Жаңалық

Игі істер марафоны: Елордада еріктілер тұрғындарға бауырсақ пен ыстық шай ұсынды

Фото: Астана әкімдігі

Елордалық еріктілер аязға қарамастан тоңған астаналықтарға бауырсақ пен ыстық шай ұсынды. Мұндай акциялар жыл сайын ауа райының суытқан уақыттан басталады, деп хабарлайды Ruh.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері қоғамдық көлік күтіп тұрған жолаушыларға, көшедегі сауда шатырларында сауда жасайтын тұрғындарға және автобус жүргізушілеріне бауырсақ пен ыстық шай үлестіріп, алғысына бөленді.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, суық күнде бауырсақ пен ыстық шай таратудың өзі адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін арттырады.

«Қазіргідей суық күнде елордамызда волонтерлердің ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл іс-шара тұрғындар мен қонақтар үшін нағыз жылулық көзіне айналды. Ыстық шай мен жылы лебіздер адамдардың жүрегін жылытып, көңіл күйін көтерді. Бұл іс-шара қарым-қатынас пен өзара көмек көрсетуге үндейді, сондай-ақ қоғамда бірлік пен достықты нығайтуға қызмет етеді. Акцияға қатысқан әр адам өзара мейірім мен қамқорлықтың атмосферасын сезіне алады», - деді «Астана жастары» волонтері Мерей Қалел.

Айта кету керек, мұндай акция қыс мезгілінің соңына дейін жалғасады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button