ЕРЛІК ПЕН ӨРЛІК КІТАБЫ ІІ
Зұлқарнайын
Зұлқарнайын Ескендір бейнесі әдебиетімізге Абайдың «Ескендір» поэмасы арқылы белгілі. Алайда кішкентай оқырмандар үшін поэманы оқып-түсіну қиындық тудырары анық. Сол себептен жеңіл әрі ұғынықты тілмен жазылған Зұлқарнайын өлеңі жас оқырманға тұлғамен танысуға мүмкіндік береді. Есімі аңыз тұлғаның жарты әлемді жаулап алғаны туралы былайша суреттелген:
Жарты әлемді билеген,
Именуді білмеген,
Патша болып ол өзін
Қатар қойған Күнменен.
Исатай
Исатай – тарихи тұлға. ХІХ ғасырда Ресей қазақтың нулы, сулы жерлеріне қызығып, отарлау саясатын бастады. Осы кезде қазақты намысты хас батырлары Исатай мен Махамбет қолына қару алып жауға қарсы ұлт-азаттық көтеріліс бастады. Исатай бұл көтерілісте басшылық қабілетімен қатар батырлығымен дараланған қайраткер. Исатайдың бейнесі бүгінгі ұрпаққа Махамбет ақынның жалынды жырлары арқылы таныс. Жас бүлдіршіндерге Исатайдың образын жеткізу үшін баланың танымына сай ұтымды сөздер мен жеңіл тілдік бірліктерді таңдауда А.Естенов шеберлік танытқан. Исатай батырдың ерлігін бала санасына сіңдіру үшін автор Махамбет ақынның жырларынан тіркестерді кіріктірген. Мәселен, «Қара қазан, сары бала», «Еңку-еңку жер шалған» деген үзінділер.
Қаракерей Қабанбай
Қабанбай батырдың өр тұлғасын суреттеген өлеңінде автор көркемдегіш құралдарыды шебер пайдаланған. Айшықты эпитеттер мен таратымды теңеулер хас батырдың образын ашуға ықпал еткен. Мәселен, қас батыр, қалың жау, асыл ер сынды тіркестер. Тарихтан белгілі батырдың Ерасыл, Дарабоз, Қабанбай есімдерін қолдану да жырдың көркемдік деңгейін күшейіткен.
Ерасыл бабаң жоңғарға
Күркірей шауып қабандай,
«Үркітіп» жауын, сол маңда
Атаныпты Қабанбай.
Кенесары
Автор Кенесары батырға арналған өлеңінде Кенесарының образын айқын әрі ашық суреттеу үшін тарихи оқиғаларды өлеңге арқау еткен. Өлеңнің мазмұны тағылымды тарихты көркем тілмен танытуға құралған. Кенесары азаттық үшін аянбай күрескен айбынды батыр. Отаршылдықтың зардабы мен зұлымдығына қарсы қол жинап халықты ел үшін, жер үшін шайқасуға шақырған рухты ер. Автор Арыстаны даланы деп Кенесарының қадыр- қасиетін еселеп көрсеткен. Кең байтақ қазақ жері үшін ақ патшамен айқасқан есіл ердің азаттық таңының армандап дүниеден өткенін сұлу сөзбен өрнектейді:
Бірлігін елдің, қаусаған,
Түзетпек болып, қамсаған,
Көре алмай кетті есіл ер
Азаттық таңын аңсаған…
Ләззат
Ләззат – тәуелсіздігіміздің жолында қыршынан қиылған қазақтың аяулы қызы. Желтоқсан оқиғасы тарихымызыдың беттерінде мәңгі сақталатын оқиға. Оған қатысқан қазақтың намысты ұл-қыздарының есімдері мен ерліктері ешқашан ұмтылмайтыны анық. Автор Ләззатай арудың образын көркем тілмен жеткізген. Ләззатты сұлулықты символы аққуға теңеп жырлаған.
Әпербақан, шерлі күн
Жасқанбаған өлімнен,
Аққу – ару ерлігі
Мәңгі жасар еліммен!
Махамбет
Рухи биік, өр мінезді ақын әрі батыр Махамбеттің бейнесін жырлаған өлеңінде автор көркемдегіш құралдарды шебер пайдаланған. Өлеңнің қуаты жас оқырманды рухтандырып, жігерлендіреді. Жасын жырдың көрігі, өрт мәнезді, мәрт адам, алдаспан сұсты асыл жан сияқты айшықты қолданыстар өлеңде тұнып тұр.
Сонымен қатар автор образды даралау үшін Махамбет ақынның жырларынан алынған тартымды тіркестерді қолданған: «Еділдің бойы ең тоғай Ел толтырсам деп еді…».
