ЕРТІСТІҢ ЕРКЕ БҰЛБҰЛЫ
ХХ ғасырда өмір сүрген жарық жұлдыз еді. Ол өзі қазақ па, татар ма? Біздің ұлтымызға оның расымен қатысы бар ма? Майраның тағдыры туралы не білесіз? Сұрақ көп, жауап аз. Қайтпек керек?!
Қызы едім Керекудің Майра атым,
Тартады бозбаланы магинатым.
өнердің бес-алты ауыз арқасында
үш жүздің таныс қылдым азаматын.
Үбәйра, үбәйра, әккурә-рә, рәй-рә,
Үбәйра, үбәйра, әккурәрә,
Рәй-рә, таныс қылдым, Үбәйра.
Бұл – Майраның әні «Үбәйра» еді. ХХ ғасырдың басында күллі қазақ даласын әнге бөлеген Майра Уәлиқызы болатын. Ерке Ертістің жағалауындағы кербез Кереку шаһарында дүниеге келген Майра Шамсутдинова!
Ән – Майра! Ерке Майра!
Майраның музей үйінен көрініс
Бірақ тағдыры ауыр, соқтықпалы, соқпақты жолдан өткен. Не жардан, не жамағатынан жылу көрмеген. Тым болмаса сәби сүйіп, ана бақытына бөлене алмады. Мұңлық жан…
***
Осы жылдың 18-24 қыркүйегі күндері Кереку топырағына іс-сапармен барып едім. Павлодар атанған бұл шаһар сонау заманнан ескі стиль, ескі нақышпен әрленген цивилизациясы бар қала емес пе?! Тығыз жұмыс арасында уақыт тауып, әнші Майраның мемориалды музей-үйіне кіріп шықтым. Музейде тағдырлы талантқа тиесілі заттар, оның қолданған бұйымдары және майратанушылардың зерттеулері жинастырылыпты. Майра туралы аз жазылған жоқ. Ұлы Ғабең, Ғабит Мүсірепов «Атақты әнші Майра» деп жазып еді. Академик Ахмет Жұбанов «Асқан әнші, үздік композитор» деп жоғары бағалап, көлемді зерттеуін арнады. Жыр тұйғыны Әбділда Тәжібаев «Майра» поэмасын жазып, өлең сөзден әншіге ескерткіш соқты. Соның бәрі-бәрі музей қорында қыздың жасауындай әдемі сақталыпты. Музей жетекшісі Ерлан мырза Рахимов Майраның тағдыры, ол туралы айтылып жүрген алып-қашпа әңгімелер туралы жақсы мәліметтер айтып берді.
Музей директоры Ерлан Рахимов пен экспедиция мүшелері
Десе де, менің санамда бала күні атамнан естіген бір әңгіме кетер емес. Ол әншінің біздің ауылға келгені, Ақсу даласындағы естен кетпес ерке күндері…
Жазушы Елдос Тоқтарбай Кереку, Баянауыл өңіріндегі сапарынан көрініс
***
1909 жылы Жетісуда алғаш рет мектеп ашылып, күллі қазаққа сауын айтып, Маман қажы балалары ұлан-асыр той өткізді. Маман қажы Қалқабайұлының рухына арнап ас беріп, құран-хатым оқытады. Алты Алаш баласы шақырылған бұ жиынға ой қазағы да, қыр қазағы да, тау қазағы да ағылып келеді. Жетісуға ат арытып, сонау Ертіс жағасынан әнші Майра Уәлиқызы да келген-ді. Майраның Жетісуға, соның ішінде Қапал-Ақсу жұртына келуі – үлкен мәртебе, даңқ болыпты. Біздің ауылда әнші Майраның Жетісуға келгені әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. Рас, Жетісу даласын әнге бөлеп, сауық-сайранға толы қаншама күнді есте қаларлықтай өткізген әншіге дүйім ауыл жұрты таңқалып, тамсаныпты. Таңқалып, тамсанатындай жөні бар еді. Бұ Майраның тамағына бұлбұл ұялап, тіліне небір дауыс қонған-ды. Майра ән салғанда тегіс дала, тау мен тас мүлгіп, қалың ұйқыға кетеді екен. Құс тілінде сөйлеген қайран Майраның тағдыры күрмеуге келмейтін қысқа жіп сияқты болыпты… Өнер адамының қайсысы шалқып, балқып ғұмыр кешті дерсің? Менің Сара апам, ақын Сара Тастанбекқызы да торға түскен тотыдай өмірден зорығып өтті емес пе?! Құдай Тағала осы қыздарға үйіп-төгіп өнерді де, сол өнермен пара-пар деңгейде ауыр тағдырды да берген екен ау…
