Халықаралық байқау нәтижесінде көрме өтеді
«Туған жерім» XV халықаралық бейнелеу өнері байқауының нәтижелері бойынша балалар шығармашылығы туындыларының көрмесі өтеді, – деп хабарлайды Ruh.kz «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
7 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратында «Туған жерім» XV халықаралық бейнелеу өнері байқауының нәтижелері бойынша балалар шығармашылығы туындыларының көрмесі ашылмақ.
Елбасы кітапханасы, «Байта» қоры, «Құланшы» орталығы және Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы ұйымдастырған байқауға Қазақстанның ең шалғай жерлерінен ғана емес, Әзірбайжан, Беларусь, Башқұртстан, Молдова, Татарстан, Өзбекстан, Украина, Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларынан да жұмыстар жіберілген. Қазылар алқасы әр түрлі көркем техникада орындалған 10-нан 18 жасқа дейінгі балалардың 400-ден астам жұмысын қарап, нәтижесінде жеңімпаздардың 30 жұмысы іріктелді.
Жоба жұмыс істеп келе жатқан 15 жылдан астам уақыт ішінде әртүрлі жұмыстар қарастырылған: дәстүрлі кескіндеме, графика, мүсіннен бастап сәндік-қолданбалы өнердің әртүрлі салаларына дейін. Жас таланттарға олардың Отан туралы түсініктерін, дәстүрлердің сабақтастығын, өз халқының мәдени ерекшелігін көрсететін тақырыптар ұсынылады. Бұл тақырыптар әртүрлі елдердің ұлттарына қарамастан балаларды біріктіреді, қатысушылардың географиясын көрсетеді.
Айта кетейік, «Туған жерім» байқауы лауреаттарының жұмыстары қалың көрерменге желтоқсан айында ұсынылады. Сондай-ақ көрмеге келушілер түрлі елдердің жас суретшілерінің өнер туындыларын лайықты бағалай алады.
Көрме 2021 жылдың 25 қаңтарына дейін жалғасады. Оның материалдарымен https://presidentlibrary.kz сайтындағы «Көрмелер» («Жобалар») бөлімінде танысуға болады.