ІЛЕБАЙ ДАТҚА КЕСЕНЕСІ (XVIII-XIX ғғ.)
Орналасқан жері: Талас ауданы, Сейілбек (Бестам) ауылының оңтүстік шетіндегі ескі қорымда орналасқан.
Кесенені алғаш рет 1936 ж. А.Н. Бернштам; 1945 ж. Г.И. Пацевич; 1949 ж. Жамбыл облыстық музейдің экспедициясы (Л.И. Ремпель); 1950 ж. архитектор В.В. Константинова: 1975-1985 жж. «Қазжобалауқайтажаңғырту» институты; 2000 ж. НИПИ ПМК зерттеген.
Ілебай датқа кесенесі – бір бөлмелі күмбезді құрылыс. Шу-Талас өңірінің дәстүрлі діни сәулетінің түріне жатады. Үлкен өлшемді қыш кірпішпен қаланған. Бүгінде құрылыстың тек оңтүстік-батыс қабырға бөлігі, биік келген терең қуысты портал қалдығы ғана сақталған. Соңғы жылдары порталдың бұрышындағы екі мұнара бұзылған. Ескерткіш туралы тарихи мәліметтер жоқ.
Өлкетанушылардың айтуынша Ілебай – датқа болған белгілі тұлға, XVIII ғ. соңына қарай туылып, ХІХ ғ. өмір сүрген адам. Ал, Ілебайдың датқа шенінде билік жүргізген уақытын ХІХ ғ. алғашқы жартысына жатқызады.