Жаңалық

Халықтың цифрлық сауаттылығын қалай көтереміз?

Қазақстан Республикасы Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігі 2021 жылға арналған «Азаматтық алаң» отырыстарын өткізудің жоспарына сəйкес, «Халықтың цифрлық сауаттылығын қалай көтереміз?» тақырыбында «Азаматтық алаң» отырысын өткізді.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру кезеңі бастау алып, еліміздегі барлық саладағы жұмыс істейтін халық толығымен ақпараттық технологияларды игеруде.

ХХІ ғасырға лайықты ізгі қасиеттерге ие болу – бүгінгі таңдағы әрбір жеке тұлғаның алдында тұрған асыл міндет. Қазіргі кезде адамның кәсіби шеберлігіне, білім өрісіне, зиялылық және танымдылық деңгейіне жаңа технология дәуірінің өзі биік талаптар қойып отыр.

Өткеннен сабақ ала отырып, болашақтың қоржынына өзіміздің халықтық қасиетімізбен, жаңарған болмысымызбен, терең ой-санамыз және сапалы дүниелерімізбен үлес қосу – жаһандану кезеңінің табалдырығында тұрған біздер үшін аса маңызды іс. Елбасының сөзімен айтқанда, «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет».

Осы негізде Қазақстан Республикасы Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігі 2021 жылға арналған «Азаматтық алаң» отырыстарын өткізудің жоспарына сəйкес, «Халықтың цифрлық сауаттылығын қалай көтереміз?» тақырыбында «Азаматтық алаң» отырысын өткізді.

«Күнделікті тұрмысқа қажетті онлайн қызметтерді пайдалануды жан-жақты дамыту қажет. Өңірлердегі интернет қуатын айтарлықтай арттыру керек. Мектеп оқушысына дейін гаджеттермен қамтамасыз етілуі тиіс. Сонда ғана цифрық сауаттылықты арттыру мәселесіне білек түріп кірісе аламыз. Бір ғана Whats App-тан келген ақпараттың рас-өтірігін айыра алмайтын қоғамда бұл мәселеге ерекше назар аударылуы керек», – деп пікір білдірді қоғам белсендісі, блогер Самат Нұртаза.

Цифрлық сауаттылық жайлы сөз қозғағанда интернет алаяқтық туралы айтпай кете алмаймыз. Таяқтың екі ұшы болардай, цифрлы қоғамның да осындай кемшің тұстары бар екені ақиқат. Бір ғана 2020 жылдың өзінде қазақстандықтар интернет алаяқтықтың кесірінен 2 млрд теңгесінен айырылған.

«Халықтың цифрлық сауаттылығын қалай арттыруға болады? Бұл мәселе жиі айтылады. Сауда болсын, ойын-сауық болсын, білім алу саласы болсын, жалпы цифрлық сауаттылық осы мәселелерде ешкімге алданбай, ақшасын ұрлатпай қызмет алу үшін аса маңызды. Осы ретте цифрлық қауіпсіздікті қатаң қадағалауымыз керек. Қарақшылықтан қорғана алмау, сайттағы ақпараттар арасында адасып қалу мәселелері де жиі кездеседі. Еліміздегі 10 млн адам әлеуметтік желіні тұрақты пайдаланады. Статистика бюросының көрсеткіші бойынша біздегі цифрлық сауатсыздық деңгейі жоғары. Осымен күресіп, осыны жеңіп алғанымыз жөн», – деді IT маман, Тimur academy офлайн-онлайн оқыту орталығының негізін қалаушы Тимур Бектұр.

Отырысқа қатысқан спикерлердің ойы бір арнада тоғысады. Елімізде цифрлық сауатсыздық мәселесі бар. Және бұл мәселе уақыт күттірмейді. Цифрлық сауаттылықты арттырудың бірден-бір жолы – онлайн қызмет көрсететін ұйымдардың тілін қазақшалау, оңайлату.

«Цифрлық сауаттылықты арттыру – бүгінгі күннің негізгі мәселесінің бірі. Бұл ұсыныстар тиісті органдарға білдіріледі. Қоғам белсенділері, ІТ саласының мамандары, цифрлық сауаттылықты дамутуға жауапты құзыретті органдардың өкілдері қатысқан бұл жиынның берері көп. Әрбір пікір құнды», – деп түйіндеді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button