Наурызбай
Наурызбай жастайынан батырлық қасиеттерімен ерекшеленіп, жауға қарсы шайқастарға жастығына қарамай қатысқан ержүрек батыр. Оның тұлғасын автор баллада үлгісінде жырлаған. Жас сарбаз, жас берен балғын жастың образын айқындайтын ұтымды эпиттеттерді автор шеберлікпен қолданған. Батырды жеңіске жетелеген оның серігі Нарқызыл тұлпарды да жырға қосқан.
Нұркен Әбдіров
Нұркен Әбдіров екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақтың батыры. Бұл өлеңде автор Нұркен Әбіровтің қанды майданда жауға қарсы ерлігін танытады:
Теңдесі жоқ ерлігін,
Қастер тұтар ел бүгін.
Ескерткіші тұр, әне,
Танытып намыс өрлігін.
Олжабай, Орақ батырлар
Қазақ елін жаудан қорғап ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батырлар – Олжабай мен Орақ. Тарихқа көз жүгіртсек, халқымызға қауіп-қатер төңдірген, зор қасірет әкелген қалмақтар еді. Алайда ержүрек батыр бабаларымыз еліміздің тағдыры мен келешегі үшін беріспей шайқасқа түсіп, елдігімізді сақтап қалған. Сол ерлердің есімдерін халық ешқашан ұмытпас. Олжайбай мен Орақ сынды батырларымыздың асқан ерлігі мен биік рухын суреттеген өлеңде автор балаларды елі мен жерін сүюге шақырады, жауға қарсы бел шешпей күрескен даңқты ерлерді үлгі етеді.
Ерлер бұл, көптің бірі емес,
Ерлігін ерен біліп өс,
Оларға мәңгі қарыздар
Бейбіт күн, мынау ұлы көш.
Ордабасы
Ордабасы алты алаштың басын қосқан киелі де қастерлі мекен. Дана хандарымыз мен парасатты билеріміз Ордабасыда ұлы жиындарын өткізіп, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешкен. Әсіресе күллі қазақ еліне жаудан зор қауіп–қатер төңген кезде ел билеушілері Ордабасыға жиналып жорық жоспары мен жерімізді қорғап қалу қамын ойластырған.
Ордабасы өлеңінде автор қасиетті жерді жас ұрпаққа таныстырады, тағылымды тарихымыздан сыр шертеді. Қазыбек пен Төле би сынды дана билеріміздің бас қосқан мекенін көркем тілмен суреттейді.
…Бейбіт күн келіп көгінде,
Биіктен шолған жер үстін –
Ордабасы бүгінде
Айғағы ұлы жеңістің!
Панфилов
Екінші дүниежүзілік соғыста жауға қарсы айла мен амалды сәтті жоспарлап, жорықтарда сарбаздарға жігер беріп біліктіліпен басқарған атақты командирлердің бірі Панфилов еді. Ол басқарған әрбір жорық жеңіспен аяқталып, ұлы жеңіске бір табан жақындауға себепші болған. Панфилов өлеңінде атақты қолбасының байсалдылығы мен тапқырлығы, елі үшін жанын қиған ердің келбеті шынайы суреттелген. Намысты ерлерді ұлтқа бөлмей ортақ мүдде үшін, Отан үшін қызмет етуді үндеген генерал Панфиловтың образы айшықты тілмен, жалынды рухпен сипаталған.
Жылы сөзді, мадақты,
Қолбасшыны атақты,
Панфиловшы сарбаздар
Әкеміз деп атапты.
Панфиловшылар ерлігі
Генерал Панфилов басқарған намысты ерлер қан майданда жауға қарсы ерлікпен шайқасып, тарихта қалған тұлғалар. Алматыда құрылған әскери полк құрамында талай жерлестеріміз де болып, Отан алындағы борышын абыроймен өтеген:
Алматылық қырандар
Жайлы аңыз, ұлы ән бар.
Тарихта қалды осылай
Панфиловшы ұландар.
Осы айбынды ерлердің рухына арналып жазылған өлеңінде автор панфиловшылардың майдандағы дұшпанға қарсы ерлігін шебер суреттей білген. Панфиловшылар образы ұлы ерлікті паш етеді.
Райымбек батыр кесенесі
Алматы қаласында бой көтерген Райымбек батыр кесенесі батыр бабамыздың ерлігі мен рухына тағзым ету мақсатында орнатылған. Киелі кесене өр батырдың асқан ерлігін паш етіп тұрғандай. Өлеңге арқау болған қасиетті кесенені автор құнарлы да кестелі сөзбен сипаттаған. Оқушы бұл өлеңді оқу арқалы батыр бабасының биік рухы мен қасиетін сезінетіні анық.
Рақымжан Қошқарбаев
Рақымжан Қошқарбаев рейхстагқа Ту ілген қазақтың батыры. Оның мәртебесі мен даңқы қазақ елі үшін үлкен мақтаныш. Автор Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін суреттеген өлеңінде батырдың образын ашу үшін «етек-жеңін түрінген», «жүрек жұтқан батыл жан» сияқты тұрақты тіркестерді ұтымды қолданған.
