Жаңалық

Гүлдер ханшайымы 90 жаста

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қазақтың маңдайына біткен нағыз шоқ жұлдызы, гүлдер ханшайымы, қазақты ғана емес, әлемді мойындатқан бұлбұл, сопрано дауысты әнші Бибігүл Төлегенова мерейлі 90 жасқа толғаны аян. Сыңғырлаған таңғажайып үні әр қазақтың құлағында. «Тақиялы періште» фильмінде анаға арнап шырқаған әсем әнінің өзі бір төбе ғой, шіркін! Ондағы орындауды айтсаңшы. Қазақтың өнерін дамытуға бар күш-жігерін салған әнші туралы бірнеше мәліметті жинақтаған едік, мархабат!

«Мен көп қиыншылықты, соның ішінде Ұлы Отан соғысын да, аштық пен кедейлікті де көрдім. Сондықтан біздің қазіргі өмір сүріп жатқан уақытымыз – жұмақ деуге болады. Бүгінгі кешіме көп адам жиналды – бұл үлкен бақыт, мұның бәрі біздің Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың арқасы. Ол халық үшін көп жақсылық жасады. Бұл туралы ұмытпауымыз қажет».

Кіріспе орнына

1. Бибігүл Ахметқызы Төлегенова – әнші, сопрано дауыстың иегері, КСРО және Қазақстан әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері. Ол 1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген.

2. Әншінің әкесі Ахмет – репрессия құрбаны. Ол 1938 жылы Алматы қаласында атылған. Қазақтың киелі сахнасының бұлбұлы әкесінен айырылғанда небәрі жеті жаста еді.

3. Жартылай жетім қалған ол балалықтың балдәуренін бастан кешпеген, қуыршақпен де ойнамаған. 12-13 жасында-ақ ердің де, әйелдің де жұмысын қатар алып, анасы мен бауырларының қолқанаты болған: әркімнің кірін, еденін жуып, үйін әктеген, ағаш өңдейтін зауытта жұмыс істеген, кинотеатрда механиктің көмекшісі болған, кейін, анасы науқастанып қалғанда ет комбинатына ауысқан.

4. Бибігүл Ахметқызы кішкентай сіңлісін өз қолымен жер қойнына тапсырған. Қан майдан жылдары отбасы ауыр күн кешеді. Клара есімді сіңлісі алты жасында құлағы ауырып қаза табады. Сонда 13 жасар бойжеткен өзі арба тауып, денесін матамен орап, жерлеген.

5. Әкесінің «халық жауы» атануы күміс көмей әншіге және отбасына кері әсерін тигізеді. Мектепте оқып жүргенде қанша тырысып бақса да мұғалімдер оған жақсы баға қоймаған. Алатын бағасы 2 не 3-тен жоғарыламаған. Ол әкесі ақталғанша шетелге шығып концерт бере алмады. Тек 1967 жылы халық жауы еместігі анықталған соң ғана гастрольге шыға бастаған.

6. Әсем даусына адамдар тамсана бастайды. Көпшіліктің кеңесіне сүйеніп Алматы қаласындағы консерваторияға оқуға тапсыруға барып, кенет сырқаттанып қалады. Бірде-бір нотаны жөнді дыбыстай алмай, ауылына қайтады.

7. Консерваторияға түсуден күдерін үзе бастағанда жазушы Галина Серебрякованы жолықтырады. Ол – ерекше дауыс иесінің өнер жолындағы ең алғашқы ұстазы. Галина Серебрякованың қолдауымен консерваторияның дайындық курсына түскен. Оқып жүргенде тұңғышын дүниеге әкеледі.

8. Консерваторияда жүрген жылдары бұлбұл әнші ән айта алмай, дауысын жоғалтып алған. Сол себепті оны оқудан шығарып жібермек те болады. Сонда театрда әншілік қызмет атқарған Надежда Самышина оны танитындығын және дауысы жақсы екенін айтып мақтап, құтқарып қалған. Оқуын аяқтағанға дейін сол кісінің қарауында болады.

9. Бибігүл Төлегенова басқа өнер иелеріне қарағанда гастрольдік сапарларға жиірек шыққан. Құрманғазы оркестрімен бірге Қазақстанның барлық аймақтарына, шетелге барған. Әсіресе, колхоз-совхоздарды одан көп аралап, концерт берген әнші елімізде кемде-кем. Бұл туралы әншінің өзі де бір сұқбатында: «Кәсіби әншілердің ішінде менен көп колхоз-совхоз аралаған адам жоқ шығар. Кейбір әріптестерім маған тіпті «колхоз әншісі» деген атақ та беріп қойған», – деп айтады.

