Ғалым мұрасы – ел игілігі
Бақытжан Майтановты өзінен бұрын оның есімін газет-журналдардан көрдім. Жазған мақалаларын оқысаң, тәжірибелі де толысқан сыншының қаламынан жорғалап түсе қалғандай. Ойлы да нақты, әрі өзгеше сөйлем құрылыстары ғана емес, теориялық сипаттары айқын, мазмұнды талдау мақалалары ойланып оқуды қажет етеді екен. Сырттай таныстықтан бірер жыл өткен соң, Бәкеңнің өзін көрудің де сәті түсті.

«Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүрген кезім. Бұрын «А3» форматымен етектей болып жарық көріп жатқан төрт беттік газеттің көлемі ұлғайып, форматы да кішірейетін көрінеді. Газет-журнал аз шығатын заманда мерзімді баспасөзге жұмысқа орналасу – талапкерлердің көбінің арманы. Қызмет таба алмай, қаңғып әр жерде жүрген менің көкейімде де сондай арман. Қазіргі белгілі әдебиеттанушы ғалым, сыншы Бекен Ыбырайымов өзі жас болса да, осы газеттің белді қызметкерлерінің бірі. Маған алғашқы сын мақалаларды жаздырып, осы басылымға автор ретінде тартып жүрген сол. Не керек, ақыры редакция қызметкерлерінің тартуымен сын бөлімінде қызметкермін. Өзім сырттай ғана білетін сыншылар мен әдебиеттанушылардың көбіне алғаш рет осында жолықтым. Солардың бірі – сол замандағы тегеурінді де екпінді жас сыншы Бақытжан Майтанов еді. Ол мен қызметке кірісіп жатқан алғашқы күндерде-ақ редакцияға келді. Қолында портфелі, үстінде жылы киім. Жымиып келіп, амандасты да, жайлап басып, төрге озды. Төрге озған себебі – ол жақта бөлім меңгерушісі Асқар Егеубаев отыратын. Екеуі бұрыннан қатар оқыған жігіттер, ә дегеннен-ақ шүйіркелесіп сөйлесіп кетті. Айтатындары – жекебастық немесе отбасылық жағдайлар емес, таза шығармашылық мәселелер. Шығармашылық болғанда да әдебиет сыны жайында. Бәкеңнің әкелген мақаласы бар екен. Соны портфелінен суырып алып, Асқардың алдына қойды. Асекең де биязы мінезді, жылы жүзді жігіт еді ғой, әлгі қолжазбаны ілтипатпен алып қалды. Алдымен өзі оқып шығып, жариялауға берді. Бір-екі рет мен жаққа көз тастағанымен, түстеп тани алмай отырғанын байқады ма, Асқар мені Бақытжанға таныстырды. Онсыз да белгілі адам болғандықтан шығар, Бақытжанның кім екенін маған індетіп айта қойған жоқ. Таныстық осылай басталды. Кейін ара-тұра әртүрлі жағдайда кездесіп тұратын болдық. Қашан көрсең де бірқалыпты. Жүрісі де, сөзі де көп өзгере қоймайды. Сөйлесіп байқасам, тек жазған дүниелерін айтпағанда, әдебиетке деген даярлығы да мықты маман екен. Оны баспасөзге шығып жүрген мақалаларынан ғана емес, редакцияға әкеліп беретін қолжазбаларынан да байқадым. Бөлім меңгерушісі редакцияға келіп түскен материалдарды өзге қызметкерлерге таратып беретін. Осындай тәртіппен келіп қолыма түскен қолжазбалардың арасында Бақытжан Майтановтың да материалы болды. Бір күні ол редакцияға қуанып келді. Сөйтсек, алғашқы сын кітабы шыққан екен. Ол замандарда жай көркем шығармалардың өзін былай қойғанда, сын кітабын шығарудың өзі үлкен оқиға болып саналатын. Қанша айтқанмен, әркім өзі ұстанған бағытта, өзі жазатын жанрда еңбегінің еленгенін, аты-жөнінің көрінгенін қалайды ғой. Сол тұңғыш кітабын басқа жігіттермен бірге Бәкең маған да жазып берді. Сол кітап автордың біркелкі, сүйкімді қолтаңбасымен әлі күнге менде сақтаулы, және жай ғана сақталып қойған жоқ, әр жылдары өзім осы сын, әдебиеттану саласында бірдемелер шұқып жазған кездерімде пайдаланып отырдым. Демек, сол бір жасыл түсті жұқа мұқабалы кітапша менің ғана емес, талай ізденушілердің, жас сыншылардың кәдесіне асты деген сөз. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып істейтін Бақытжан Майтановты Қазақстан Жазушылар одағының әр түрлі жиналыстарында да көріп жүрдім. Жас болса да, асықпай, маң-маң басып келе жатады. Мәжіліс залына кіргеннен кейін, отырған орнынан қозғалмай, жиналыстың аяғына дейін болатын. Оқылып жатқан баяндамалар мен жарыссөздерді мұқият тыңдауға да дағдыланған. Басқа біреулер сияқты отырған орнын ауыстырып, басқа жерге отырып алу немесе тез-тез басып, өз шаруасымен тайып тұру әрекеті де оған жат болатын. Бұл – оның әдебиеттегі ғана емес, өмірдегі ұстанымының, күнделікті тіршіліктегі жұмыстарының тиянақты екендігін де байқататын болса керек. Кейін жаңадан ашылған «Заң» газетінің редакциясына жұмысқа ауысқан кезімде Бақытжанмен жиірек ұшырасып отырудың сәті түсті. Сөйтсем, ол да жаңадан ашылып жатқан Заң университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына оқытушылыққа ауысып келген екен. Қызметтік ғимаратымыз, кіріп-шығатын есігіміз бір болғандықтан, әрлі-берлі өткенде жолығып қалып, кездесіп жүрдік. Кейде университет шаралар өткізгенде оларға мен де шақырылып қалатынмын. Сондай уақыттарда әңгімелесіп, сырласқанға Бақытжан жақсы әріптес бола алатын еді. Айтқаныңды асықпай, мұқият тыңдай отырып, өз пікірін де қосып отыруға бейім. Сондықтан, онымен әңгімелескен адам онша шаршай қоймайды. Тек ортақ тақырыпты таба білуің керек. Олай дейтінім – Бәкең кез-келген тақырыпты іліп әкетіп, сөйлей бермейтін. Өзінің оң жамбасына келетін мәселеге ғана тоқталып, сол жағын тарқатып әкетуге даяр тұрады. Мұнан соң тағы бірнеше жыл өткеннен кейін Бақытжан Майтановпен жолымыз М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының шаңырағында тоғысты. Мен шақырылып келген осы мекемеге қарасты М.О.Әуезов мұражай-үйінде бас редактор болып қызмет істеп жүр екен. Бір жағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде сабақ беріп, кафедра басқарса, екінші жағынан әлгі ғылыми-зерттеу институтында М.Әуезовтің бірінші рет толық шығып жатқан елу томдық шығармалар жинағына жетекшілік етіп жүрген кезі. Шаруаларының қауырт екендігіне қарамастан, екі жұмысты да қатар алып, екеуін де жауапкершілікпен сапалы атқарып жүрді. Кейде Бәкеңнің сыртынан ұзағырақ қарап тұрып қалатын кезім де болатын. Сондағы байқағаным – баяғы әлі тұңғыш кітабы да шықпаған жас сыншы Бақытжан мен қазіргі ғылым докторы, профессор Бақытжанның арасынан бәлендей айырмашылық таба қоймаушы едім. Рас, едәуір есейген, сәл-пәл толысқан, Бірақ сол бапты қимылы, сол орнықты сөз саптасы, байыппен қарайтын көзқарасы, тіпті, өзгере қоймаған. Жиналыстарда асықпай сөйлеуге, ойын тиянақты түрде дәлелдеп жеткізуге қалыптасқан. Ептеп даулы болып қалатын жұмыстар жөнінде де өз ойын тайсалмай, ашық жеткізіп отырушы еді. Оның назар аударалық қасиеттерінің бірі – жаңадан шығып келе жатқан немесе өсіп келе жатқан жас сыншылар мен жас ғалымдарға жөн-жоба сілтеп, қамқорлық жасап жүруі. Талантты дәл тауып, тани білу де Бақытжан Майтановтың қабілет қарымдылығын, байқағыштығын көрсетсе керек. Ұлы Абай «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп сипаттайтын оқымысты жандардың қатарынан болатын. 2010 жылдың қазан айында ол біздің бөлімге меңгеруші болып келді. Сөйтті де жұмыс барысына қойылатын талаптарды күшейтті. Ең бірінші қолға алғаны – қызметкерлерді «Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет» бөлімінің атына сәйкес жиырма бірінші ғасырдағы қазақ әдебиетін зерттеуге жұмылдыру. Директор Сейіт Қасқабасовтың осы идеясын Бақытжан құлшына қолдап, бәрімізге тиісті тапсырмалар берді. Жиырма бірінші ғасырда еңбек етіп жатқан ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, зерттеу жұмыстары жүріп жатты. …Алпыс жасына да жете алмай, өмірден ертерек өткен ғалымның артында қалған ғылыми мұрасы топтап, толықтырып шығаруды қажет етеді. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихына енген ғалым мұрасы қазақ руханиятының игілігі болып қала берері сөзсіз.
Нұрдәулет Ақыш