Сұраншы, Саурық, Саяндар
Алаштың елдігі мен азаттығы үшін күрескен Сұраншы, Саурық, Саян сынды ардақты ерлерге арналған өлеңінде автор «мен атайын, сен тұр» – дер хас батырлардың образын шеберлікпен суреттеген. Тәуелсіздік жолында құрбан болған ерлерді қазақ халқы қашанда ардақтап, құрметтеп өткен. Олардың есімдерін ұрпақ ұмытпас үшін жырға арқау етіп алған.
Жүзбасы, бірі мыңбасы,
Елімнің бір-бір тұлғасы,
Солардың алар қайнарын
Тәуелсіздіктің жыр басы!
Сағадат Нұрмағамбетов
Сағадат Нұрмағамбетов қазақтың тұңғыш Қорғаныс министрі қызметін атқарған азамат. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батырдың өмірі –аңыз, ұрпағына – өнеге. Автор Сағадат Нұрмағамбетовке арналған өлеңінде өмірі үлгі мен өнеге толы абзал азаматтың образын жырлаған.
Отан шебін қорғасқан
Жібермей жауды бұлтаққа.
Өмірі – аңыз, жыр – дастан
Үлгі-өнеге ұрпаққа.
Тауасар, Тайлақ, Тілеуке
Тауасар, Тайлақ, Тілеуке сынды қолбасылардың ерлігін ұлықтаған өлеңде автор арғы тарихымызға зер салып, жоңғарға қарсы соғыста бес қаруын сайлап қан майданда қайсарлықпен соғысқан өр мінезді, батырлардың ерлігін тілге тиек етеді. Перзенттік парызын еліне теңдік әперу арқылы өтеген ерлердің образын үлгі етеді.
Тауасар, Тайлақ, Тілеуке,
Елі үшін киіп кіреуке,
Бес қаруын сайланып,
Сенімін артқан білекке.
Ұлытау
Жас ұрпақтың отанға деген сүйеспеншілігін ояту мен патриоттық сезімге тәрбилеу өзекті мәселелердің бірі. Бұл ретте балаларға мектеп жасынан бастап туған жердің қасиетті де қастерлі жерлерін таныту мен насихаттау аса маңызды рөл атқарады. Ұлытау – тарихи мекен, киелі тау. Автор Ұлытау өлеңінде елдігіміздің бастауы болған жердің сұлу көрінісін айшықты тілмен суреттейді. Алаша хан, Жошы хан сияқты ардақтыларымыздың мазарлары орналасқан өңірдің әрбір тасы аңыз екені айқын сезіледі. Өлеңнің негізгі идеясы – туған жерге деген құрмет.
Алашым жиып ұлысын,
Атқаратын ұлы ісін,
Киелі тау – Ұлытау
Елім деген ұл үшін.
Фирдауси
Фирдауси – шығыстың атақты шайыры. Оның даңқты еңбегі – Шаһнама. Фирдауси туралы өлеңде автор ұлы ақынның таланты мен ақындық жүрегін мадақтайды. Иран мен Тұранның тарихын жыр еткен, елу патшаның өмірін қамтыған Фердоусидің ұлы шығармасы «Шаһнаманы» автор жоғары бағалайды.
«Шаһнама» еңбегі
Ұлы аңыз елдегі.
Ұрпаққа жалғасып,
Ұлы ақын ерледі.
Хангелді батыр
Қалмақпен қалың шайқаста ерлікпен дұшпанға қарсы күрескен батырдың бірі – Хангелді батыр. Хангелді батырға арналған өлеңде батырдың шыққан тегі, майдандас досы Қабанбай батыр, Райыбек батыр сынды ұрпағы, және батырдың ерлік істері суреттелген.
Батырдың сырбаз саңлағы,
Ерлігі елге танытқан.
Хангелді батыр аруағы
Өшпейді мәңгі тарихтан.
Цезарь патша
Баланың танымын кеңейтуге бағытталған Цезарь патша туралы өлеңінде автор көне Рим патшасының тағылымды өмір жолы мен биік парасатын үлгі етеді. Көне тарихтан хабар беретін бұл өлең оқушының тарихқа деген көзқарасын қалыптастыруға көмектесетіні анық.
Бата алып халықтан,
Ел мүддесін жаны ұққан,
Оны дағы біліп өс,
Жеткен көне тарихтан.
Шаһнама
Фердаусидің әйгілі шығармасы Шаһнаманы автор көркем тілмен шебер сипаттаған. Тарарихи тұлғалар туралы кітапқа автор бірнеше анықтама береді: «Шаһнама – Патшалар кітабы», «Шаһнама – ерліктің дастаны». Шығыс шайырының шығармасын оқушыға оқы, үлгі ал деп кеңес береді автор. Өлең кестелі сөзбен өрнектелген. Әр жол «Ш» дыбысынан басталады. Яғни , өлеңді әуезді етіп жеткізу үшін ақын аллитерацияны қолданған:
Шаһтар бар, батыр да, құл да бар,
Шабытты шайыр да, сұм да бар,
Шаһнама – Патшалар кітабы
Шыңдалған тарихи тұлғалар.
