Жаңалық Мақала Редакция таңдауы

Ғарыштағы қауіпті сәттер...

Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев - қазақтың 2-ші, ал әлемнің 309-шы ғарышкері. Талғат Мұсабаевтың арқасында Қазақстанның аспан түстес көк байрағы мен елтаңбасы, қасиетті Құран кітабы ғарышқа көтерілгенін бірі білсе, бірі білмес.

Талғат Амангелдіұлы өзінің ғарышқа сапары кезіндегі қауіпті сәттері туралы «Қызыр қонған құт мекен» кітабында жариялаған екен. Сол естелікті оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.

«Ғарышта ажалдың аузынан қалған жағдайларым болды. Біреуін ғана айтайын. Ашық ғарышқа шыққан кезімде, мені кемеге бекітіп, ұстап тұратын тетік ажырап кетті. Біртіндеп тұңғиыққа батып бара жаттым. Айтары жоқ, сұмдық еді. Көз алдымнан жалт-жұлт ойнап, әп-сәтте бүкіл ғұмырым өте шықты. Тірі қалуым мүмкін емес-тін. Бұрын-соңды ескерілмеген, ескерілмек түгіл ойға келмеген хал. Ауа қоры 8 сағатқа жетеді. Одан әрі қапысыз, бұлтартпайтын, жалтартпайтын ажал. Міне, осы сәтте адам айтса нанғысыз таңғажайып оқиға болды… Қайтадан зулап бара жатқан ғарыш кемесінің үстінен бір-ақ шықтым. Денеме ештеңе тимей-ақ, жұғысып, итермей-ақ әлдебір құдірет құрдымнан суырып алды. Ешқандай қисынға келмейді, түсінікке сыймайды», – деп еске алады ғарыштағы қатерлі сәттердің бірін Мұсаев.

Ғарышта бірге болған әріптесі Юрий Маленченко Талғат Мұсабаевпен ашық ғарышқа шыққанда тура Қазақстанның үстінен өтіп бара жатқандарын байқапты. Сонда Мұсабаев «Қазақстанның үстінен өтіп бара жатырмыз. Менің Қазақстаным!», – деп айқай салыпты. Ғарышкерлер қатпар-қатпар Алатау сілемдері мен Балқаш көлінің көрінісін ғарыштан көріп тәнті болыпты.

Дереккөз: «Қызыр қонған құт мекен» балаларға арналған танымдық кітап

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button