Жаңалық

Ер есімі - ел есінде!

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі Кеңес Одағының Батыры, полковник, панфиловшы Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған «Батыр Бауыржан» композициясын жазды. Музыкасын ұжымның көркемдік жетекшісі, Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек шығарды.

Шығарма 3 бөлімнен тұрады. Шолпан Қорғанбек атап өткендей, бірінші батырлық-драмалық бөлімде әскери шайқастардың бейнелері көрсетіледі, екінші лирикалық бөлімде басты кейіпкер Бауыржан Момышұлының ішкі жан-дүниесі ашылады, үшінші өмірлік бөлімде қалаған Жеңіске жету жолдары суреттеледі. Шығармада мәнерлеп оқушы музыка сүйемелдеуімен аты аңызға айналған батырдың өлеңдерін оқиды.

Шолпан Қорғанбек бұл туындының 2019 жылы жазылғанын айтты. Оның тұсаукесері сол жылдың жазында Таразда өткен «Көне Тараз күмбірі» І республикалық этно-фольклорлық ансамбльдер байқауын өткізу кезінде болған. Содан кейін Шолпан Қорғанбек Жамбыл облысында дүниеге келген батыр Бауыржан Момышұлына арнап музыка жазуды жөн көрген. Ал «Қорқыт» ансамблі кәсіби шеберлігі үшін бірінші орынды жеңіп алған.

Шолпан Қорғанбек бұл шығарманың әрдайым көрермендердің ерекше ықыласына бөленгенін мойындады және Ұлы Отан соғысының 75 жылдық мерейтойына орай «Батыр Бауыржан» деп жазып алуды жөн көрді. Шолпан Қорғанбек мәдениет саласында 1988 жылдан бастап әртіс, фольклорлық және оркестрлік ұжымдардың жетекшісі, композитор, сондай-ақ педагог ретінде жұмыс істейді. 2015 жылдан бастап «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі болып табылады. Естеріңізге сала кетейік, биылғы қыста ансамбль 75 шығарманы үзіліссіз орындап, Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енді.

Ол өзінің алғашқы шығармашылық концертін 1999 жылы туған қаласы Арқалықта берді. 2007 жылы Астанада «Өмір-өнер» атты алғашқы шығармашылық кеші, ал 2017 жылы «Астана – менің шабытым» атты екінші концерті өтті. Шолпан Қорғанбек «Әуен», «Батыр баба», «Әлқисса-Аманат», «Елім-ай!», «Шаттан, Елім!», «Сазды әлем», «Айналайын»,  «Торғай әуендері», «Балдәуренге  базарлық» атты өзінің авторлық кітаптарында жарық көрген әндер мен көптеген аспапты өңдеулердің  авторы ретінде танымал.

Композитор ретінде Шолпан Қорғанбек «Астана-Бәйтерек», «Балалық шақ досы», «Елім менің», «Тәуелсіздік толғауы», Б.Момышұлының 100 жылдығына арналған «Елдің ері – Бауыржан!» және т.б. айтулы ұлттық байқауларда бірнеше рет марапатталған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button