Эшелондар
Эшелондар өлеңінде автор сұрапыл соғыстың көрінісін суреттейді. Алыс пен жақынды байланыстырған эшелондар тыл мен майдан арасында дәнекер болды. Азапты күндерде ұлы жеңістің жақындауына себепші болған эшелондардың қызметі маңызды болған еді. Өлеңнің негізгі мазмұны соғыстың ауыртпалығы мен қиындығын сипаттауға құрылған. Ақын сөз соңында бейбіт күнде эшелондар мұражайжа мұра боп қалсын, қасіретті күндер ешқашан оралмасын деген идеяны алға тартады:
Талайларын талқан қылған турап от,
Сан боздақты қиып түскен бір-ақ оқ…
Эшелондар кеткен тарих қойнына
Қала берсін мұражайда мұра боп.
Ахмет Байтұрсынов
Алаш зиялысы, ақын, көсемсөзші, ғалым Ахмет Байтұрсыновтың ел қамы үшін атқарған қызметі мен еңбегін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында А.Естенов қайраткерге арнап өлең шығарған. Алаш мүддесі үшін ерінбей еңбек еткен аяулы азаматтың қайраткерлік бейнесін көркем сөзбен шебер суреттеген. Өлеңнің алғашқы жолдарынан Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газеті арқылы алаш жұртын бірлікке үндеген идеясы, халықты оқу-білімге шақырып жаңа әліпби енгізген еңбегін мадақтайды, ұрпаққа үлгі етеді.
Қазақша түзіп әріптер,
Жаңаша әліп құраған,
Еңбегін елі дәріптер
Ахмет атаң ұлы адам.
Алжир
Алжир лагері зұлмат саясаттың нәтижесінде Ақмола жерінде халық жаулары деп айыпталған зиялылардың әйелдерін қамауға алу мақсатында құрылған лагерь еді. 30-жылдары жазықсыз халық жауы деп айыпталған аяулы алаш азаматтарының отбасыларына да қауіп төнді. Алжирде талай ақ жаулықты аналар мен нәзік жандылар азап тартып, зұлмат саясаттың құрбаны болды. Автор Алжир өлеңінде халқымыздың бастан кешкен қиын-қыстау кездерін бүкпесіз суреттейді.
Әлихан Бөкейханов
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тағылымды өмір мен қызметін баяндайтын өлеңді оқу арқылы ұрпақ санасында отанға деген сүйіспеншілік оянып, ұлтқа адал қызмет етуге ұмтылары анық. Алаштың ұлы көсемінің халқын бірлікке, дербестікке шақырған ұраны өлеңде көркем тілмен шынайы суреттелген:
Түн-түнек шақта кешегі
Тер төгіп ерен, еселі,
Дербестік үшін алысқан
Алаштың ұлы көсемі,
Алаш қайраткерінің Думада жасқанбай сөз сөйлеп ұлт мүддесін көксегені туралы жолдарда автор дара тұлғаның тағылымды қызметін таныстырады. Алайда елдің кемеңгер көсемін зұлмат саясаттың өкілдері Бутырка түрмесіне қамап, азаптап арманына жеткіздірмейді.
Біләл Сүлеев
Біләл Сүлеев – халықты ағарту жолында қажырлы еңбек еткен көрнекті алаш қайраткері. Білім мен ілімді мақсат еткен қайраткердің өмір жолын автор дәл суреттеген. «Ұлтшыл» деп айыпталған асыл ердің есімін елі ешқашан ұмытпауға тиіс. Әсіресе жас буын үлгі етіп, ерен еңбегін жоғары бағалағаны абзал. Сол себептен автор жас ұрпаққа Біләл Сүлеевтей қайраткердің ғибратты ғұмырын көркем тілмен суреттей білген:
«Мамания» түлегі,
Қараша елдің тірегі.
Ел ертеңін көксеген
Қайраткердің бірі еді.
Ғұмар Қараш
Алаштың ардақты, рухты ақыны – Ғұмар Қараш. Автор Ғүмар Қараштың образын сурететген өлеңінде қайраткердің өмір жолының әр кезеңінен хабар беретін деректерді молынан пайдаланған. Мәселен, алғашқы жолдарда ұстазы Шәңгерейден бата алып, алаш ұранды ақын атанғаны жайлы жырланады. Әр қарай өлеңде Ғұмар Қараштың педагог, ақын, көзі ашық ер ретіндегі бейнесі суреттеледі. «Тұрымтай», «Қарлығаш» атты жыр кітаптарын жарыққа шығарған ақын ұлтшыл деп айыпталып қалған өмірін қуғында өткізіп құрбан болады.
