Жаңалық Мақала Редакция таңдауы

Гендерлік теңдік: Әлем және Қазақстан саясатындағы әйелдер рөлі

Әлем елдеріндегі миллиондаған әйелдер мен ер адамдар мүгедектігіне, этникалық шығу тегіне, байырғы немесе тайпалық ұлт өкілі болуына, діни сеніміне, нәсіліне, жынысына немесе жыныстық бағдарына, гендерлік сәйкестігіне, саяси көзқарасына тағы да басқа себептерге байланысты қоғам өлшеп берген белгілі бір жұмыс түрімен ғана айналысуға мәжбүр болып отыр. Тіпті кейбіреулері жұмысқа орналасу, білім алу мүмкіндіктеріне қол жеткізе алмай жатқан жайлары бар.

Әйелдер, мигранттар сияқты белгілі бір азшылық топтардың қоғамда дискриминацияға ұшырауы олардың арасында жұмысқа жегілу, саудалану немесе зорлық-зомбылық факторларының артуына алып келеді. Сондай-ақ осындай азшылық топтар арасындағы дискриминация жұмыссыздықты көбейтіп отыр. Оның салдарынан табыссыз қалған ата-аналар күнкөру үшін балаларын қара жұмысқа жегіп қоюы жиі көрініс табады. Демек кедейліктің басты себебі – осы әлеуметтік дискриминация. Ол – адамдардың әлеуетін жойып, әлеуметтік шиеленістер мен теңсіздікті арттырады.

Дискриминация фактілерін болдырмаудың негізгі жолы – жұмыс орындарындағы мүмкіндіктер мен қарым-қатынастың теңдігіне қол жеткізу. Бұл процес сол ұйымдардың, жұмыс берушілердің және басқа да мүдделі тараптардың дискриминацияны болдырмау ұмтылысына тікелей байланысты. Дискриминация фактілерін болдырмау арқылы адамдар еркін таңдау құқығына, өз әлеуетін толыққанды жетілдіруіне, лайықты еңбекақы алуына қол жеткізе алады.

Дискриминация және гендерлік теңсіздікке қарсы күрес мәселесі төңірегінде Халықаралық Еңбек Ұйымы екі іргелі конвенциясымен алдыңғы қатарда. Олар: Ерлер мен әйелдердің бірдей құндылықтағы еңбегі үшін бірдей сыйақы беру (1951ж.) және қызмет пен кәсіптегі дискриминация туралы Конвенциялары (1958ж.). Сондай-ақ ХЕҰ-ның басқа да Конвенцияларында теңдік пен дискриминация аспектілері ішінара қамтылды: № 156 – Отбасылық міндеттемелері бар ерлер мен әйелдер үшін мүмкіндіктер мен қарым-қатынастың теңдігі (1981ж.), № 159 – Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту және кәсіптік оңалту (1983ж.), № 169 – Жергілікті және тайпалық тұрмыс-салтын ұстанатын халықтар (1989ж.) және үйде жұмыс істейтін жұмысшылар (2011ж.) туралы Конвенциялары.

Дискриминациямен күресу лайықты еңбектің негізгі құрамдас бөлігі. ХЕҰ жұмысының барлық дерлік бағыттары соған байланысты. Мысалы, бірлестіктер бостандығын ілгерілету арқылы ХЕҰ кәсіподақ мүшелері мен жетекшілерге қатысты кемсітушіліктің алдын алуға тырысады. Мәжбүрлі және балалар еңбегіне қарсы күрес бағдарламалары жыныстық қанаушылыққа ұшыраған немесе үй еңбегіне мәжбүрленген әйелдер мен қыздарға көмек көрсетеді. Сонымен қатар ХЕҰ этикалық кодексінің негізгі қағидаты – жұмыс орындарындағы АҚТҚ/ЖИТС бойынша дискриминацияға жол бермеу. Еңбек құқығы мәселелері тақырыбында ХЕҰ дискриминация туралы ережелер де ұсынған.

Бүгінде еңбек саласындағы белең алған дискриминация – гендерлік теңсіздік. Жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қолжетімділік, жалақы, әлеуметтік қорғалу дәрежесі және кәсіптік сегрегация жағынан жұмыс орындарының саны мен сапасында айтарлықтай гендерлік алшақтық көрініс тауып отыр. Әйелдердің жұмыссыз қалу ықтималдығы ер адамдарға қарағанда жоғары, ал жұмыссыздық мәселесі, әсіресе, жас әйелдер арасында өзекті болып отыр.

