Жаңалық

«Ер Едіге-Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомы таныстырылды

Нұр-Сұлтанда Ұлттық академиялық кітапханада «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» атты ғылыми-практикалық конферения өтті. Шара барысында ноғайлы дәуірі жырларының жинағы таныстырылды деп хабарлайды Ruh.kz порталы Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ноғайлы дәуірінің бірнеше жыр-дастанын қамтыған жаңа жинақ Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққан.

«Соңғы жылдары Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Ноғайлы дәуірі жырларының антологиясын шығаруды қолға алған болатын. Сол жұмыстың нәтижесінде 2020 жылы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жыршы-жырау Алмас Алматовтың жетекшілігімен «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбом жарыққа шықты. Жинаққа «Едіге батыр» эпосы, сондай-ақ Мұрын жырау нұсқасындағы «Қырымның қырық батыры» және «Қарасай-Қази» дастаны, басқа да ел арасында кеңінен жырланып жүрген көлемді дастандар енген. Қырықтан астам жыршыдан 60 сағаттық жыр жазып алынды. Жырларда көптеген тарихи тұлғалардың есімдері аталып, ерлік істері баяндалған», – делінген таратылған хабарламада.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жарыққа шыққан «Ер Едіге-Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомы екі бөліктен тұрады. Бірінші кітапта «Қырымның қырық батыры» және «Едіге батыр» туралы тарихи мәлімет, жырды бізге жеткізген жыраулар, еліміздің әр өңірінен сол мұраларды жырлаған жыршы-жыраулардың өмірбаяны қазақ, орыс және ағылшын тілінде берілсе, кітап­шаның ішінде жыр жазылған 10 диск орналасқан.

500 данамен шыққан альбом ел өңірілеріндегі кітапханаларға таратылатын болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button