Жаңалық

Халықаралық «Балауса» экспериментальды қойылымдар фестивалі

«Рухани жаңғырудың» «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағыты аясында Ақтөбе қаласында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры 2018 жылдың 20 мен 22-сәуірі аралығында Тахауи Ахтановтың 95 жылдығына арналған халықаралық «Балауса» экспериментальды қойылымдар фестивалін өткізді. Бұл фестиваль облыс көлеміндегі драма театрлар арасында халықаралық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Фестивальдің басты мақсаты – заманауи театр әлемінің шығармашылығымен таныстыру және театр ұжымдары арасында қатынасты нығайту.

Фестиваль сәуір айының 20-күні қаламгер Т.Ахтановтың ескерткіш-мүсінін ашу салтанатымен басталды. Салтанатты облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы М.Қорғанбаева ашып, ескерткіш-мүсіннің лентасын Қазақстанның Халық әртісі, профессор Е.Обаев пен Қазақстан жазушылар одағы Ақтөбе филиалының директоры Б.Өтеулиев қиды. Қаламгердің ескерткіш-мүсініне Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жерлесіміз Л.Кәденова гүл себетін қойды. Салтанатты шараға ескерткіш-мүсіннің авторы Ж.Төлегенов қатысты.

Фестивальдің жалғасы театрдың үлкен залында жалғасты. Конференцияда Т.Ахтановтың өмірі мен шығармашылығынан Е.Обаев, Е.Жуасбек, жергілікті өлкетанушы, Т.Ахтановтың өмірінен «Арыстан жалды заңғар жазушы» кітабын құрастырушы Б.Мырзабай баяндамалар оқып, әр баяндамадан кейін Т.Ахтановтың драматургиясынан «Ант», «Күтпеген кездесу», «Махаббат мұңы» спектакльдерінің үзінділері көрсетілді.

Сол күні кешке халықаралық «Балауса» экспериментальді спектакльдер фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты кеште фестивальге шақырылған құрметті қонақтарының қатарында А.Чехов атындағы Мәскеу көркемдік театрының әртісі Д.Дюжев болды. Шара соңында ҚР Мәдениет министрлігінің театр және кинематография бөлімінің басшысы Г.Мырзашева фестивальдің ашылуымен құттықтай отырып, театр қызметкерлерінен қазақ труппасының меңгерушісі Нелли Шульганы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, ал балетмейстер Қаршыға Дандагариевті Құрмет грамотасымен марапаттады.

Фестивальге республика көлемінен Алматы мемлекеттік қуыршақ театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, «А.И. музыкалық театр және продюсерлік орталығы», «Театр 28» театры, РФ А.С.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театры, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры және облыстық «Алақай» қуыршақ театры қатысты.

Қатысушылардың өнерін қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның халық әртісі Е.Обаев, сонымен қатар, өнертану ғылымдарының кандидаты Е.Жуасбек, Ресейдің еңбек сіңірген әтіртісі А.Кове, Қырғызстан Республикасының халық әртісі Б.Одуракаев және облыстық мәдениет, мұрағаттар және архивтер басқармасының басшысы М.Қорғанбаева сараптады. Сәуірдің 21 мен 22-не театр қойылымдары өтті.

Сәуірдің 22-сіне фестивальдің жабылу салтанаты өтіп, қазылар алқасының шешімімен облыстық «Алақай» қуыршақ театры С.Н.Балыковтың «Отпусти поводья и лети» спектаклімен «Жоғары кәсіби деңгейі үшін» номинациясымен, Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының әртісі Д.Иса Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана» спектакліндегі Әлиман рөлі үшін «Ең үздік дебют» номинациясымен, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әртісі В.Кинжебаев Г.Хугаевтың «Қара шекпен» спектаклінде Чобра рөлі үшін «Екінші пландағы ер адам бейнесі үшін» номинациясымен, РФ А.С.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театры әртісі Т.Потерява Л.Духанинаның «Меня нет» спектакліндегі әйел рөлімен «Екінші план әйел адам бейнесі үшін» номинациясымен, «Театр 28» театрының Г.Бюхнердің «Войцек» спектаклінің режиссері Д.Жұмабаева «Ең үздік режиссура» номинациясымен және А.Сатыбалды спектаклдегі Войцек рөлі үшін «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясымен, «А.И. музыкалық театр және продюсерлік орталығы» әртісі А.Бекмұхамбетова Ж.Расиннің «Федра» спектаклінде Федра рөлі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен, ал, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры М.Горькийдің «Шыңырау» спектаклі үшін «Ең үздік спектакль» номинациясымен және диплом, логотипті кристалды мүсін, логотипті стендтегі сәндік табақша мен ақшалай жүлдемен марапатталды.

Алдыңғы мақалаларымызда айтылғандай, Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында өнер саласына көп көңіл бөлінетіні айқын болған. Оның ішінде мәдениет үйлері мен өнер ордаларының да ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізу жоспарын ерекше атап айтсақ болады. Сахнадағы өмір арқылы қоғамдағы түйткілді мәселелерді қозғайтын әртістер үшін «Рухани жаңғыру» жан сырласы іспеттес. Батылдық, еркіндік секілді қасиеттерді адам бойына орнатуды көздейтін бағыт халықтың рухани ләззат алатын жерлеріне аса қатты көңіл бөлгені де, осыдан болар, сірә?!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button