2023 жылғы БҰҰ мәліметі бойынша, жер бетіндегі 195 мемлекеттің 36-сында ғана әйелдер мемлекет және үкімет басшылары лауазымын атқарады. Оның 19-ы үкімет басшылығына тағайындалса, 17-сі мемлекет басшысы. Бүгінгі мақалада маңызды саяси шешімдер қабылдауда әйелдер үлесінің аз болуының себептері, бүгінгі күні олардың жоғары лауазымдарды атқаруына кедергі келтіретін факторлар және саясатта гендерлік теңдік орнатудың маңыздылығы туралы айтатын боламыз.

Неліктен саясаттағы әйелдер туралы айту керек?

Жоғарыда айтылған дерекке сәйкес, бұл – әлем тарихындағы саясатқа әйелдер қатсуының ең жоғарғы көрсеткіш болып есептеліп отыр. Әйелдер әлем халқының шамамен 50%-ын құрайды (Statistics Times дерегі), демек ерлер үлесімен шамалас. Осындай жағдайда 151 мемлекеттің (монархиялық жүйедегі елдерді есепке алмағанда) 134-ін ер адамдар басқарып отыруынан (БҰҰ дерегі) көп мемлекеттерде әлі де әйел азаматтарының саяси өмірдегі рөлі төмендетіліп, өміріне тікелей әсер ететін саяси шешімдерге қатыса алмай дискриминацияға ұшырап отырғандығын айта аламыз. Сондай-ақ әйелдер үлесінің қазіргі көрсеткіші олардың басшысылық лауазымдарға айтарлықтай аз ұсынылатындығын, министрлер кабинетінің басым бөлігін әлі де ер адамдар құрайтынын, сондай-ақ экономика, қорғаныс және энергетика сияқты негізгі бағыттарға тек ер адамдарды тағайындау жалғасып келе жатқандығын байқатады. Осындай ашық, дамыған қоғам заманында бұл деректер әйелдердің мемлекет пен үкімет басшыларының арасында азшылық топ болып қала беретіндігінің көрсеткіші.

Неліктен саясатта гендерлік теңдіктің болуы маңызды?

Гендерлік теңдікке қол жеткізу және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту — біздің заманымыздың аяқталмаған міндеті, бүгінгі әлемдегі адам құқықтары саласындағы ең үлкен мәселе.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш.

Гендерлік теңдік – өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің бірдей және тең мүмкіндіктері мен әлеуеті бар екенін білдіретін негізгі адам құқықтарының бірі. Сондай-ақ ол – қоғамда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуде және тұрақты даму негізінде адам әлеуетін толыққанды іске асыруда шешуші рөл атқаратын демократиялық қоғамның маңызды бөлігі.

Қазіргі уақытта тиімді демократиялық мемлекет ерлер мен әйелдердің саяси аренаға тең қатысуын талап етеді. Әйелдердің саясатқа белсенді және тең қатысуы шынайы демократияның маңызды алғышарты ретінде қарастырылады, өйткені мұндай демократия баршаға арналған қоғам принципін орнатуға көмектеседі. Бұл принципті мойындау адам құқықтарын қамтамасыз ету үшін қажет.

Сондықтан мемлекеттік органдар әйелдер мен ерлердің құқықтарын бірдей қамтамасыз етіп, олардың нақты қажеттіліктері мен тәжірибесін ескере отырып қызмет етуі қажет. Шешімдердің легитимділігі мен сенімділігін қамтамасыз етуде әйелдердің саяси мүмкіндіктерін кеңейту маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ басшылық ету және шешім қабылдау құқықтарының әйелдер мен ерлер арасында теңдей бөлініс табуы олардың барлық қауымдастықтарына да ықпал етеді.

Саясаттағы гендерлік теңдік – парламенттік орындарды, министрлік лауазымдарды жай ғана әйелдер мен ерлер арасында тең бөліп беру деген сөз емес. Ол – мұндай лауазымдарға әйелдер мен ерлердің қол жеткізуінде және саяси шешім қабылдауға қатысуында мүмкіндіктердің теңдей қаралуын білдіреді. Сондай-ақ инклюзивті жұмыс ортасын құруды, басшылық лауазымдарға (мысалы, парламенттер мен парламенттік комитеттердің төрағаларына) тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді және саяси қатысудағы әлеуметтік-экономикалық кедергілерді жоюды (мысалы, гендерлік сезімтал және мақсатты мемлекеттік саясат арқылы) қамтиды.

