Ескіше ауа райын болжау
Ескіше күн райын анықтай аласыз ба? Бірге үйренейік.
Сайын даланың төсінде ешқандай құрылғыларсыз-ақ ғасырлар бойы ғұмыр кешіп келген қазақ күн райын өзінше болжай білген. Үй жануарларының қылықтарына қарай, құстың ерте не кеш ұя салуына, ұяның қалай орналасқанына да мән беріп күннің қалай құбыларын анықтаған. Сәйкесінше амал да жасаған. Астрономияны меңгермеген, биологияны білмейтін, синоптикадан сынақ тапсырмаған халықтың осыншама білігі расымен таңқалдырады. Сіздердің назарларыңызға сол ескі болжамдардың бірсыпырасын ұсынып отырмыз.
ҚҰСҚА ҚАТЫСТЫ:
- Дуадақ жылы жаққа үшып кетпесе, қыстың жайлы боларынан хабар бергені.
- Шіл мен құр қардың астына қорғалайтын болса, көп кешікпей боран соғады.
- Шүлдер көптеп топталып жүрсе, қыс қатты болады.
- Жаздың жаңбырлы болып, судың көтерілерін қамыс торғайдың ұясының орналасқан жеріне қарап анықтаса болады.
- Сонымен бірге жаз жаңбырлы болатынын іргесін биіктеткен, саздан соғылған қызыл қаздың ұясынан да білсе болады.
- Сондай-ақ жаздың құрғақ боларын ойпаңға салынған бозторғай ұясы жаршылайды. Ал ұя қырға салынса жауын-шашынның мол болары анық.
- Жарқабақтағы, талдағы, жердегі ұя атаулы биіктетіліп салынса, су тасқыны болады.
- Қара қарға топтасып алып қарқылдап ұшса, күн бұзылады.
- Жылы жаққа ұшып бара жатқан құстар топ-тобымен ұшуы күздің жылымық кезеңі тағы біразға созыларынан белгі береді.
- Құстардың жылы жаққа төмендеу ұшқаны – қыстық қатал боларынан хабар бергені.
- Саңырау құр тал басында қонақтайтын болса, қалың тұман түседі.
- Күн суытарда тауық қоразданып, жерді қопсыта бастайды.
БАУЫРЫМЕН ЖОРҒАЛАУШЫЛАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ:
- Суыр жылдағыдан ертерек ініне жатса, қыс суық болады.
- Суыр інін топырақпен қоршап тастаса, қар тез еріп, су тасқыны болады.
- Суыр жылдағыдан ерте інінен шықса, ауа райы жайлы болып, күн ерте жылынады.
- Суыр мезгілінен тыс жайылса, күн суытады.
- Жауып тұрған жауынды ала тышқанның айқайлап шақырғаны тоқтатады.
- Ала тышқан жауынды тоқтатып қана қоймай, қырға шығып шақырып күн райын бұзып та жібере алады.
- Сұр тышқан шақыруын доғара қойып, ініне тығылар болса, жапалақтап жауған қарды күтіңіз.
- Жауын жауарын үйірімен жайылымға шыққан дала тышқандарға қарап та анықтайды.
- Көртышқан сулы жерден алыстау жерді паналап, ін қазар болса, жаз жауынды болады. Сәйкесінше өзенге не көлге жақын қазса жаз құрғақ болады.
- Інінің топырағын алыс жерге үйсе, қыс жақсы да жайлы болады.
- Іннен шыққан топырақты інінің жанына үйсе қыс қаһарына мінеді.
- Жылан адамға көп кездесе берсе, жауын-шашын болады.
БАЛЫҚТАР МЕН ЖӘНДІКТЕРГЕ ҚАРАП:
- Көлбақа судан шыға сала бауырын сазға басса, жауын жауады.
- Көлбақаның құрқылы күнді жылыта түседі деген сенім бар. Жазда құрқылдаса күн ыси түседі де, қыста құрқылдаса күн жайлы болады.
- Жауын жауар алдын, көл бетінде шабақтар шарпып ойнайды.
- Жауыннан бұрын шегіртке шырылын тыяды.
- Жауынға дейін көбелектердің пана іздеп, тығылып қалатыны бар.
- Жаздың құрғақ боларын көк жасыл шегірткенің көптігі көрсетеді.
- Қыстың жайлы боларын жылқы бауырына қонған бүгеліктерден білуге болады. Керісінше жылқы басынан асып ұшса, қыс ашулы болады.
ЖАНУАРЛАРҒА ҚАТЫСТЫ:
- Күзде ұсталған қоян қоң жинап жүрген, семіз қоян болса, қыстың аязды боларын біле бер.
- Киік пен қарақұйрыққа да қатысты осындай болжам жасауға болады. Бірақ ірі аңдар тек аязға ғана емес, қалың қарға да осылай дайындалады.
- Ауа райы бұзыларда бұғы мүйізін шайқайды.
- Жайлы қыстың жақындағанын кеш шақырған бұғыға қарап біледі.
- Боран болайын дегенде қарақұйрық пен киік тобылғы, сексеуіл, қарағандарды паналайды.
- Күннің жылынарын, сеңнің жүрерін өзеннің солтүстік қапталына шығып кеткен қарақұйрық пен киікке қарап біле берсе болады.
