«Енші беру» дәстүрі жайлы не білесіз?
Сан мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ата-баба салты, ұлт қорғаны, қазынасы, тәрбие негізі, болмысы – ұлттық құндылықтарды сақтап, ұмытыла бастағанын қайта жаңғырту жас буынның міндеті. Бүгінде қолданыстан ығысып қалған дәстүрлердің бірі – «енші беру»
Ұлттық құндылық – ел болашағы
Қазақ халқының мәдениеті, тарихы және руханияты өте тереңде. Оның негізі бірден қалана салмаған. Қай құндылықтарымыз болмасын біртіндеп, жүре келе, ғасырлар бойы қалыптасқан. Әрбір дәстүрімізде өзіндік тәрбиелік мән бар. Соның бірі – «енші беру» дәстүрі.
«Енші беру» қандай дәстүр?
Қазақы мәдениеттің бай болғандығы соншалық, тіпті кішкентай сәбиге қатысты салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың саны 50-ден асады. Шақалақ анасының құрсағында жатқанынан бастап, қартайып, өмірден озған сәтіне дейін дәстүрді ұстанады. Нәресте туылады, есейеді, солай үлкен өмірге қадам басады. Бойжеткен мен бозбала отау құрады. Уақыт өткен соң дүниеге сәби келеді. Ертеде жастар отау құрғанда ата-анасымен бірге тұрған. Отбасында бала туылғанда үлкендер балаларын бөлек шығаратын болған. Сондайда әке-шеше оларды басқа үйге көшіріп, мал-мүлкін бөліп береді. Оған келіншектің төркінінен келген дүниесі қосылады. Сөйтіп жас жұбайлар жеке-дара шаңырақ болып шыға келеді. Бұл дәстүрді қазақта «енші беру» деп атаған
«Еншібас» дегеніміз не?
Ата-анасы қайтыс болған жағдайда үйдің үлкені – ағасы інісіне дүние-мүлікті бөліп береді. Қазақта отбасының тірегі – әке-шешесі өмірден ерте озса, тұңғыш ер бала әке орнына әке болады деген түсінік қалыптасқан. Өзінен кейінгі бауырларына жәрдемдесу – парызы іспетті. Ал ағасының інісіне көмектесуін «еншібас» деп атайды. Дәстүрге сәйкес, ата дәулетінің үштен бірі ағасына, төрттен бірі ортаншысына және екіден бірі кіші баласына тиесілі. Кенже бала шаңыраққа ие болып, ата-анасының қолында қалады.
Еншінің тәрбиелік мән-маңызы неде?
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ешбір дәстүр жайдан-жай пайда болмады. Әрқайсысының тарихи маңызы бар. Сол сияқты енші берудің де сипаты ерекше. Жас отауды бөлек шығарудың себебі – ендігі кезекте олар өз күндерін өздері көре алады дегені. Ата-ананың көздегені – баласы отбасылық жауапкершілікті толық сезініп, еңбек етуі. Алайда кірпішін қалап, бастапқы мүлкін жинап беруді үлкендер міндет санаған. Ал оны ары қарай жүйелеп кету екі жастың қолында.