Жаңалық

Ерлан Әшім: Қазақ баласы кітап оқуы керек!

«Нәтиже» фабрикасының бас директоры Ерлан Әшіммен сұқбат.

– Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласында: «… кәсіпкерлерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім…» – деген еді. Осыған байланысты кәсіпкерлер қаншалықты деңгейде патриот болу қажет деп ойлайсыз?

– Кез келген адам, әсіресе кәсіпкерлер патриот болуы қажет. Қол астында 3, 300, не 3000 адам жұмыс істейтін сол пирамиданың басында тұрған кәсіпкер басқаларға қандай үлгі болатыны өте маңызды.

Егер біз тек ақшаны, кірісті ойлап, өз пайдамыз үшін ғана жұмыс істейтін болсақ, қол астымыздағы адамдарға үлгі бола алмаймыз.

Егер басшы кәсіпкер бизнесті тек ақша табу деп ойласа, сол үшін жұмыс істесе, рухани байлық туралы ешнәрсе айта алмайды. Ақша табамын деген миссиямен ғана шектелген қоғам дағдарысқа ұшырайды. Орыстың атақты классик жазушысы Лев Толстойдың: «Өз тарихын, дәстүрін, тілін, ұлттық каһармандарын ұмытқан халық өледі, ол халықтың болашағы жоқ», деген сөзі бар. 50-ге келгенде өзімнің ешнәрсе білмегенімді білдім. Өйткені жалпы білім, рухани болсын, бизнес білімі болсын ол ешқашан бітпейді, түбіне жету мүмкін емес. Бірақ, жетуге тырысу керек. Абай атамыз айтқандай, болмасаң да ұқсап бақ. Жақсы жетістікке жеткен адамдарға ұқсауға тырысу керек. Оларды оқу керек, біліп, тыңдау керек.

«Мықты бизнес жасап, ұрпағыма мықты бизнес қалдырамын» деген кәсіпкерлерге Абайдың бір сөзімен жауап беруге болады. «Өзі үшін, өз пайдасы үшін еңбек қылған адам – өзі үшін оттаған хайуанның біріндей. Ал адамшылықтың қарызын өтеу үшін еңбек еткен адам – ол Алланың сүйген құлының бірі». Бұл сөз баршамызға қарата айтылған сөз. Осыны әр қазақ түсінгенде ғана, рухани жаңғыру басталды деп айтуға болады. Оны түсінбей, жақсы болашақ жоқ деген ойдамын.

Тіл, дәстүр, тарих, ұлттық қаһармандардың болуы өте маңызды. Ол жағынан бүкіл дүниежүзі бойынша қазақтар бірінші бестікте шығар, мүмкін бірінші орында. Тарихты терең зерттеу керек, оқу керек. Алтын орда, Алаш Ордашылар, Абайымыз, Жұмабек Тәшенов… Басқа халықтарда білмеймін, біз мақтан ететін Бауыржан Момышұлымыз бар. Менде бүкіл кітаптары тұрады. Биографиясын, өмірін, айтқан сөздерін зерттесек, оны үлгі тұтсақ, сол кезде рухани жаңғырамыз. Жас кәсіпкерлер үнемі ақыл-кеңес сұрап келеді. Оларға қазақтың тарихы мен мәдениетіне, ана тілі мен салт-дәстүріне үңілуді ұсынамын.

– Қазіргі таңда бизнес-тренерлер көбейіп, олар «Бай бол…» деп ақыл айтып жатады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, сол жылы ашылған кәсіптің өте көп бөлігі қайта жабылып қалып жатады. Сондай сәтсіздікке ұшырамау үшін бизнестегі алғашқы қадамдар қандай және неден бастау керек?

