тарапқа да қолайсыздық тудыратын тұстары жетерлік. Жұмыс кестесін өздігінен белгілеу еркіндігі жұмысшы мен жұмыс берушіге де қиынға соғып, екі тараптың бір-біріне деген сенімін, адалдығын жоғалтады. Болашақ қарым-қатынасы бұзылып, дағдыларды дамыту мен оқуда және есеп беруде жауапкершіліктері азайып, түрлі проблемалар туындатуы ықтимал. Бұл мәселелердің көбі коммуникацияның жетіспеуінен туындайды, сондықтан сенімді коммуникация дағдыларының маңызы бұрынғыдан да арта түспек.
Карьераңыз дәстүрлі еңбек қатынасына құрылған болса да, аталған өзгерістер әсерін тигізбей қоймайды. Ұйымдарда «ішкі» қызметкерлермен қоса,«сыртқы» мердігерлер де бар, бұл жұмыс орнының динамикасына ықпал етеді. Еңбек нарығында тәуелсіз жұмысшылар жұмыс берушілердің мүмкіндігін арттырады, сондықтан штаттағы қызметкерлер фрилансерлерге «жанама түрде» болса да, бәсеке болады.
Сізге жұмысты жалғыз істеген ыңғайлы ма? Бүгінде тәуелсіз қызметкерлер жаһандық жұмыс күшінің маңызды бөлігіне айналған.
Осындай бұлыңғыр болашаққа қадам жасар алдында екі нәрсені есте сақтаңыз. Біріншіден, карьераңыздың тасы өздігінен өрге домалайды деп күтпеңіз: жауапкершілікті мойныңызға алып, ешқашан да берілмеңіз. Барлық нұсқаларды зерттеп, жоспар құрыңыз, мүмкіндіктер немесе кедергілерге тап болсаңыз, бағдарыңызды өзгертуге дайын болыңыз. Екіншіден, жұмыс беруші жағдайымды жасайды деп дәмеленбеңіз. Қызметкер бір компанияға өмір бойы адал еңбек етіп, өзіне де сондай қарым-қатынас көрсетілетініне сенімді болған заман келмеске кеткен. Сондықтан мүмкіндіктерді тауып, табысқа жетелейтін дағдыларды жетілдіру жолында карьера жасаңыз: мүддеңізді қорғау тек өзіңізге байланысты.
Жұмыс берушілердің еңбек нарығына көзқарасы
Жұмыс берушінің көзқарасы бойынша, жұмыспен қамту процесі әркез тепе-теңдікті талап етеді. Тұрақты жұмыс орындарының болуы барлық салада бизнес өнімділігін арттырады, алайда көптеген жұмыс берушілер жалақыны азайтып немесе көбейтіп, бизнестің қаржылық жағдайына қарай икемделгісі келеді. Жұмыс берушілер қабілетті қызметкерлерді жұмысқа алғанды жөн санайды, бірақ олардың еңбегі қымбат бағаланатындықтан әрі бәсекелестер көз тігетіндіктен, қаржылық мәмілеге келу аса маңызды.
Жұмыс берушілер экономикалық өсіммен және құлдыраумен күреседі. Жұмыссыздық деңгейі төмендесе, қызметкердің мүмкіндігі артады, сондықтан жұмыс берушілер талантты мамандарды өздеріне шақырып, ұстап қалу үшін аянбайды. Жұмыссыздық деңгейі жоғарылағанда жұмыс берушілердің үстемдігі орнайды. Олар еңбек күшін барынша таңдап, жұмысшының шартына илікпейді. Яғни экономикаға назар аудару керек, қойған шартыңыздың мүлтіксіз орындалуын талап ететін де, өзгенің талабына бейімделетін де уақыт туады.
Компаниялар жұмыспен қамтуды әртүрлі нұсқалары бар күрделі бизнес-шешім деп есептейді. Карьереаңыздың қалай өрбитініне қарамастан, өз әлеуетіңізді толық пайдалану үшін жұмыс іздеуіңіз керек.
Жұмыс беруші жұмыс іздеушіге қандай талаптар қояды?