Майра Жетісу даласында екі жылға жуық тұрақтап, «Мамания» мектебінде оқытушылық қызмет атқарыпты. Келісілген мерзімін абыроймен өтеп, Маман балаларының алғысына бөленіп, ел-жұртың құрметін арқалап, Кереку – атажұртына жолға шығар кезінде, Ақсудың айбоз ұлы, сол шақтағы өлеңнің жас перісі Ілияс ақын, кәдімгі өлеңсөздің құлагері Ілияс Жансүгірұлы Майра апасына:
Майра апай, сіз бе едіңіз өресі асқан,
Құмар ем әніңізге бала жастан.
Сайраған үніңізді естігенде
Тіл қаттым жастығыма қарамастан!
Мен де бір талаптанған ініңізбін,
Жарқ еткен ұшқынымын жырыңыздың.
Қабыл ал, өлеңменен өзіңізге
Тарту ғып жас жанымның гүлін үздім.
Сайрап еді Керекудің жыл құсы кеп,
Мәз болып қалған жоқ па құрбысы көп.
Сіз бізге жат емессіз, санаймын мен
Сарадай апамыздың сіңлісі деп.
Өнердің қанат қағып өріне сіз,
Шықтыңыз құрметпенен төріне сіз.
Еліме қайтып барам дедіңіз де,
Ұзатқан қызымыздай көрінесіз.
Майра апай, бізді де сіз ұмытпаңыз,
Көңілді бізге деген суытпаңыз.
Көгімде әніңізді қалықтатып,
Ақсуды тағы келіп құттықтаңыз, –
деп өлең арнағаны бар. Жас ақынның өлеңінің әр жолына назар аударсаңыз, Майраның әуелетіп салған әні, Жетісудың еркесіне айналғанын көресіз. Расымен, Майра Жетісу жамиғатының ырзашылығын алған сыйлы адамы еді.
Асылы, ХХ ғасырдың басындағы Қапал-Ақсу өңіріндегі Қарағаш қаласы, көк шатырлы бірыңғай әдемі үйлер. Тоғыз жолдың торабындағы базар, сауда-cаттық. Баяғы Жібек жолының ізі қалған, Шығыс Азиямен Қытайды жалғап жатқан бұ мекен – өркениет бесігі болған, қазақтың игі-жақсылары аялдап, ат шалдырған жер еді. Қарағаш қаласына Алаштың серкісі Міржақып Дулатұлы арнайы қонақ болып келсе, 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхатынан» кейін Патша жандармериясының қуғынына ұшырап, адвокат Жақып Ақбайұлы осы Қапалға жер аударылып, борышын өтеген. Саяси қуғында жүрген адвокат, атақты оқымысты Ақбайұлы Маман балаларымен тығыз қарым-қатынаста болып, Жетісу жұртының жер таласы, алым-салық мәселесіне араша түсіп, жергілікті билікпен өзара келіссөз жүргізген. Ал, Көлбай Тоғысов, Мұстақым Малдыбайұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Файзрахман Жиһандаров бастаған қазақ оқығандары «Мамания» мектебіне оқытушы болып, Ақсу жастарына білім дәнегін сеуіп, олардың көкірек көзін ашқан-ды. Міне, осындай қазақтың «мен!» деген арыстары тұрған шаһар еді. Қазақтың алғашқы Уставын жазып, Алаш серкелерімен бостандық ұранын көтерген Барлыбек Сырттанұлы, оның оқымысты әрі зиялы Тұрлыбек ағасы Маман балалары: Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұлдармен бірігіп, оқу-ағарту саласына зор үлес қосыпты.
