Жаңалық

Ғасырлар қойнауынан жеткен киелі мұра

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалы қызметкерлері «Киелі мұра» жаңа музейлік жобасын жүзеге асыруда.

Жобаның алғашқы экспедициясы ХІХ ғасырда Алаш жұртының рухани көсеміне айналған Марал ишан Құрманұлының ұрпақтарында сақталған жәдігерлерді зерттеуден басталды. Зерттеу жұмысына  елімізге  белгілі түркітанушы-ғалым  Серікбай Қосанов қатысып, мөрдегі араб тіліндегі жазу тәржімаланды.

Жәдігерде «Қалмұхаммед ибн Марал ишан, Хиджраның 1247 жылы» деп жазылғаны анықталды. Ұрпақтарының айтуынша шамамен 1830-1835 жж. жасалған мөр осыған дейін Марал ишандікі саналып келген. Аса қызығушылық танытқан зерттеушілер де болмаған.

1815-1870 жылдары өмір сүрген Қалқай ишан Бұхара мен Бағдат қалаларының медреселерінде ілім алып елге келгеннен кейін мешіт-медресе ұстап, жастарды руханиятқа сусындатып қана қоймай, елді еңбекке баулыған екен. Шығыстың қисса-дастандарын жатқа білген, тіпті жырларды жазып жинақтаған. Ишан туралы халық ауызында көптеген аңыз-әфсаналар сақталған. Құнды жәдігерге әлі де толыққанды зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі таңда Қалқай ишанның кесенесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік қасиетті нысандардың тізіміне енген.

«Киелі мұра» жобасы арқылы алдағы уақытта да құнды жәдігерлер зерттеліп, зерделеніп халық назарына ұсынылады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button