«Тұрымтай» мен «Қарлығаш»
Жарыққа шыққан кітап боп,
Көрініп жауға жаны қас
Қарсы біткен бұтақ боп.
Есенқұл қажы
Есенқұл қажы ХХ ғасырда өмір сүрген алаштың руханиятын гүлдендіруге үлес қосқан қазақ байы. Қазақ жерінде мектеп ашып, халық ағартушылығы жолында бар дәулетін аямаған ардақты азамат еді. Оның атқарған қызметі мен еңбегі қазақтың әрбір азаматына үлгі болар өнегілі іс. Автор атақты меценаттың образын айшықты да көркем сөзбен жеткізген. Роман бәйгесін жариялаған азаматтың еңбегін ескеріп қазақтың Нобелі деп жоғары баға берген.
Елі үшін туған бір озық ұл,
Бай, мырза, өзі би, өзі құл,
Гүлденткен «Мамания» мектебін
Атақты Есенқұл қажы бұл.
Ермұхан Бекмаханов
Білімі терең тарихшы Ермұхан Бекмахановқа арналған өлеңінде автор парасатты тұлғаның ұлт үшін атқарған қызметін шебер тілмен баяндайды. Ермұхан Бекмаханов тарихқа ұлы хандардың есімін жазбақшы болғаны үшін айыпталып, абақтыға қамалады. Автор өлеңде ақиқатты жазуды көздеген ерді мадақтайды, ұрпаққа танытады. Зұлымдықтың құрбаны болған тарихшы-ғалымның елеулі еңбегін ұмытпауға үгіттейді.
Жүсіпбек Аймауытов
Алаштың аяулы азаматы, көркем сөздің шебері, қайраткер Жүсіпбек Аймауытұлы туралы өлеңінде автор өнегелі тұлғаның қасиеттерін шеберлікпен суреттеген. Алғашқы жолдардан Жүсіпбек Аймауытұлының аштық жылдары халыққа көрсеткен көмегін тілге тиек етеді. Автор қайраткер болмысын ашумен қатар тарихымыз бен өткен күндеріміз жайлы мол дерек ұсынады. Келесі шумақта алаш қайраткерінің әдебиетші ретіндегі образын суреттейді. Ойын айшықты жеткізу үшін «көрікті ойдың шебері» деген кестелі сөздерді шебер қолданады.
Өнеге – ұрпақ, жас ұлға,
Айырбасталмас асылға –
Еңбегі елмен қауышты
Тұп-тура жарты ғасырда.
Елу жыл есімі аталмай келген асыл азаматтың еңбегі халқымен қайта қауышуын жырлай келе, оның келер ұрпаққа өнеге болатынына сеніммен қарайды.
Жаһаншаһ Досмұхамедов
Алаш қайраткері Жаһаншаһ Досмұхамедов туралы өлеңнің алғашқы шумақтарында қайраткер тұлғаның Петербор университетін алтын медельға аяқтаған жетістігі туралы айтылады. Заңгер атанған азаматтың Алашорданың жер мен ел қамын ойлаған еңбегін жоғары бағалайды:
Бойда жігер, мол дарын
Заңгері Алашорданың,
Әрі шешен білімдар,
Ойлаған жер мен ел қамын.
Автор қанқұйлы қызыл қасаптың құрбаны болған аяулы қайраткердің арманда кеткенін өкіншіпен баяндайды.
Иманжүсіп Құтпанұлы
Иманжүсіп Құтпанұлы – қазақтың сал-серілік дәстүрін жалғастырушы, әнші, композитор. Автор өлеңінде Иманжүсіптей өнерпаздың асыл қасиеттерін мадақтайды, өнеріне шынайы бағасын береді:
Алдаспандай жарқылдап,
Шаршы топта озотын.
Атан жілік, нар тұлға,
Өзі балуан, өзі ақын.
Қазақтың сегіз қырлы сал-серілері сияқты Иманжүсіп те құстың алғырын, аттың жүйрігін баптап серік еткен. Ақын Иманжүсіпті оқушыға таныстыру кезінде оның серіктері жайлы сөз қозғайды:
Құстың баптап алғырын,
Аттың мінген күлігін.
Көре алмай жау салдығын,
Теліп жатып бүлігін.
Қазақтың зиялыларымен қатар көзі ашық, көкірегі ояу халық қамын ойлаған бірқатар тұлғалар зұлмат империяның саясаты нәтижесінде жер аударылған еді. Олардың қатарында өнер адамдары да болды. Иманжүсіптің де биік өнері мен шығармашылығын саясатқа қарсы деп танып қуғынға ұшыратады. Бұл орайда автор Иманжүсіптің тағдырына күйінішпен қарайды:
Ер мінезді, бейбақтау
Даланың сал-серісін,
Этаппен айдаттты-ау
Қылмыс санап өр ісін.
