«Eurasian Book Fair - 2018» халықаралық кітап жәрмеңкесі ашылды
Аталмыш кітап жәрмеңкесіне мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Ол сөзінде Елбасының “Жаңа гуманитарлық білім”, “Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы аясындағы алғашқы 18 оқулықтың таныстырылымында айтқан «Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Ол барлық адам үшін үш форматта қолжетімді болады: әдеттегі қағаз кітаптар түрінде, электронды онлайн-нұсқада және үздік лекторлардың видеотека форматындағы ашық дәрістері түрінде», – дегенін тілге тиек етті.
Мемлекеттік хатшы бұл айтулы шараның Астананың 20 жылдық мерей тойымен қатар өтіп жатқанына ерекше атап өтті.
– Жаһандану және цифрлық технологиялар ғасырында кітап бұрынғыша жаңа білімнің қайнар көзі болып қала береді. Ол бүкіл болмысты танып-білудің ғаламат құралы болып табылады, – деді мемлекеттік хатшы.
Биыл көрмеге тілектестік білдірген әлемнің 18 мемлекетінен 155- тарта компания мен ұйым өкілдері қатысуда. Олардың арасында, Польшадан келген «Kurtiak and Ley Artistic Publishing House» және ресейлік «Наука» сынды басқа да әлемге әйгілі баспалар бар.
Сонымен қатар, мемлекеттік хатшы «Eurasian Book Fair – 2018» көрме-жәрмеңкесіне қойылған кітаптардың экспозициясымен танысып, жоғары бағасын берді. Шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған баспалар мен көрмеге қатысушы ұйымдарға шығармашылық зор табыс пен жеңістер тіледі.