Гендерлік теңдік пен қоғамдық өмірдегі әртүрлілікті құрметтеуді ілгерілету жөніндегі институционалдық күш-жігердің негізі – парламент пен үкімет. Гендерлік теңсіздікке, гендерлік дискриминацияға жол бермеу және оған қарсы заңнамалық және нормативтік актілерді қарастыратын заңдар мен саясатты талқылап, қабылдау сол органдардың құзырына кіреді. Яғни қоғамдағы әйелдердің рөліне, мүмкіндіктеріне және жауапкершілігіне деген көзқарасты қалыптастыру – тікелей парламент пен үкіметтің жұмысына байланысты. Осыны ескере отырып, заң шығарушы және атқарушы органдарда әйелдер мен ерлердің теңдігі болуы және оны заң шығару процестері арқылы іске асырылуы маңызды.

Гендерлік теңдік қалыптастыру тәсілдері әйелдер мүдделері мен қажеттіліктерінің әртүрлілігін көрсетумен шектелмей, климаттың өзгеру салдарын азайту шараларын іске асыруға, оны мониторингілеу құқығын және басшылық ету мүмкіндіктерін де қарастыруы керек.

Сондай-ақ гендерлік теңдіктің сақталуы – тұрақты дамудың экологиялық аспектілерін ілгерілетеді. Мұндай қортындыны 2016 жылы UNEP гендерлік және қоршаған орта жөніндегі жаһандық болжамында айтқан. Олардың пікірінше, гендерлік теңсіздік – табиғи  ресурстарға қол жеткізуге, оларды пайдалану мен бақылау құқығына теріс әсер етеді. Баяндамада тұрақты дамуға қол жеткізудегі кедергілерді жою үшін гендерлік аспектілерді ескеретін тәсілдерді енгізу маңызды екендігі туралы да айтылған. Баяндама авторлары гендерлік аспектілердің ескерілуі климаттың өзгеруіне байланысты саясат пен бағдарламалардан бастап, энергияға, суға, санитарияға, жерге және басқа да табиғи ресурстарға қол жеткізуге дейін табиғатты қорғау шараларын ұзақ мерзімді және тимді ететіндігін атап өткен.

БҰҰ Әйелдер ұйымы да саясаттағы гендерлік дискриминацияға қатысты өз баяндамасында климат өзгеруінен туындаған төтенше жағдайдың экономикалық шығындары, кедейлік пен қорғансыздық күйі, босқындар мен қоныс аударуға мәжбүр болғандар санының артуы қоғамда, әсіресе, әйелдер мен қыздарға қатысты өршитін қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың өсуіне әкеп соқтыратындығын айтты.

Осы тақырып төңірегінде: Әйелдер жерді және био түрдегі азық-түліктерді басқару мен тұрақты пайдалануда маңызды рөл атқарады, – деген пікірді Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) атқарушы директоры Ингер Андерсен Twitter парақшасында жазды. – Күштердің балансын өзгерту және гендерлік теңдік бағытында жұмыс істеу – тұрақты  дамудың кілті. Бұл – бәріне қатысты ұрпақтың теңдік мәселесі, – деді.

Әлемдегі ең мықты саяси көшбасшылар үштігіне әйелдер кіреді

Бүгінде басшылық қызметте әйелдердің болуы – заман талабы. Forbes журналының (2019) мәліметтері бойынша әлемдегі ең күшті саяси көшбасшылар үштігіне әйелдер кірді. Әлем бойынша саясаттағы ең мықты әйел – Германия канцлері Ангела Меркель. Әлемдегі бесінші ірі экономиканың көшбасшысы ретінде Ангела Меркель ең танымал және ықпалды саяси қайраткер. Саясаттағы әйелдердің мысалы ретінде Бразилия президенті Дилма Руссефф пен Финляндия президенті Тарья Халоненді де айтуға болады. Бұл ықпалды көшбасшы әйелдердің мысалы басқа елдерде теңдікті қалыптастыру үшін үлгі болуы керек.

Гендерлік дискриминация тарихы. Әйелдердің саяси аренадағы орны үшін күрес идеясы

Саяси аренада тек ер адамдар ғана болуы керек деген пікір ғасырлар бойы үстемдік етіп, әйел адамдар саясаттан шеттетіліп келді. Әйелдер көшбасшылығы, саяси шешімдер қабылдауға қатысуы және мемлекеттік жоғарғы лауазымдарға тағайындалуы жөнінде қашан да даулы пікірталастар көп болды. Әйелдердің саяси өмірге қатысуына айтарлықтай әсер еткен негізгі аспектілер –  мәдениет және гендерлік теңсіздік факторлары болды. Әйелдерді шеттетуде, әсіресе, мәдениеттің тигізген ықпалы көп болды. Өйткені әйелдердің қоғамдағы мәртебесін, рөлін және мінез-құлқын қалыптасқан мәдениет белгілеп отырды.

19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың басында гендерлік теңсіздік айқын көрініс тапты. Әйелдері мен қыздарына үй міндеттерін жүктеп, өздері кеңсе жұмыстарымен айналысатын ер азаматтар қатары арта бастады. Осындай жағдайда кейіннен әйелдердің дауыс беруіне қарсы шыққан топтарға дейін құрылды.  Тіпті әйелдерге «тән», «тән емес» деген сипаттамалар қалыптасты. Әйелдер еркектерден физикалық тұрғыдан әлсіз, бірақ моральдық жағынан мықты, сондықтан олар үй тірліктеріне жауап беру керек деген идеология алға шықты. Сондай-ақ оларға әлеуметтік салада күні бойы жұмыс істеп келген күйеулерінің моральдық жағдайын бейтараптандыру және де келесі ұрпақты осы өмір салтын жалғастыруға дайындау сияқты жұмыстар міндеттеле бастады. Әйелдерге үй төңірегіндегі жүткелген міндеттемелердің арты «олардың онсыз да үй шаруашылығында ықпалы көп» деген аргументті пайдалана отырып, дауыс беруге қатысуына тыйым салынуына әкеп соқтырды.

Он тоғызыншы ғасырдың соңына қарай мұндай идеология мен жүйеге қарсы болған әйелдер біріге бастады. Әйелдердің құқықтарын қорғау үшін қоғамдық-саяси қозғалыс құру идеясы бүкіл әлемге тарады. Қозғалыс қатысушылары өздеріне қатысты кез келген дискриминацияны жою, ең бастысы, сайлау құқығының болуы үшін күресті. Сайлау құқығы үшін күрескен әйел адамдарының бұл тобы – суфражистер (француз. Suffrage – сайлау құқығы) деп аталды. Алғашқы суфражистер – «Американдық әйелдердің суфражистік қауымдастығы (AWSA)» деген ұйым құрды.

Олар 1848 жылы Нью-Йорк штатындағы Сенека-Фолс қаласында 200 әйел мен 40 ер адамның қатысуымен әйелдер құқығы жөніндегі бірінші конференциясын өткізді. Конгресте Элизабет Стэнтон мен Лукретия Мотт Американың Тәуелсіздік Декларациясына сүйене отырып, ерлер мен әйелдер дауыс беруде, кәсіби қызметте, жоғары білім алуда, бала қамқоршылығында тең құқықтарға ие болуы керек деген мәлімдемесімен «Сезім декларациясын» ұсынды, «Барлық ерлер мен әйелдер тең жаратылған» деген тезис алға тартылды. Кейін съездің басты тезисі суфражистер қозғалысының ұранына айналған.

Суфражистік қозғалыстар жетістігі

1869 жылы «Американдық әйелдердің суфражистік қауымдастығына (AWSA)» бәсекелес ұйым «Әйелдердің ұлттық суфражистік қауымдастығы (NWSA)» құрылды. NWSA әйелдерге сайлау құқығын АҚШ Жоғарғы соты арқылы қайтаруға тырысты. Олар Конституцияның 14-ші түзетуі жалпы азаматтыққа кепілдік берсе, ал 15-і түзету тек нәсілдік шектеусіз ер адамдар үшін сайлау құқығын қарастыратынын аргумент ретінде пайдаланған.

Сенатқа 19-шы Конституцияға түзету туралы жоба алғаш рет 1878 жылы Калифорния сенаторы Аарон Сарджентпен ұсынылған. Түзету «Энтони түзетуі» деп аталды. Себебі түзетудің негізгі авторлары Сюзан Энтони мен Элизабет Стэнтон еді. Сенатор Энтонимен 1872 жылы кездесіп, Америка Құрама Штаттарында әйелдердің дауыс беру құқықтары туралы заң жобасын енгізуге тырысты. Бірақ 16 депутаттың қарсылық танытуымен түзету дауыс беруден өтпеді.

Келесі 30 жыл ішінде суфражистер жекелеген штаттардан қолдау алуға тырысты және 1910 жылы күтпеген жерден Калифорния штаты әйелдерді қолдады. Кейіннен Калифорнияның үлгісімен кейбір штаттар да қолдау көрсете бастады. Дегенмен олардың кезекті (1914ж.) Конституцияға түзету енгізу әрекеттерін Сенат қараусыз қалдырған.

1911 жылы суфражистік ұйымдарға қарсы анти-суфражистік қозғалыстардың белсенді ұжымдаса бастағаны көрініс тапты. Сайлау құқығының қарсыластары алғашында ресми мекемесіз біріксе, артынан анти-суфражистік деген ұйым құрды. Суретшілер де суфражистерді мазақ еткен саяси карикатуралар салып, әйелдердің рөлінің төмендігін көрсетті. Діни жетекшілер де мінберден әйелдердің саяси белсенділігіне қарсы сөйлей бастады. Қоғамдық өмірге қатысқан әйелдерге қарсы мақалалар да жарыққа шығарылды. Осындай әрекеттерге арнайы тапсырма беріп отырған институттар болмады, соның өзінде сайлау құқығына қарсылық таныту ел арасында белең алды.

Сондай-ақ әйелдердің дауыс беру құқығын қолдайтын ер адамдар болғаны сияқты, сайлау құқығына қарсы ерлермен біріккен әйелдер де көрінді. Солайша анти-суфражистер әйелдердің көпшілігі дауыс беру құқығына қарсы деген мәлімдеме жасаған. «Әйелдер үй тірлігі мен бала тәрбиесімен айналысатындықтан дауыс беруге немесе саяси оқиғалардан хабардар болуға уақыты болмайды» деген пікірді алға тартқан. Кейбіреулері тіпті әйелдердің саяси мәселелер бойынша пайдалы пікір айтуға тәжірибесі немесе ақыл-ой қабілеті жетіспейтіндігін айтқан.

Сондай-ақ интернаттар немесе резидент-губернатордың көмегімен әйелдерге «Үйдегі періште» кейпін қалыптастыратын «жетістік» атты жаңа білімді игеруін және сол арқылы өздеріне күйеулерінің қызығушылығын арттыру керек деген идеология жүрген. Осы ретте Джейн Остиннің «Тәкаппарлық пен алалаушылық» романында Сноб Каролин Бингли жетістікке жеткісі келетін кез келген жас ханымға қажетті дағдыларды тізімдеген: Әйел музыка, ән айту, сурет салу, би билеуді және заманауи тілдерді жетік меңгеруі керек… Одан бөлек, ол өзінің сыртқы келбеті мен жүрісіне, дауыс тонына, бет әлпетіне белгілі бір дәрежеде күтім жасай білуі керек… (ч. 8).

Мисс Бинглидің айтуы бойынша, білімді әйелдің эрудициясын нәзік және әйелге тән тәсілдермен қалыптастыру маңызды. Сол кездері интеллектуалды тұрғыда өзін-өзі жетілдірумен айналысатын әйелдерді «көк шұлық (Bluestocking)» деп атаған, яғни әйелге тән емес және жиіркенішті. Өйткені олар ерлердің «табиғи» интеллектуалды артықшылығын тартып алуға тырысып жүр деп есептеген. Сондай-ақ дәрігерлер әйелдердің шамадан тыс өзін-өзі интеллектуалды жетілдіруінен аналық бездерге кері әсерін тигізеді және тартымды жас әйелдерді кептірілген «қара өрікке» айналдырады деп пайымдаған. Сондықтан да осы ғасырдың соңына қарай Оксфорд пен Кембридж әйелдерге есігін айқара ашқан кезде, көптеген отбасылар тұрмысқа шыға алмай қалады деп қорқып, ақылды қыздарын оқуға жіберуден бас тартқан.

1913 жылы 3 наурызда 5 мың әйел дауыс беру құқығының теңсіздігіне наразылық білдіру үшін шеру ұйымдастырған. Олар орталық көшелермен жүріп өтіп, Вашингтон жұртшылығының назарын аударды. Осы атаулы күннен фотосуреттердің жеткілікті саны сақталған. Осы шеруден кейін дауыс беру құқығын талап еткендердің наразылық толқыны бүкіл елге тарады.

Шерулерден кейін 1915 жылы Өкілдер палатасында Конституцияға түзету қайта дауысқа салынды, бірақ қажетті дауыс саны жиналмады. 1918 жылы президент Вудро Вильсон Парламенттің төменгі палатасынан түзету енгізудің тағы бір әрекетін қолдауды сұрады. Осыған қарамастан да Сенатта дауыс беруден өтпей қалды. Кейін Мемлекет басшысы Конгресстің кезектен тыс сессиясын шақырып, Энтони түзетуі қайта қаралған (үкімет 1920 жылғы сайлауға дейін түзетуді енгізуге асықты). Содан 1919 жылы 21 мамырда және 4 маусымда тиісінше Өкілдер палатасы мен Сенатта ақыры түзету бекітіледі. Түзетуді ратификациялаған алғашқы штаттар қатарында Висконсин, Мичиган және Иллинойс болды. Соңғы болып 1920 жылы 18 тамызда ратификациялаған Теннесси штаты.

Осылайша, жалпыға бірдей гендерлік сайлау құқығы үшін күрес өз мақсатына жетіп, американдық әйелдер дауыс беру құқығына ие болды. Бұл қозғалыстың негізін салушылар – Элизабет Стэнтон, Лукретия Мотт және Сюзан Энтони. Алайда бұл батыр әйелдерге өз әрекеттерінің нәтижесін тірі кездерінде көру бұйырмапты.

Қазіргі саясаттағы әйелдер мәселесі қандай?

Әйелдердің саяси қатысуын арттыру – олардың құқықтарын жүзеге асырудың негізгі тетігі. Олар стереотиптерді жоюға және басқа әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге әсер етуге қабілетті.

Зерттеулер көрсеткендей, әйелдердің саяси өмірге қатысуы – бүкіл қоғамды және олардың өмір сүру сапасын жақсартады: еңбек нарығында әйелдер саны артады, халықтың осал топтарына мемлекеттік қолдау шаралары күшейеді, әйелдердің медициналық қызметтерін, қоғамдық тауарларын және мемлекеттің басқа да әлеуметтік функцияларын алу жолы жеңілдейді.

Өркениеттің даму ауқымында әйелдердің саясаттағы орны туралы мәселе салыстырмалы түрде жаңа тақырып. Иә, бүгінде әлемнің барлық елдерінде әйелдердің дауыс беру құқығы бар: әйелдерге дауыс беру құқығын берген бірінші мемлекет – Жаңа Зеландия (1893), соңғысы – Сауд Арабиясы (2015). Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастықтар осы аспектіге ерекше назар аударып, гендерлік теңдік рейтингін жасау кезіндегі негізгі мәселелердің бірі ретінде – саяси шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдер өкілдігінің төмендігін атайды.

Сарапшылар биліктегі әйелдер туралы айтқанда, негізінен олардың үкіметтегі және парламенттегі өкілдігін ескереді. Басқаша айтқанда, бұл тек сайлау науқандарына қатысуға, сайлауға және сайлануға рұқсат етілген жағдайларға қатысты. Бірақ мемлекеттік басқару саласына тереңірек үңілсек, бюрократиялық аппаратта күнделікті, көзге көрінбейтін қағазбастылықпен айналысатындардың басым көпшілігі әйелдер екенін байқауға болады.

Осылайша, биліктегі әйелдердің төмен өкілдігін көрсететін рейтингтер нақтылауды қажет етеді: мемлекеттік сектордағы әйелдердің санын ғана емес, олардың ондағы қандай лауазымдарды иеленетіндерін де ескеру маңызды.

Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің сандық артықшылығы «әйелдер мәселесін» шешті және оларды дискриминациялау тоқтатылды деп жаңылысуға болмайды. Әйелдердің көпшілігі билік иерархиясының төменгі деңгейінде қызмет атқарады және саяси маңызды стратегияларға қатыстырылмайды. Зерттеулерде бұл – «гендерлік пирамида» деп аталады. Соның салдарынан, бүгінде мемлекеттік органдарда істейтін табысты саясаткер әйелдер саусақпен санарлық.

Қазақстанда да басқа елдердегідей, мемлекеттік басқару саласында мансапқа ұмтылған әйелдер көзге көрінбейтін кедергілерге тап болып жатады. Яғни біліктілігі мен кәсіби қабілеті ескерілмей жатады. Олар мансап сатысымен көтерілу мүмкіндігінсіз төмен деңгейдегі, басқарушылық емес лауазымдарды атқаруға мәжбүр.

Тағы бір факт, қолында билігі бар әйелдердің ішінде саясаттағы гендерлік теңсіздікпен күресуге ынталы емес адамдардың да бар екенін атап өткен жөн. Олар басшылық етуде ер адамдарға еліктеуге тырысады және әйел адамдар мәселелерін күн тәртібіне алмайды.

Қазақстан саясатындағы әйелдер рөлі

Қазақстан да өз саясатында гендерлік тең құқық қағидасын ұстанады. Көп жылдар бойы әйелдердің саястқа қатысуында жоғары да, төмен де көрсеткіштерді көрсетіп келеді.

2023 жылғы 1 қаңтарындағы БҰҰ статистикасы еліміздің министрлер кабинетіндегі әйелдер үлесі бойынша әлемде 10,5 пайызбен 152-ші орынды көрсетті. Ондағы жалпы 19 министрдің 2-еуі әйел адам. Алайда 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін бес жаңа министрлік құрылды, дәлірек айтқанда үшеуі қайта жасақталды. Осы орайда ауыс-түйістен кейін министрлердің құрамы ауысып, бүгінгі таңда Үкіметтің құрамын 4 әйел құрайды.

Ал БҰҰ-ның Парламенттегі әйелдер үлесі бойынша жасаған статистикасында (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша) Қазақстан 83-орынға жайғасқан. Парламенттің төменгі палатасында (мәжілісте) 107 депутаттың 29-ын әйел адамы, ол – 27,4 пайыз, ал жоғарғы палатасында (сенатта) 50 депутаттың 9-ын әйел депутаттар құраған, ол – 18,8 пайыз. 2023 жылдың наурызында парламенттің сегізінші шақырылымына сайлау өткеннен кейін бұл статистика өзгерді. Сегізінші шақырылымында әйел адамдардың үлесі сенатта 50 депутаттың 11-ін, ал мәжілісте 107 депутаттың 19-ын құрады.

Сондай-ақ жыл сайын Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) экономикалық қатысу, білім алу деңгейі, денсаулық пен өмір сүру, саяси құқықтар мен мүмкіндіктер сияқты көрсеткіштер бойынша 0-ден 1-ге дейінгі ұпаймен дүниежүзі елдеріндегі гендерлік алшақтық деңгейін өлшейді. Мұндағы 1 – гендерлік теңдікке сәйкес келетіндігін көрсетсе, 0 – толықтай теңсіздікті білдіреді. Зерттеу әлемнің 146 елін қамтиды.

2023 жылы рейтингте Қазақстан 62-орынға ие болды. Бұл – 2021 және 2022 жылдармен салыстырғанда 18 және 3 тармаққа позициясын жақсартқан. 2022 жылмен салыстырғанда Қазақстан 0,2 пайыздық тармаққа жоғары, 72,1% гендерлік тепе-теңдікке жетті.

Еліміздің рейтингтегі жоғарлауына негізінен «Экономикалық қатысуы мен мансаптық мүмкіндіктер» және «Саяси құқықтар мен мүмкіндіктер» деген екі қосалқы индекстегі өзгерістер әсер етті. Экономикалық қатысу және мансаптық мүмкіндіктер субфакторында Қазақстан 1 позицияға көтеріліп, 29-орыннан 28-ші орынға көтерілді, ал теңдік көрсеткіші 75,6%-дан 76,5%-ға көтерілді. «Саяси құқықтар мен мүмкіндіктер» қосалқы индексі де «Министрлік лауазымдардағы әйелдер» көрсеткішінің шамалы өсуіне байланысты елдің жалпы индексінің жақсаруына ықпал етті. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 123-ші орыннан 120-шы орынға көтеріліп, көрсеткіш деңгейі 1,3 пайыздық тармаққа 10,5 пайыздан 11,8 пайызға көтерілді.

Қазақстанда білім деңгейі бойынша гендерлік алшақтық жойылды, бастауыш, орта және жоғары оқу орындарына қабылдауда толық теңдік қамтамасыз етілді. Сонымен қатар бұл көрсеткіш бойынша 99,9% гендерлік тепе-теңдікке қол жеткізілгеніне қарамастан, біздің еліміз сауаттылық деңгейі бойынша рейтингте 58-ші орында тұр. Денсаулық және өмір сүру қосалқы индексі екі көрсеткіштен тұрады: «Туу көрсеткіштеріндегі жыныстық қатынас» және «Салауатты өмір сүру ұзақтығы, жылдар». Бұл субиндекс бойынша Қазақстан гендерлік алшақтықта 97,5%-ды көрсетті, бұл – 2022 жылдың нәтижелерімен салыстырғанда 0,2 пайызға төмен. Қарастырылып отырған субиндекстің нашарлауы туу көрсеткіштеріндегі жыныстық қатынастың өзгеруімен байланысты. Бұл салада рейтингте 3 позицияға төмендегеніне қарамастан, Қазақстан гендерлік айырмашылықты жоюға жақын. «Салауатты өмір салты ұзақтығы» индикаторы бойынша Қазақстан жыл сайын өз орнын (1-орын) сақтап келеді және жетекші елдердің үлкен тобының қатарында.

Қазақстанның еларалық рейтингтегі позициясында жоғары-төмен көрсеткіштер болғанымен, жалпы индекс соңғы жылдары айтарлықтай өзгерген жоқ. 2012-2023 жылдар аралығында Қазақстанның гендерлік алшақтық индексі 0,710-0,722 балл (немесе 71,0-72,2%) диапазонында өзгерді. Тиісінше, Қазақстанның рейтингтегі позициясына оның жеке көрсеткіштері ғана емес, сонымен қатар осы зерттеуге енгізілген басқа елдердегі гендерлік алшақтықтағы өзгерістер де әсер етеді. Кейбір көрсеткіштер бойынша көптеген елдер арасындағы айырмашылықтар (мысалы, туу кезіндегі жыныстық қатынас) шамалы, дегенмен сол өзгерістер елдің жағдайына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Есепке сәйкес, гендерлік теңдікке дейінгі орташа қашықтық жаһандық деңгейде 68,4% құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда (68,1%) 0,3 пайыздық тармаққа жоғары. Ағымдағы үрдістер сақталатын болса, жаһандық деңгейде гендерлік алшақтықты (31,6%) жою үшін 131 жыл қажет.