Қошке (Қошмұхаммед Кемеңгерұлы)
Қошке Кемеңгерұлы жайлы өлеңінде автор алаш қайраткерінің ұлт үшін атқарған сан түрлі қызметін көркем сөзбен әрлеп тізіп береді.
Арқасүйер танып ел
Кісілігі молдығын,
Ұстаз, ғалым, дәрігер
Түлегі еді Омбының.
Қуғын-сүргін құрбаны болған қайраткердің тағдырын оқушы қауымға шебер тілмен жеткізеді:
Бейбіт асу жолдағы
Сөніп үміт нұр бағы,
Болды осылай ол дағы
Репрессияның құрбаны.
Мағжан Жұмабаев
Ақын алаштың аяулы азаматы Мағжан Жұмабаевқа арналған өлеңінде кестелі сөз бен нәзік иірімдерді көп қолданған. Мағжанның ақындық қуатын, ізгі поэзиясының құдіретін ақын «сұлу» деген сөз арқылы жеткізбекші болғандай. Екінші жағынан әр жолда «сұлу» сөзінің қайталануы Мағжанның өзі жырлаған «Сен сұлу» өлеңіндегі жолдарды еске түсіреді.
Жаны сұлу, тән сұлу,
Ол жырлаған ән сұлу,
Ақын еді сырлы саз
Әлдилеген таң сұлу.
Сезім сұлу, ар сұлу,
«Сүйген ғашық жар сұлу»,
Мөлдіреген жыр еді
Басын иген сан сұлу.
Мұхамеджан Тынышбаев
Әйгілі Түркісіб шойын жолын салуға еңбек сіңірген қайраткер, алаш зиялысы Мұхамеджан Тынышпаевтың ғибратты ғұмыры ржас ұпаққа өнеге. Автор қайраткердің болмысын шебер тілмен жеткізеді. Өлеңде тарихи тұлғаның халыққа атқарған қызметін таныстырады.
Дүниенің байлығын
Теріп ілім-білімнен,
Түркісібке әйгілі
Зор еңбегін сіңірген.
Шойын жолдың көрігі-
Маман еді инженер.
Содан көрген елінің
Келешегін гүлденер.
Міржақып Дулатов
Алаштың ардақты азаматы Міржақып Дулатов туралы өлеңінде автор қайраткердің халқы үшін атқарған абыройлы қызметін, сіңірген еңбегі мен тұлғалық қасиеттерін оқырманға таныстырады. Айшықты сөз тіркестері өлеңнің қуаты мен мазмұнын одан сайын арттырады:
Мінезі өткір, тура, тік,
Қырандай ұшқыр қиялы,
Міржақып атаң Дулатов –
Бірі еді ердің зиялы.
Насихат Сүгірұлы
Насихан Сүгірұлы туралы өленіңде автор ақпа ақынның өмірін үш кезеңге бөліп суреттейді. 1916, 1930 және 1937 жылдардағы ақынның қилы өмір жолы көркем тілмен кестеленген. Әуелі Насихат Сүгірұлы 1916 жылы патша жарлығына сай қара жұмысқа алынған кезеңі, одан соң 1930 және 1937 жылдары абақтыды кешкен азапты күндерін күйінішпен сипаттайды. Өнерпаздың мұң-зарын оқырманға көркем тілмен шебер баяндайды.
Репрессия
Репрессия туралы өлеңінде автор бұл ұғымның мән-мағынасын түсіндіреді. Халыққа әкелген қасіретін, қайғысын баяндайды.
Смағұл Садуақасұлы
Алаштың көрнекті қайраткері, білімпаз тұлға Смағұл Садуақасұлы не бары 33 жыл ғұмырында халқына баға жетпес мұра қалдырып, ел есінде мәңгі сақталған ұлы есім. Оның қайраткерлік болмысы мен алаш үшін атқарған қызметін таныстыратын өлеңінде автор Смағұл Садуақасұлының өмірінің әр кезеңіне тоқталады. Сырлы сөзбен Смағұлдың образын оқушы қауымға танытады. Қайраткердің «Бірлік» ұйымындағы қызметін, «Жас қазақ» пен «Балапан» журналдарын басқарғаны мен ағартушы комиссар ретінде атқарған қызметін автор өлеңге арқау етеді. Осындай білім мен ғылымға құмар жанның ерте үзілген ғұмырына өкінішпен қарайды:
Өр тұлға еді еліне,
Ағып түсті жасындай,
Ілім-білім нәріне
Ынтызары басылмай,
Тұрар Рысқұлов
Алаш зиялысы Тұрар Рысұловқа арналған өлеңінде қайраткердің батыл мінезі, биік рухы, отаншыл жүрегі кестелі ой мен сырлы сөзбен суреттелген. Автор тұғырлы тұлға Тұрар Рысқұловтың тағылымды өмірін тарихи оқиғалармен сабақтастыра жырлаған.
