Ақтөбе облысы

Есет - Дәрібай кесенесі

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: XIX ғасырдың аяғы

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Байқадам ауылынан 10 шақырым оңтүстік-батыста.

Зерттелуі: Қазақ шежіресі мен тарихында екі Есет қалған. Бірі – Тама Есет, екіншісі – Шекті Есет. Осы Шекті Есет Көтібарұлы Қазақ елінінің Батыс өлкесін отарлаушылардың қанды-қансыз, зорлық-зомбылыққа толы езіп жаныштануына қарсы халықты көтерген ұлт-азаттық көтерілістің ұйымдастырушысы болып табылады. Белгілі қаламгер, журналист жазушы Тауман Төрехановтың «Дала Геркулесі» атты тарихи романында Есет Көтібарұлы туралы Е.Ковалевскийдің, В.Залесскийдің, В.А.Перовскийдің В.В.Григорьевтың, Н.Игнатьевтың, сондай-ақ Шоқан Уәлихановпен, Михаил Венюковтың зерттеу жұмыстарын жүргізгендігі аталып өтеді және оған автор өзінің түсініктемелерін береді. Сонымен қатар Ғ.Ахмедовтың «Жем бойында» және З.Байдосов пен Т.Төлепбергеновтың «Есет батыр» атты кітаптарында аталған тұлға туралы нақты мәліметтер келтірілген.

Қысқаша анықтамасы: ХІХ ғасырда өмір сүрген халық батыры Есет Көтібарұлына алғашқы кесене 1890 жылы төртбұрышты шикі және күйген кірпіштен күмбезделіп өріліп, қабырғалары әшекейленіп тұрғызылады. Алайда уақыттың әсерінен және табиғи факторлардың салдарынан бұрынғы кесене құлап қалған. Оның орнына екінші рет қазіргі заманның сәулет өнерінің талаптарын ескере отырып ұлттық нақыштағы кесене 1993 жылы қайтадан тұрғызылады. Құбылаға қарағанда кесененің оң жағындағысы – інісі Дәрібай, ал сол жағындағы Есет Көтібарұлының кесенесі болып келеді. Екі кесененің ортасында биік шырақ мұнара бар. Кесененің жанына құлпытастар орнатылған. Кесененің ұзындығы мен ені 7х7 метр, биіктігі 8 метр. Екі кесененің ортасындағы мұнараның биіктігі 16 метр. Мұнарадағы мрамор тақтаға сол кездегі тарихи тұлғалардың аттары жазылған.

Аңыз әңгіме: Кемеңгерлігімен, қамқорлығымен, батырлығымен аты шыққан халық батыры Есет Көтібарұлының тарихымызда алатын орны ерекше. Ол әулие, аруақты адам ретінде барша халыққа танымал болған. Естіген білген әр адам бабаның басына барғанда, тұсынан өткенде тоқтамай, бас иіп, дұға оқып, тағзым қылмай өткен емес.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button