Жаңалық Редакция таңдауы

Ертеңгі Жолдауда не айтылуы мүмкін. Сарапшы пікірі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды.

Ертеңгі Жолдауда экономикаға түбегейлі өзгерістер әкелетін нақты шешімдер айтылуы керек, ең бастысы Үкімет басшысының ауысуы күтіледі. Бұл пікірді саясаттанушы Елдос Жұмағұлов айтты, деп хабарлайды Ruh.kz тілшісі.

Түйінді мәселелер көп. Саяси реформаларды жалғастыруға қажеттілік бар. Билікті шын мәнінде децентрализациялау (орталықсыздандыру)  керек. Коррупция және олигополиямен күресте әлі де шешуші қадамдар күтеміз. Ең бастысы экономикаға түбегейлі өзгерістер қажет. Экономикалық өсуді ынталандыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін қабылданатын нақты бағдарламалар мен шаралар ұсынылуы тиіс. Осы жерде Президент командасының бұл бастамаларды дайындауға мүмкіндігі мен әлеуеті жетеді ме деген сұрақ бар, – деді ол.

Елдос Жұмағұлов Мемлекет басшысының 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауынан  инфрақұрылымды, өңірлерді дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, халықаралық қатынастар, экологиялық және өндірістегі қауіпсіздік, әлеуметтік салалар бойынша күтілетін өзгерістерге тоқталды.

Халықаралық қатынастар. Президент Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымын және басқа елдермен байланысын нығайту үшін қабылданатын нақты шараларды ұсынады деп ойлаймын.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Президент Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту  және олигополиямен күресті әлі де қарқынды жүргізу керек. Бұл салада әлі толыққанды жұмыс басталған жоқ деп санаймын.

Экологиялық және өндірістегі қауіпсіздік. Бұл салада үкімет нақты ұстанымын анықтау қажет. Компанияларға осы саладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды орындату керек.

Инфрақұрылымды дамыту. Көлік, энергетика және коммуникациялық инфрақұрылымды жақсарту үшін қабылданатын нақты шаралар жариялануы керек. Өңірлердегі инфрақұрылым әбден ескіріп бітті.

Өңірлерді дамыту. Бұл үшін билікті шын мәніндегі орталықсыздандыру және жергілікті өзін-өзі басқару туралы Заң жобасын қабылдауды тезірек аяқтауды, сондай-ақ  аудан әкімдерін сайлауын бастау туралы нақты шешім жариялауы мүмкін. Саяси реформалар аяғына жеткен жоқ. Осы сала бойынша маңызды ұсыныстар айтылуын күтеміз.

Әлеуметтік саланы дамыту. Ол сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларын қоса алғанда, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қабылданатын нақты бағдарламалар мен шараларды жариялауы мүмкін, – деді саясаттанушы.

Сонымен қатар саясаттанушы Үкімет құрамының ауысуы күтілетіндігін айтты.

Экономикалық және инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, ағарту, ұлттық экономика саласындағы министрліктер жұмысын ширатуды қажет етеді. Ғылым және жоғары білім министрі де халық күткендей өзгерістер жасай алмады, – деп қорытындылады Елдос Жұмағұлов.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button