10. Дәстүрлі сахнадағы әншілігімен қоса опера өнерінде де көзге түскен бұлбұлдың репертуары да алуан-түрлі. Шығармашылығы «Гауһар тас», «Жиырма бес» секілді халық әндерімен, Л. Хамидидің «Бұлбұл», Е. Брусиловскийдің «Қос қарлығаш», М. Төлебаевтың «Еске алу», Е. Рахмадиевтің «Тарантелла», С. Мұхамеджановтың «Көктем вальсі» іспетті отандық сазгерлердің туындыларымен, П.И. Чайковский мен С.В. Рахманиновтың романстарымен, Н. Римский-Корсаковтың операларындағы ариялар және батыс композиторларының туындыларымен құнды.

11. Әнші концерттік іс-сапармен АҚШ, Франция, Италия, Польша, Чехословакия, Канада, Швеция, Египет, Үндістан, Сирия, Вьетнам, Жапония, Ұлыбритания, Алжир (АХДР), Ресей секілді елдерге барған.

12. Бибігүл Төлегенова екі қыз (Гүзел және Мәриәмгүл) бен Төлеген есімді ұлдың анасы. Бүгінде немере-шөберелері бар әженің үлкен немересінің жасы 46-да, одан кейінгісі – 42-де, кішкентайы – 29 жаста. 2007 жылы Мәриәмгүл жүрегі ауырып дүниеден озады. Қызының қазасы анасына ауыр тиеді. Себебі ол тек бауыр еті баласы ғана емес, әншінің қызмет жолындағы серігі де болатын. Мәриәмгүл анасымен гастрольдік сапарларға жиіп барып, үлкен сахналарға да бірге шыққан.

13. Сазды үнімен талайлардың жүрегін жаулаған әнші дизайнер деген атқа да лайық. Олай дейтініміз: сахналық киімдерін бастан-аяқ өзі таңдайды. Тіпті мойынға тағатын алқасы да өзінің қалауымен алынады. Сондайда қызы Гүзелден ақыл-кеңес сұрайды.

14. Әнші поэзия оқығанды қатты ұнатады. Соның ішінде Олжас Сүлейменовтың шығармашылығына әуес. Одан кейін қазақтың бас ақыны – Абайды оқығанды жақсы көреді. Саясат әлеміндегі ірі тұлғалардың еңбектерін жинау оның хоббиі. Әсіресе, оны Мұхтар Әуезовтың өмірі және Сапарғали Бегалиннің балаларға арнап жазған шығармалары ерекше қызықтырады.

15. «Өл-өлгенше ән шырқап өтемін» деген қағиданы ұстанатын әнші отандық «Қазақфильм» туындыларының бірнешеуіне де түсіп, өзінің актрисалық шеберлігін де танытқан. Фильмографиясы: «Дала қызы» (1954 ж.), «Бұл шұғылада болған еді» (1955 ж.), «Біздің сүйікті дәрігер» (1957 ж.), әйгілі «Тақиялы періште» (1969 ж.), «Вокалды параллельдер» (2005 ж.), «Алдар көсе» (2011 ж.), Елбасының әжесінің рөлін сомдаған «Балалық шағымның аспаны» (2011 ж.), «Тақиялы періште-2» (2016 ж.).

16. Ғажайып үннің иесі осы сәтке дейін жиырмадан астам марапат алған.

17. Қазақтың тума дарыны, зор мақтанышы Бибігүл Төлегенова – ХХ ғасырдағы ең атақты жиырма әйелдің бірі. Сол себепті әнші ЮНЕСКО тізіміне енген.

18. Айыр көмей, жез таңдай әншіге арнап кітап жазылған. Кітаптың атауы – «Бибігүл Төлегенова: сүю, үміттену және сену». Авторы: жазушы Ирина Серкебаева.

19. Әншінің атында «Бибігүл Төлегенова вокалистері» атты байқау бар.

20. 90 жасқа толған мерейтойына орай халық әртісі Елордада концерт берді. Онда әншінің өзі жанды дауыста бірнеше әндер шырқап, қазақ эстрадасының көптеген саңлақтары да өнер көрсетті. Жеке мерекесі қарсаңында Елбасының қабылдауында болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті оған «Сіздің қолыңызға осы сағат жарасады», – деп бриллиант сағат сыйлаған. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Барыс» орденімен марапаттады. Сондай-ақ туған күніне сыйлық ретінде дәстүрлі әнші Тамара Асар қазақтың бұлбұлына шапан жапты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button