Есет батыр Көкіұлының мавзолей кешені
Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: 1667-1749 жылдар.
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Бестамақ ауылынан 3 шақырым шығыста.
Зерттелуі: Қазақтың әйгілі батыры Есет Көкіұлы туралы тарихи деректер Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатында, Санкт-Петербургтегі Орталық мемлекеттік мұрағатта, Мәскеудегі орталық мемлекеттік әскери мұрағатында, Алматыдағы және Ташкенттегі орталық мемлекеттік мұрағаттарында сақталған. Орыс елші-офицерлері Тевкелеевтің күнделіктерінде, Неплюевтің жазбаларында, сонымен қатар ауыз әдебиеті мен фольклорлық нұсқаларда батыр есімі кездеседі.
Есет батыр өмірін зерттеуші ғалым, тарихшы Зәкіратдин Байдосұлы Орынбор орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған батыр өміріне қатысты деректерді саралап, онда «1690 жылы Есет батырдың 23 жасында Тама ішіндегі Торым аталығының жетекшілігінде болғандығын» көрсетеді. Ғалымдар Есет батыр Көкіұлының бүкіл саналы ғұмырын екі кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқысы – 1690-1710 жылдар аралығындағы уақыт. Бұл кезеңде батыр аюке бастаған Еділ қалмақтарының әскерімен шайқасып, қазақ жері үшін төнген қауіптермен күрес үстінде жүреді.
Екіншісі – қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күрес кезеңі. Есет батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін ел болып бірігіп, жоңғарларға алғашқы алапат соққы берген Бұланты шайқасына қатысып, езілген елдің еңсесін көтерткен Ұлы жеңіске өз үлесін қосады. Ал тарихи бетбұрыс жасаған Аңырақай соғысында ол Кіші жүз құрамының туын көтерген батыр болады. 1743 жылы 3-шілдеде Ресей патша үкіметінің жарлығымен Есет Көкіұлына тархан атағы беріледі.
Қысқаша анықтамасы: Есет батыр Көкіұлы мемориалдық кешені – 1992 жылы бұрынғы бұзылған кесене орнына салынған. Кешен б.з.д VІ-V ғ.ғ ежелгі көшпенділер дәуірінің археологиялық қорғанынан, ХІХ ғ. құлпытасы бар тас қоршаулардан, шырақшы үйінен тұрады. Кесене Маңғыстаудан әкелінген ұлутас блоктардан тұрғызылып, ұлутас плиталармен сыртынан қапталған. Есет батырды халық қасиетті, әулие жер деп толассыз туә етуде.