- Қыста қардың жұқа түсерін күздің күні бұлақ сағалап жүрген қарақұйрық не киікке қарап анықтайды.
- Бөкендер үйірленіп, сай-саланы паналап жүрсе, күн суытады.
- Қай жылы көктем ерте шығып, су таситын болса, сол жылы аю апанын биіктен қазады.
- Қай жылы қыс қатты болатын болса, сол жылы арқар ойға түсіп, ойда жайылып жүреді.
ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНЫҢ ҚЫЛЫҚТАРЫНА ҚАРАЙ:
- Қыстың қатты боларын жаз айларында ыққа қарай жайылып, жусап жүрген жылқылар жаршылайды.
- Боран боларда жылқы оқыранып жусайды.
- Күн бұзыларда жылқы малы ішін тартып алады.
- Күннің жылынып, кешікпей қар суын ішерін, жылқы малы ерте сезіп ерінін жыбырлатып, оқыранады.
- Қырға шығып тояттаған жылқы, келер қыстың қатты боларын хабарлайды.
- Қой өрістен езуіне шөп қысып алып келсе, қыс қатты болады.
- Боран боларда қотандағы қойлар ықтап жусайды.
- Жайлы қысты сезген қой қораға асықпай кіреді.
- Қалың қардың боларын тұяғымен төсін қасыған қой білдіреді.
- Бораннан қорыққан қой тісін қайрайды.
- Боран соғарда түйе тынымсыз пысқыра береді.
- Керісінше жылымық кезеңді сезген түйе ерінін жыбырлатып, маужырап тұрады.
- Қатты қыстың келе жатқанын сезген түйе сары ала күзден бастап ықтай береді.
- Жауын жауарын сезгенде ит пен мысық бауырына тұмсығын тығып алып ұйықтайды, немесе иіріліп жатады.
- Күн суытарда мысық бұйығып, үйден шықпай қояды.
КҮН МЕН АЙҒА, ЖҰЛДЫЗҒА ҚАРАП БОЛЖАУ:
- Ауа райы оңаларда күн құлақтанып батады.
- Керісінше күн суытарда не жауын жауарда күн құлақтанып шығады.
- Жаздың жауынды, қыстың қарлы боларын күннің көзін жапқан бұлтқа қарап болжайды.
- Қардың қалың түсерін қораланған күн біледі.
- Күн жылынарда кешкі аспан қызыл шапақ шашып, көкжиек ашылып сала береді.
- Күн ыситын болса, күннің көзі мұнартып шығады.
- Күн батарда батыс жақ аспан қызыл шапақтанып жатса, келесі күні күн ыстық болады деп біле беріңіз.
- Ай өзіне жайлы, елге жайсыз болып туады.
- Мал-жанға қолайсыз ауа райының болары тоғыс уақытындағы Үркер мен Айдың алшақ тұрғанынан түсінікті болады.
- Сәйкесінше мал мен жанға жайлы ауа райының боларын тоғыс кезіндегі Үркер мен Айдың жақын тұрғанынан түсінсе болады.
- Жауын-шашынның мол боларын суға түскен Үркер айтады.
- Керісінше, жылдың құрғақ боларын қырға түскен Үркер «естіртеді».
БҰЛТҚА БАЙЛАНЫСТЫ БОЛЖАУЛАР:
- Күннің күрт бұзыларында бұлт ортасынан ыдырайды.
- Күннің жылы боларын шетінен ыдырап бастаған бұлт білдіреді.
- Үскірік аяз болып, қатты жел тұруын көкжиектен будақталып көрінген бұлттың өркештеніп көтеріліп барып ыдырап кетуінен біледі.
- Ат бауыран дейін жететін қардың жауарын көкжиектен көтерілген будақ бұлттың көк аспанды тұтас жапқанына қарай аңдайды.
- Қыстың күні қар жауатынын желге қарсы жүзіп бара жатқан бұлттан біледі.
- Қыстың қатты боларын жаздың күні бозаң тартқан көк аспан айтады.
НАЙЗАҒАЙ МЕН ЖЕЛГЕ ҚАТЫСТЫ БОЛЖАУЛАР:
- Қыстың бораны – жаздың желі. Жаз желді болса, қысқы борандар да көп болады.
- Күн райының күрт өзгеріп, оңала түсерін ұзақ уақыт бойы оңтүстіктен соққан желдің кенет бағытын өзгертіп шығыстан бола кетуі көрсетеді.
- Керісінше күн ұзаққа оңтүстіктен болып тұрған жел кенет тынып, батыстан соға кетсе күн бұзылады.
- Осындай жағдай жазда болса аңызақ жел туады, қыста ызғырық болады.
- Шөптің шүйгін шығуы көктемдегі алғашқы жауынның күркіріне қатысты делінеді.
- Қыстың жылымық болуы жаздағы найзағайлардың жиілігіне де байланысты.
- Қыстың қысқа ғана болары қазан айындағы күннің күркірінен-ақ белгілі.
- Шөптің қалың бітерін, шықтың қалындығынан да аңғарады.
- Қыстың жайсыз болатынын шөптің қаншалықты ерте қатқанынан біледі.
- Қатты қыстың келе жатқанын қалың біткен сарымсақ қабығы аңғартады.