Енді сөз әнші Майраның Жетісуға қалай келгені жайында болсын. Маман қажы дүние саларының алында ұрпақтарына «мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеу ісіне үлес қосыңдар», – деп өсиет айтыпты. Абыз әкей өмірден өткен соң, Маман балалары әке өсиетіне адалдық танытып, мектеп ашу қамына кіріседі. Мектептің ашылуына, оның оқу программасы мен құрал-жабдықтарын алдыру, ұйымдастыру шаруасымен сол уақыттағы Жетісу облыстық әскери басқармасының бөлім басшысы, заңгер Барлыбек Сырттанұлы айналысыпты. Бәкең Қазан, Уфа медреселерінің оқу-әдістемелік программаларын алдырып, «Ғалия» мектебінің үлгісі бойынша жаңа ілім (жәддит) жобасын даярлап, «Мамания» мектебінің оқу жоспарына енгізеді. Барлыбек өзінің таныстары арқылы жан-жаққа хабар бергізіп, мектепке оқытушылар тарта басайды. Ақырында игі бастаманы құп көріп, тұтас қазақ сахарасынан қазақ жастары үшін «жүрек майын шам қыламын» деген азаматтар жинала бастайды. Осындай ұсынысты қолдап, керекулік Майра ханым да келген екен. Сасан Нұрғалымовтың «Ақын аға және әнші Майра» мақаласында: «… революциядан бұрын Қарағашта сегіз жылдық мектеп ашылып, ағартушылық игі істер істелген. Медресенің іргетасы «1907 жылы қаланып, 1909 жылы аяқталған. Екі жүзге тарта шәкірті бар, сегіз кластық бұл медресеге оқытушылар іздеп, Маман балалары Уфа, Қазан, Орынбор, Троицк шаһарларына хат жолдайды. Көп кешікпей, тұс-тұстан оқытушылар келе бастайды», – деп жазады. Өлкетанушының бұл пікірі шындыққа жанасады. Өзіміз ҚР Орталық архивінің сирек қорымен жұмыс істегенімізде, осы мектептің ашылу тарихымен танысқан едік. Сол деректерде де осы мәлімет берілген екен. (Бұл деректерді алдағы уақытта оқырман назарына жүйелеп ұсынамыз).
Майраның Керекудегі музей үйі
Былтырғы жылдың шілдесінде елге барып, атажұртты көрген ем. Жұрт үдере көшіп, тек бейіттің ғана орны қалыпты. Жетім көңіл жараланып, жанымыз құлазып еді. Ну басқан қалың қамыс пен жыныстың ортасын кезіп жүріп, мектептің орнын тауып, айналаға шолып қарадым. Бір кезде өркениет бесігі болған қайран Қарағаш азып-тозып кетіпті. Ал, келесі жылы, яғни 2019 жылы бұ мектептің ашылғанына 120 жыл толады екен. Баяғыда атам аузының суы құрып айтып еді: «Пәлі, бұл жерде ақ пен қызылдың арпалысына дейін мектеп болған. Бұ мектепте Ыбырайым атаң білім алған. Халида апаң оқыған. Алаштың алтын ұясы еді ғой, қайтейік, сақтай алмадық». Осылай қара шал өксігін баса алмай жылап еді ғой. Егер, осы мектеп өртелмегенде, Қарағаш шаһары от құшағында кетпегенде, Алаштың ұлы рухы әлі маздап тұрар ма еді. Самал жел соққан сайын алыстан сыңсып Майраның әні естілгендей болады… Иә, иә… Сол баяғы таныс әуен, таныс ән. «Майраның жүрген жері күнде базар…».
Кең маңдайыңа тар дүние, зор да мол талабыңа аз сыбаға бұйырыпты қайран Майра… Әр адамның тіршілігінде ұмытпайтын бір аяулы сәт болады ғой. Менің ұмытпайтын, есімнен кетпейтін оқиғам – атам айтқан Сен туралы әңгіме еді.
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
жазушы,
ҚР “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты