Жаңалық

ҒИБРАТЫ МОЛ КІТАП

Еліміздегі жазушылардың еңбегін насихаттау, кітаптарын көпке жария ету – нарықтық қоғам өкілдерінің сұранысы. Ресми статистикаға сүйенсек, қазіргі оқырманның сұранысы танымдық кітаптарды оқу екен.

«Eurasian book fair – 2019» IV Еуразиялық кітап-жәрмеңкесі аясында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Алаш» рухани-мәдени даму институтының жетекші ғылыми қызметкері, алаш тарихы мен әдебиетін зерттеуші Сағымбай Жұмағұлдың «Естеліктегі Алаш» ғылыми еңбегінің таныстырылымы өтті.

Салтанатты шараға Қазақстан Жазушылар одағының елордадағы филиалының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жыршы Баянғали Әлімжанов, Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының немересі Ризабек Нарманбетұлы, ақын, Қазақстан Жастар одағының «Серпер» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгер, педагогика ғылымдарының кандидаты, Еуразия Гуманитарлық институтының доценті Айжан Шормақова, республикалық «Айтшы, Әжетай» журналының бас редакторы Сандуғаш Нұрқанова, Ұларбек Нұрғалымұлы, Заңғар Кәрімхан, Бүркіт Нұрасыл, Бауыржан Сегізбаев, Арман Әлменбет, Алтынбек Құмырзақұлы сынды жас қаламгерлер мен студенттер, оқырмандар қатысты.

Модератор Қайырбек Кемеңгер, Ризабек Нарманбетұлы, Баяғали Әлімжанов, Дәулеткерей Кәпұлы және кітап авторы Сағымбай Жұмағұл

Алқалы жиынды Алаш қайраткері Қошке Кемеңгердің шөбересі, филология ғылымдарының кандидаты, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, алаштанушы Қайырбек Кемеңгер мәнді, мағыналы жүргізіп отырды.

Ағаның ілтипаты

Тағылымды, ғибратты еңбектің беташар рәсімін Алаш ұрпағы Ризабек Нарманбетұлы мен ақын Баянғали Әлімжанов, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жасап, ғылым адамының шығармашылығына табыс пен сәттілік тілеп, ауқымы зор еңбекке жоғары баға берді. Жиын барысында жас жазушы, ғылым магистрі Арман Әлменбет пен жас жазушы, әдебиетші Елдос Тоқтарбай сөз сөйлеп, кітаптың мазмұны мен тағылымы туралы ойларын ортаға салса, ақын, аудармашы Саят Қамшыгер Мағжан Жұмабайға арнаған өлеңін оқып, кітап авторына замандастық ілтипатын жеткізді.

Кітап авторы профессор Сағымбай Ботпайұлы

Бұл кітапта екі жүз алпыстан астам естелік енген. Естелік авторлары Алаш қайраткерлері, қуғын-сүргінге ұшырап, айдалған, сотталған, тауқымет тартқан Алаш арыстарының боздақтары және бүгінгі таңда алаш мұрасын насихаттап, тарихи ақтаңдақтарды ашып, ұлт тарихын жаңаша зерделеп жүрген алаштанушы-ғалымдардың зерттеу процессі туралы салмақты ойлары енген. Алаш естелігі –  сталиндік-шовинистік заманның қасіретін, өткен күндердің жүрекке салған жарасын, қазақ ұлтының басына түскен геноцидтік тауқыметті ұқтырар тәлімі мен тағылымы зор ауқымды әрі іргелі еңбек. Бұрын-соңды алаштану ғылымында алаш қайраткерлерінің естеліктері жинақталып, бір арнаға тоғысып, жеке-дара кітап болып шыққан емес. Еңбеккер ғалым Сағымбай Ботпайұлы сол сеңді бұзып, олқылықтың орнын толтырып, үлкен істі орындап отыр. Бұл, сөзсіз алаштанудағы, сондай-ақ қазақ гуманитарлық ғылымының табысты жемісі. Сонымен қатар, тек құрастырушы Сағымбай Жұмағұлдың ғана емес, күллі қазақ руханиятының мерейі.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button