– Біріншіден, өзі кәсіп ашпаған, бизнес жасап көрмеген, ашса да жетістікке жетпеген адамдардың бизнес-тренингіне бармау керек. Қазақта «Аңқау елге арамза молда» деген сөз бар. Қазір сондай жағдай болып жатыр. Кез келген адам екі сөздің басын қосып алады да бизнес-тренер, психолог, мотиватор, коуч болып шыға келеді. Өз-өздеріне сенімді, ақылгөй болып көрінеді. Демек олардың тыңдаушыларының деңгейі төмен болып тұр. Түгелі сондай деп айта алмаймын, бірақ тыңдауға тұрарлық тренерлерді көп көре алмадым.

Бір қызығы, жас кезімізден әдеби кітаптар оқып дағдыландық. Қазіргі жастар «Жаhан» сияқты журналдарды, батыстың лидерлік, менеджмент туралы басылымдарын оқыса, дамушы еді.

– Жастарға мамандық таңдауға байланысты пікіріңізбен бөліссеңіз.

ХХІ ғасыр – цифрландыру дәуірі. Көп салада автоматтандыру үрдісі жүріп жатыр. Адамның қолымен жасалатын жұмыстар азаюда. Көп мамандық жоғалуда. Мамандық таңдау деген өте жауапты іс боп тұр. Жетістікке жетуден бұрын, күн көріс үшін. Болашақ – гуманитарлық мамандық адамдарында. Психолог, философ, маркетолог, филолог, политолог, социолог. Ешқашан өшпейтін, маңызды, қай заманда да керек мамандық, ол – мұғалімдік. Өз тағдырына немқұрайлы қарайтын жастарды көрсем, жаным ашиды. Түкке тұрғысыз мамандықтармен талай адам маған да келді. Өзіміздің қаракөз қандастарымыз мемлекет қай мамандыққа грант көп бөлсе, соған түсіп жатыр. Сосын қандай мамандық алғанын өзі де білмей 40 жыл жүреді. Ешкімге керегі жоқ мамандық таңдап, өз тағдырына немқұрайлы қарауды – қылмыс деп санаймын.

– Пандемия кезінде еліміздегі ерлі-зайыптылар арасында ажырасу саны артып отыр. Осы ретте ұлттық құндылықтарымызды әлсіретіп алдық деп ойламайсыз ба?

– Біздің ұлттық құндылықтар білген, ұстанған, түсінген адамға керемет. Дулат Исабековтың «Гауһартас» деген кітабы бар. Бұл – отбасылық құндылықты дәріптейтін, еске салатын кітап. Осы кітапты оқуға кеңес беремін. Біраз кәсіпкерлер оқып, рахметін айтуда. Алғашқылардың бірі болып сол кітапты қайта басып шығаруға үлес қостым.

Рухани жаңғыру кітапсыз, кітапханасыз болмайды. Үйдегі кітапханалар үлкен болуы керек, оны балаларымыз көріп өсуі керек. Бастапқыда ата-анасының кітапты сүйіп оқитынын көруі керек. Қанша армандағанмен онсыз рухани жаңғыру болмайды. Мен кітапты сүйіп оқыған сондай ата-ананың баласымын.

– Ұйымда ұстанатын корпоративтік құндылықтарыңыз туралы айтып өтсеңіз…

– Корпоративтік құндылықтар – мағынасы терең нәрсе. Бізді біріктіріп, өсіріп тұрған да осы құндылықтар. Ең басты құндылық – еліңнің патриоты болу. Әрбір қызметкеріміз еліміздің патриоты болғанда ғана, өнімді сүйіспеншілікпен жасайды.

Ағарған, сүт өнімдері – қазақтың қасиетті тағамы. Сол себептен қазақи дәстүрлерді ұстанамыз. Ұжымда Наурыз бен Құрбан айт мерекелерін кеңінен атап өтеміз. Жаңа жыл, 8 наурыз, 7 мамыр секілді мерекелерді тойлауды ақырындап қысқарттық.

Наурыз – керемет мереке, Ұлыстың ұлы күні.  Көктем шығысымен ағаш отырғызу, жақсы істер істеу, жанұяңмен бірге болу, дастархан жайып кез келген адамға бауырсақ, құрт, майыңмен шай беру – біздің бойымызға ата-баба салтымен сіңген қасиет. Жалпы, наурыздың миссиясы – елді жасампаздыққа шақыру. Құрбан айтта – басшылар жиналып, мал сойып, етін көп балалы отбасыларға, жалғызбасты жандарға таратамыз. Ардагерлерге етпен қоса, йогурт, қаймағымызды қосып, үйлеріне жеткіземіз. Осылайша халықтың, үлкендердің жылы сөзі мен ақ батасын аламыз. Ұжымдастардың бойында Алла ризалығы үшін еңбек еттім деген сезім болады.

Құжаттарымыз негізінен қазақша жазылады. Кей мекемелер секілді іс құжаттарын тек орыс тілінде жүргізіп отырғанымыз жоқ.

– Жеке кітаптарыңыз да жарық көрді. Жалпы, қандай кітаптар оқисыз және бизнеске байланысты қандай кітаптарды оқуға кеңес бересіз?

– 15-16 жасымнан бастап, кітап дүкеніне баруды дағдыма айналдырдым. Сағаттап сонда жүрем. Соңғы 25 жылда бизнес туралы кітаптар оқып жүрмін, көбіне көңілім толмайды. Терең ой болмағандықтан, мен үзіп-үзіп әр жерінен оқимын. Бизнес туралы жақсы жазған үш кісі бар, олар: менеджменттің атасы – Питер Друкер, маркетингтің атасы – Филип Котлер, нарықты жайғастыру (позиционирование) туралы Прауд. Кім кітап жазса да осылардан аса алмайды, осыларды айналдырып жазады. Бірақ оларды оқу үшін жылдар бойы кітап оқуға дағдылану керек.

Жалпы берер ақылым – қай тілде болмасын, классиканы көп оқу керек. Қазақстанда бизнес жасаймын, қазақпен жұмыс істеймін десең қазақи классикаға жақын болу керек.

«Жаhан» журналында жарияланған бір мақалада үш лидерді мысалға алыпты. Олар – Бисмарк, Рузвельт, Черчилль. Олар қандай қасиеттің арқасында көшбасшы бола алғандығын жазған. Басшы мансабындағы адамдар тарихи кітаптарды көп оқығаны дұрыс деп жазған. Сол себептен Қасым кітапханасын ашып, жүректі тәрбиелейтін, тәрбие беретін тарихи кітаптарды шығарып жатырмыз. Кітапхана ашу жобасы – қоғам өзін-өзі тәрбиелеуі керек деген ойдан туындады. Әзір арзан сатып жатырмыз, сол себепті пайда да көріп жатқан жоқпын. Бірақ, қазақ баласы кітап оқуы керек.

Өткен жолы Мәскеудің бизнес мектебінен семинарды онлайн өткізейік деген ұсыныс келді. Тыңдаушылар Мәскеу, Санк-Петербург, Уфа, Қазан, Минск, Киев секілді қалалардың тұрғындары. Пайдам болсын деп, тегін өткізіп бердім. Барлығы да кәсіпкерлер. Өзімді дамытуда қандай кітап оқуға кеңес беретінімді сұрады. Жауабым дайын тұрды – Александр Бектің «Волоколамское шоссе» еңбегі, басты кейіпкері – Бауыржан Момышұлы дедім. Оқыған бірнеше адамнан кері байланыс келді. Менің кеңесіммен орыс бизнесмендері Бауыржан атамызды оқып жатыр екен. «Керемет кітап екен» деп өз достарына да оқуды ұсыныпты.

– Жалпы, еліміздің кәсіпкерлік ахуалына көңіліңіз тола ма? Не жетіспей жатыр деп ойлайсыз?

– Еліміздің кәсіпкерлік ахуалына көңілім толмайды. Нарықтық заманға көшсек те, Қазақстанда кәсіпкерлік әлі күнге дейін жалпақ жұрттың өмірлік салтына айналған жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет! Игі істеріңізге толағай табыстар тілеймін!

Руслан Беген

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button