2023 жылы Жаһандық гендерлік айырмашылық индексінің алғашқы 10 еліне Исландия, Норвегия, Финляндия, Жаңа Зеландия, Швеция, Германия, Никарагуа, Намибия, Литва және Бельгия кірді. Ешбір ел әлі толық гендерлік теңдікке қол жеткізген жоқ, бірақ 10 елдің алғашқы тоғызы 80%-дық көрсеткішке жете алды.

ДЭФ рейтингінде ұсынылған барлық 146 елдің ішінде ең жылдам өсуді Либерия көрсетті (39 позицияға, 78-ден 39 орынға дейін жақсарды), ал айтарлықтай төмендеуді Шығыс Тимор көрсетті (39 позицияға, 56-дан 95 орынға нашарлады).

Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан гендерлік теңдік саласындағы ілгерілеу бойынша ​​көшбасшы. 2022 жылы білім деңгейіндегі гендерлік алшақтықты толығымен жойып, 1 индекске жетті. Бұл Қазақстанда – кем дегенде, ресми деректерге сәйкес – сауаттылық деңгейінде және бастауыш, орта және жоғары оқу орындарына қабылдауда гендерлік алшақтық жоқ дегенді білдіреді.

Қазақстанның гендерлік теңдікті ілгерілетудегі жетістіктерін халықаралық деңгейде мойындағанына қарамастан, қазіргі жағдай әйелдердің экономиканың әртүрлі салаларында мемлекеттік шешімдерді қабылдау деңгейінде және жоғары жалақы алатын кәсіптерде әлі де аз қамтылғанын көрсетеді. Қазақстандағы әйел әлі саяси аренаның толыққанды және ықпалды қатысушысына айналған жоқ.

ДЭФ көрсеткішіндегі ең үлкен гендерлік алшақтық та биліктегі әйелдер үлесінен көрініс тауып отыр. Саяси шешімдер қабылдаудың ең жоғары деңгейіндегі (министрлік және парламенттік лауазымдар) ерлер мен әйелдер саны арасындағы айырмашылықты, сондай-ақ соңғы (соңғы 50 жыл) президенттік жылдардағы әйелдер мен ерлердің арақатынасын зерттегеннен кейін нәтижелер өте қолайсыз деп танылды.

Әйелдердің халықаралық саясатқа және қоғамның саяси мәдениетіне ықпалы зор. Олар қоғам өмірінде туындайтын көптеген мәселелерді шешуге белсене қатысады. Сонымен қатар мәселелер ауқымы тек гендерлік мәселелермен шектелмейді, қазіргі заманғы өркениеттің кез келген саласын қамтиды. Әйелдер Қазақстан халқының тең жартысын құрайды, сондықтан әйелдердің алдында тұрған қиындықтар – мемлекеттің негізгі қиындықтары болып есептеледі. Жалпы алғанда, гендерлік теңдік саясаты – әйелдердің де, ерлердің де мүдделерін бірдей және әділ ескеретін әділ саясат. Әйелдердің ғасырлар бойы өз құқықтары үшін күресі әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту бірінші кезектегі міндет екенін көрсетеді. Сондықтан дүние жүзіндегі елдер гендерлік теңдікті насихаттап, әйелдердің саяси билікке қол жеткізуін қамтамасыз етіп келеді. Көптеген сарапшылар жиырма бірінші ғасыр гендерлік демократияның және әйелдердің саясаттағы уақыты деп санайды.

Қазақстан өзінің құнды адами ресурстарының бірі – кәсіби білімі мен біліктілігін ел мен қоғам игілігі үшін пайдалануға дайын білікті де білімді әйелдерден құр қалмауы керек. Әйелдердің саясатқа араласуы қазақстандық қоғамның демократиялық негіздерін кеңейтеді. Бұл – әйелдердің таланты күрделі мәселелерді шешуде қоғамға пайда әкеледі деген сөз. Сондықтан да саясаттағы гендерлік даму мәселелерін шешуге тұрақты және жүйелі көзқарас қажет. Бұл тәсіл елдегі гендерлік алшақтықты жоюды жеделдетуге және гендерлік теңдік бойынша жаһандық рейтингтердегі Қазақстанның позициясын жақсартуға мүмкіндік береді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button