Фольклор мен музыка көптомдықтары жарыққа шықты
«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы бойынша дайындалған көптомдықтардың тұсауы кесілді.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып жатқан «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы бойынша дайындалған «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының, «Ұлы даланың көне сарындары» үштомдығының ІІ томын, сондай-ақ «Ежелгі дәуір әдебиеті» бестомдығының ІІ, ІІІ томдарын көпшілікке таныстырды.
Бұл туындылар – халықпен бірге жасасып келе жатқан үлкен мәдени, тарихи тағлымға толы танымдық рөл атқарушы рухани күш. Сол себепті ұлттың дүниетанымы, философиясы, этикасы, эстетикасы, тарихы айшықты да анық көрініс тапты.
Игі іске Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ұстаз-оқытушылары мен өнерпаздар, қажеттігіне қарай өңірлердегі дәстүрлі өнер мектептерінен де жыршы-орындаушылар да жұмылдырылды.
Аудиожазба мен цифрландыру жұмыстары арнайы студияларда жүзеге асырылды. Оның баспаға дайындау жұмыстарын Институттың ғалым-мамандарынан жасақталған арнайы шығармашылық топ жүзеге асырды және олардың жұмысына редакциялық алқа, жобаның ғылыми жетекшісі, ғылыми және жауапты редакторлар, ғалым-сарапшылар, сондай-ақ институттың Ғылыми кеңесі басшылық етті.
Аймақтық, тармақтық, нұсқалық түрге бөлінетін бай, әрі шексіз мұраның ішінен аспаптық музыканың 335 таңдамалы үлгісі іріктелді. Күйлердің нотасы аудио материалдармен салыстырмалы түрде нақтыланып, сол күйді орындайтын күйшінің тартуымен сәйкестендіріліп, хатталды. Күйшілер туралы негізгі мағлұматтар мен күйлердің аңыз әңгімелерден тұратын ғылыми-танымдық түсініктемелері бірінші томның жалғасы іспеттес қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде берілді. Сондай-ақ, тұңғыш рет қазақтың төл мұрасы ұсынылған басылым заманауи форматта электронды құралдарға көшіріп алып пайдалануға қолайлы болатындай арнайы QR кодпен, CD дискпен бірге жарыққа шығарылды.
Биыл елімізде 750 жылдығы кеңінен аталып өткен Алтын Орда билігі тұсында бірнеше шығармалар жазылғандығы белгілі. Антологияның үшінші томына осы дәуірде жазылған діни-дидактикалық жәдігерлерді енгізгенді жөн деп санадық. Себебі, Алтын Орда тұсында түркілік рух пен ислами құндылықтар тұтастанып, түркі мұсылман дүниетанымын қалыптастырған болатын. Насируддин Рабғұзидың «Пайғамбарлар қиссасы», Махмұт Кердеридің «Жұмақтардың ашық жолы», Исламның «Мұғинул-мүрид», Хусам Кәтіптің «Жұмжұма» секілді туныдыларымен бірге, осы дәуірде жазылған, бірақ авторлары белгісіз «Кесікбас кітабы», «Сиражул-қулуб» және «Китәби Әбу Ләис Самарқанди» атты шығармалар да енгізілді. Осы жәдігерлерді жете түсіну үшін томның соңына діни ұғымдар мен атаулардың сөздігі де берілді.