Заманауи жұмыс орнындағы жұмыс күшінің күрделілігі мен ғаламдық бәсекенің қысымы күшейгенде, жұмыс берушілер жұмыс іздеушінің бойынан қандай қасиеттерді көргісі келеді? «Өте көп» деген қысқа жауап аламыз. Барлық «сатып алушылар» сияқты, компаниялар да өздері жұмсайтын қаражатқа барынша лайық қызметкер тапқысы келеді. Өзіңізді барынша мінсіз кандидат етіп көрсетуге қанша тырыссаңыз да, тамаша мүмкіндікті жіберіп алуыңыз ықтимал.
Мамандыққа қарай жұмыс берушінің қызметкерге қоятын талаптары әртүрлі, дегенмен барлық жұмыс берушілер жұмыс іздеушінің бойынан төмендегідей қасиеттерді іздейді:
- Коммуникация дағдылары. Бұл оқулық бизнес-коммуникацияға арналғандықтан, коммуникация дағдыларын бірінші орынға қойып отырған жоқпыз. Жұмыс берушілерден қызметкерлердің бойынан қандай қасиетті іздейтінін сұрағанда, көбі «коммуникация орната алуы» деп жауап қатқан. Коммуникация дағдыларын жақсарту кәсіби өмірдің барлық саласында көмектеседі.
- Тұлғааралық және командалық дағдылар.Жұмыста жеке басыңызға артылған міндет көп болуы мүмкін, бірақ жалғыз адам ештеңе тындыра алмайды. Басқалармен бірге жұмыс істеп, олардың да табысқа жетуіне көмектесу қажет.
- Мәдениетаралық және халықаралық жағдайлардан хабардар болып, бейімделе білу. Табысты жұмыс берушілер әртүрлі жұмыс орындары, нарық пен қоғамдағы өзгерістерді жіті бақылап отыратындықтан, жұмысқа қызығушылығы жоғары қызметкерлерді іздейді.
- Деректерді жинау, талдау және шешім қабылдау қабілеті.Жұмыс берушілерге қажет ақпаратты таба білетін, деректерді пайдалы білімге айналдыра алатын, тиімді шешім қабылдайтын қызметкерлер керек.
- Цифрлық, әлеуметтік және мобайлмедиа дағдылары. Заманауи қызметкерлер кеңселік бағдарлама жасақтамасын меңгерген, цифрлық медиа мен жүйелердің кең ауқымын қолдана алатын маман болғаны дұрыс.
- Уақыт және ресурст менеджменті.Оқу орнында бірнеше шараны қатар атқарған болсаңыз, іскерлік әлеміне араласуға дайынсыз. Жобаларды жоспарлап, уақыт пен ресурстарды басқара білудің жұмыс істеу барысында маңызы зор.
- Икемділік пен бейімделгіштік.Бұлар қызметкерлерге өте қажет қасиеттер. Соққыға төтеп беріп, бизнестегі негізгі талаптар мен жағдайларға тез икемделе алатын маман өзгеріске қарсы қызметкерлермен салыстырғанда карьерасын жылдам қалыптастырады (және бақытты болады).
- Кәсібилік.Кәсіби шеберлік – жүктелген тапсырмаларды сенімді түрде жоғары деңгейде орындап, өз қызметін мақтан тұту. Шынайы кәсіби мамандар табысқа жетуге тырысады, білім-дағдыларын үнемі жетілдіреді, сенімді, жауапты әрі бизнес-этикетті біледі, соған орай шешім қабылдап, кәсібіне адал, үнемі оң көзқараста болып, жағдай қиындағанда оңай беріле қоймайды.
Қай мамандықты таңдап, қандай жолмен жүргеніңізге қарамастан, коммуникация дағдылары карераңызға септігін тигізеді
Заманауи еңбек нарығына бейімделу
Жұмыс берушінің төлемі (тәуелсіз қызметкер болсаңыз, клиенттің төлемі) мен өз қалауыңыз үйлесетін ортақ шешімді табу үшін өмір бойы ізденуді жұмыс орнына бейімделу деп айтамыз. Өміріңіздің мыңдаған сағатын жұмысқа арнайсыз, сондықтан оны қалай жұмсауды, өзіңіздің не ұсына алатыныңызды, жұмыс беруші іздейтін маман болудың әдістерін табудың жолдарын қарастыру керек.