Ұзақ Саурықов
Автор тарихи тұлға Ұзақ Саурықовқа арналған өлеңінде 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі халық батырларының табанды күресі мен ерлігін танытады.
Фатима Ғабитова
Ұлт қайраткері, ақын Ілияс Жүнсүгіровтің жары Фатима Ғабитова туралы өлеңінде автор алаштың аяулы қызының, адал жардың бейнесін көркем тілмен суреттеген. Халық жауының жары ретінде қуғынға ұшырап қиындық көрсе де мойымаған, еңсесі түспеген батыл да қайратты әйелдің образын ақын шебер суреттей білген.
Ілиястай дүлдүлдің
Болғаны үшін жұбайы,
Шексіз қуғын-сүргінді
Жаза тартқан ұдайы.
Жүрсе дағы айдауда,
Жеңе алмаған тақсірет,
Берік шешім, байламға
Ана еді ақ тілек.
Халел Досмұхамедұлы
Сан ғылымды меңгерген, алашқа қызмет еткен ардақты қайраткер Халел Досмұхамедұлына арналған өлеңінде автор қазақ зиялысының еңбегі мен қызметін оқырманға таныстырады. Жүйелі сөзбен Халелдің ғибратты ғұмырын жас ұрпаққа үлгі етеді. Автор өлеңде білікті дәрігер, ұлтымыздың салт-дәстүрң мен әдет-ғұрпын жетік білген фольклор зерттеушісі Халел Досмұхамедұлының өмір жолын өрнекті тілмен суреттейді.
Бірлікке үндеп түрікті,
Рух алған «Алаштан»,
Дәрігер ол білікті,
Қараша елге қарасқан.
Шәкәрім Құдайбердіұлы
Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы өлеңінде автор ақынды ұлы Абайдың шәкірті ретінде таныстырады. Ілім мен білім жолында жүрген ғұламаның үлгілі ғұмырын сұлу сөзбен суреттейді.
Ілім-білім тергені,
Шәкірті еді Абайдың,
Имандылық – сенгені,
Ислам жолы ақ айдын.
Араласпай шен, таққа,
Жазу болып білері,
Ел ішінен аулақта
Тірлік кешіп жүр еді.
Ілияс Жансүгіров
Ақын «қазақ поэзиясының Құлагері» атанған Ілияс Жүнсүгіровке арналған өлеңінде сөз маржандары мен ұтымды тіркестерді қолданғаны көрінеді. Әсіресе Ілиястың ақындық қуаты мен талантын паш ету үшін ақын сұлу сөздерді шебер пайдаланғаны байқалады:
Сөз маржанын тізілтіп,
Күмбез салған дастаннан,
Аққу үнін үзілтіп,
Сыр алдырған аспаннан.
«Ағынды Ақсу» – ардағы,
Сағынышы – құба бел.
Төкпе жырдың тарланы.
Ақын еді Құлагер.
Екінші бөлім
Әдептілік әліппесі
1 тарау
Денсаулық әліппесі
«Бөпешіме» деген тақпақта автор денсаулыққа кепіл болатын ережелерді түсіндіреді. Олар: қол жууды ұмытпау; тіс күтімі; сусебезгі серігің; бой жазу; таза тыныс, таза ауа. Бұл тақпақтарда оқушыға үлгілі азамат болып ер жету үшін әр бала уақытында осы ережелерді сақтау керек екенін үйретеді. Тілі жеңіл әрі жаттауға оңай тақпақтар баланың зейінді, тәртіпті болып өсуіне көмектесетіні анық.
Мазақтамалар деп берілген әзілге құрылған тақпақтар баланы тазалыққа шақырады. Жуынбайтын, салақ баланың күлдіргі бейнесін суреттеу арқылы автор ондай әдеттерден жиренуді үйретеді, балаларды тәртіпті өнегелі болуға шақырады.
Әлмұраттың «ерлігі»
Ерлік айтса Әлмұрат
Ағын судай таласады.
Жуынарда ал бірақ,
Судан қорқып қашады.
2 тарау
Әдепттілік әліппесі
«Бір жақсы мен бір жаман» деген топтама өлеңдерде автор балаларға жақсы мен жаманның парқын ажыратып түсіндіреді. Мәселен, «Жақсы деген немене?» деген өлеңде жақсы деген – ізгілік, инабатылық, иманжүзділік екенін айта келе баланы жақсы болуға, алғыр әрі зерделі болуға баулиды. Ал «Жаман деген немене» өлеңінде адам бойындағы жаман қасиеттерді сынап, олардан жиренуге шақырады. «Әдепті бала» өлеңінде үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсететін әдепті бала болуға шақырады. «Біздің Батан», «Қорқақ Асан», «Бөскен – Өскен», «Сотқар бала», «Батыр» өлеңдері әзіл – қалжыңға құралып әдепсіздік, сотқарлық, жалқаулық, мақтаншақтық сияқты жағымсыз қасиеттерді сынайды. Баланы тәрбиелі, әдепті болуға шақырады.
