Жаңалық

Халықтың рухани ахуалын балалар әдебиетінің дамуымен өлшеу керек

Бүгін Парламент Сенатының бір топ депутаты балалар әдебиетін дамытуға қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет.

Әдебиет – адам жанының айнасы. Балалар әдебиеті – ұлттық мәдениеттің негізін сақтаудың, ана тілінің байлығын арттырудың, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең қуатты механизмі. Балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан классик жазушылардың көбісі өмірден өтті. Кезек – жас толқынға келді. Қазақстанда мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, он алты жасқа дейінгі оқушыларға көркем әдеби тілде жазылған тартымды туындылар жетіспейді.

Бауыржан Момышұлының «Ертегісіз өскен бала рухани мүгедек адам», – деген қанатты сөзі бар. Гүлге су құймаса – солып қалады. Өспейді. Балалар әдебиеті де сол гүл сияқты. Бұл салаға қомақты қаржы құйылмаса, ешкім жөндеп айналыспайтын болады. Кембридж тәсілі бойынша, 1-сыныпқа кірген оқушының сөздік қоры үш мың сөзге жетуі керек. Ата-анасы күні бойы жұмыста, сәби кезінде ертегі тыңдамаған, тақпақ жаттамаған балада сөздік қор қайдан болсын?!

Горькийдің «балалар жазушысы өзге жазушылардан да сапалы жазуы керек» дейтін сөзі бар. Кішкентайлар үшін шығарма жазу оңай емес. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, әр бір он жылдықта дүниеге келген сәби, бала психологиясы бір-бірінен мүлдем алшақ болады екен. Баланың жанын түсінбей, жақсы туынды шықпайды.

Сондықтан халықтың рухани ахуалын балалар әдебиетінің дамуымен өлшеу керек. Балалар әдебиеті дұрыс өркен жайғанда ғана мемлекеттік тілдің тұғыры берік болады. Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады.

Қазір әлемде полиграфия жақсы дамыған, дизайн мен графиканың уақыты. Қазақстандағы баспалар жұмысы халықаралық стандарттарға сай келмейді. Халықаралық тәжірибелерге сүйену керек. Шетелде автор, иллюстратор, баспагер, әдеби агент – тұтас шығармашылық топ күш біріктіреді. Бұл ретте бізге алысқа бармай-ақ, Ресей тәжірибесінен үйренуге болады.

Тиісті бағдарламалар аясында балалар әдебиетін дамытуға арнайы қаржы бөлуді ұсынамыз. Балаларға арналған кітаптарды басып шығаруға жеңілдік беру үшін қосылған құн салығынан босату қажет. Ұлттық мультфильмдер шығару ісінде жекеменшік компанияларды қаржылай қолдау тетіктерін қарастыру маңызды. Жергілікті әкімшіліктер тарапынан кітапханаларды «Балалар әдебиеті» бағдарламасын жасап, шыққан жаңа кітаптармен толықтырса дейміз. Жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін электронды оқулықтарды енгізу қажет. Мұндай кітаптар қолдануға өте тиімді, барынша ыңғайлы, қазіргі заман талабына сай болғаны жөн. Сондықтан, Үкімет қазақ балалар әдебиетін дамытудың кешенді бағдарламасын жасап, аталған шараларды қолға алуы керек деп есептейміз.

Нұртөре Жүсіп

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button