Халық шығармашылығының 310 туындысы электронды форматқа көшірілді
ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты Қарағанды облысының аумағында үш жыл бойы жүргізген музыкалық-фольклорлық мұрасын зерттеу жұмыстарының қорытындылары белгілі болды деп хабарлайды Ruh.kz.
2018 және 2020 жылдар аралығында «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының мамандары Қарағанды облысының елді-мекендерінде тұратын қазақ халқының тұрмыс-салт жырларын, ән-күйлерін сақтап келген мұрагерлерді жазу жұмыстарын жүргізді. Экспедициялар барысында ән, күй, эпос, жарапазан, жоқтау, сыңсу, қара өлең, бәдік өлең сияқты 310 халық шығармасы жазылды, материалдық емес мәдени мұраның 40 мұрагері туралы мәлімет жинақталды. ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, өнертанушы Ардаби Мәулетұлының айтуына қарағанда жиналған туындылардың басым бөлігін күйлер құрайды.
«Бұл экспедиция барысында ән, күй, тұрмыс-салт жырлары сияқты 310 халық шығармасы жазылып алынды. Олардың басым бөлігі – күйлер. Біз бұрын-соңды жазылмаған жүзден астам күйді таспаға түсіріп алдық. Мәселен, Монғолия жерінен қоныс аударған Райхан Мұхаммедұлы деген ақсақалдың өзі отызға тарта көне халық күйін, 40 авторлық күйді, өзінің оннан астам күйін орындап берді. Ал баласы Құмырзақ Райханұлынан жиырмадан астам күй жазылып алынды. Сондай-ақ Қайыролла Сәдуақасов, Қалкен Қасымов, Манап Анықбеков сияқты арқа күй мектебінің соңғы өкілдерінің орындауындағы күйлерден отызға тарта күй жазылып алынды», – дейді Ардаби Мәулетұлы.
Бұдан бөлек, экспедиция мүшелері мұрагерлердің аузынан отызға жуық батаны, отызға жуық қара өлең мен халық әнін, 5 жарапазан жырын, 14 сыңсуды жазып алған. Материалдардың тағы да бір бөлігі Сарыарқа жеріне оралған қандастардан жиналған.
«Қарағанды облысының көптеген елді мекендеріне келіп қоныстанған Моңғолия мен Қытайдан келген қандастардан да қыруар материал жазып алдық. Шеттен өңірге қоныс аударған қандастарымыздың арасында жасы елуден асқан кісілер орындаушылық өнердің озық үлгілерін молынан ұстанып отырғаны қантты қуантты. Сол қазақтармен бірге келген Шығыс өңірдің әншілік-күйшілік өнерімен тұрмыс-салт жырлары Арқа төсіндегі ағайынның өнерімен астасып, араласып кеткенін байқатады», – деді Ардаби Мәулетұлы.
Айта кетейік, Сарыарқа аумағындағы музыкалық-фольклорлық экспедициялардың қорытындылары ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты мамандарының «Далалық Еуразияя төсіндегі Сарыарқа мұрасы» атты ұжымдық монографиясында жарияланған.