Әдепттілік әліппесі тарауында әліпби бойынша берілген 4 жолды өлеңдер адамгершілік қасиеттерді мадақтауға арналған.
«А» әріпінен басталатын өлең арлылық пен адалдық сияқты асыл қасиеттерді сипаттайды:
Арлылық пен адалдық
Ұлы қасиет адамдық.
Адал болсаң арлы да
Жуымас еш жамандық.
Қысқа әрі нұсқа, мағынасы терең өлеңдер балалардың парасатты тұлға болып қалыптасуына көмектесетін құрал болары анық.
Бұл тарауда «Әдептілік», «Байыптылық», «Дархандық», «Елгезектік», «Жинақылық», «Зейінділік», «Имандылық», «Кішіпейілдік», «Қайсарлық», «Мейірімділік», «Орнықтылық», «Өрелілік», «Парасаттылық», «Рақымшылдық», «Табандылық», «Ұждандылық», «Үміткерлік», «Ізеттілік», «Ыждағаттылық», «Ептілік», «Жайдарылық», «Өжеттілік» сынды тақырыптармен берілген өлеңдер баланы адами қасиеттерге ие, парасаты биік тұлға етіп тәрбиелеу мақсатында жазылған.
Ата заң
«Ата заң» өлеңі киелі ата заңымыздың ереже мен қағидаларын құрметтеуге, оның қадір-қасиеттін бағалауға шақырады. Ата заңдағы еркіндік пен әділдік, білім мен денсаулыққа қатысты ережелерді баланың танымына сай түсіндіреді.
Ілиястың ақылы
Ілияс деген баланың қызғаншақтық мінезі сыналады.
Әжем болғым келеді
«Әжем болғым келеді» өлеңінде автор ақ жаулықты әженің асыл қасиеттерін, мейірімділігі мен қамқорлығын суреттейді.
Өз тәлімі – сенері,
Әрбір ісі – келелі,
Өнер тамған қолынан
Әжем болғым келеді.
Таудай болып өсеміз
«Таудай болып өсеміз» өлеңінде ел қорғаны болатын баланың бейнесі суреттеледі. Бұл өлең баланы асқар таудай азамат болып, өз отанына адал қызмет етуге жігерлендіреді.
«Бұзауқан». «Түйе, түйе, түйелер» тақпақтары төрт түлік мал тақырыбына қатысты өлеңдер. Баланың дүниетанымын кеңейтуге бағытталған шағын тақпақтар ата-бабамызыдың ұстанған салтынан түсінік береді.
Ащы сабақ
(Әфсана)
Ащы сабақ деген тақырыппен ұсынылған әфсанада автор білім мен тәрбие егіз ұғым деген идеяны алға тартады. Әфсананың негізгі кейіпкерлері ұстаз, ғұлама және шәкірт. Оқиғаның қысқаша мазмұнына тоқталсақ, күндердің бір күнінде бір патша баласын баламды білім мен ғылымға үйрет деп ұстазға тапсырады. Ұстаз баланы білімге үйретеді. Алайда тәрбиесіне көңіл бөлмейді. Сөйтіп білім, ілім жиған патшаның баласы алған білімін елді жаулап алуға, халыққа зорлық көрсетуге жұмсайды. Бұл қасіретті көрген ұстаз шәкіртіне ақыл айтып тоқтатпақшы болады. Алайда шәкірті ұстазың жазаға тартып, суға атыңдар диуананы деп уәзірлеріне бұйрық береді. Суға батып бара жатқан ұстазды жиһангерлер құтқарып қалады. Ұстаз бұл оқиғаны ғұламаға айтып береді. Сонда ғұлама: «Тәрбиесіз төте білім, таппас иман өлшемін» – деген тоқтамға келеді.
Үшінші бөлім
Киелі сандар
Киелі сандар туралы бөлімде автор сандардың ретін үйретумен қатар, сандардың киесіне қатысты өлеңдерді ұсынған. Мәселен, үш санына қатысты «Үш арсыз», «Үш қуат», «Үш тоқтам», «Ер кезегі», «Үш көз», «Үш қасиет», «Үш жұрт» деген өлеңдер бар. Бұл өлеңдерде үш санына байланысты аталатын қазақи ұғымдарға анықтама берілген. Сол секілді төрт санына байланысты «Төрт құбыла», «Төрткүл дүние»; бес санына байланысты «Бес парыз»; жеті санына қатысты «Жеті ата», «Жеті жарғы», «Жеті қазына», «Жеті құрылым», «Жетіқарақшы», «Жеті байлық», «Жетіген», «Жеті ғаламат» деген ұлттық дүниетанымымыздағы ұғымдармен байланысты киелі сандардың мән-мағынасын ашатын өлеңдер топтамасы ұсынылған.
Елдос ТОҚТАРБАЙ, Ruh.kz
(Жалғасы бар…)