Жаңалық

Ілияс Мұратбек: Менің жаным тұрады махаббаттан

1997 жылы Жамбыл облысы Тараз қаласында дүниеге келген. Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері.

Дүнген қызы

 

Күтеді алдан сан алып мекен..

Ғашық болу да жаңалық па екен?!..

Риясыз сезім еленбей, шіркін

Сағынтып жүр-ау балалық мекен.

 

Шәмші кеп тұрған ауылға көштім,

Таластың жиде бауында өстім.

Көршілес тұрған дүнген ұлысын

Балалық пенен жауым да дестім…

 

Кім білген асық қалай түсерін,

Бақытқа өткенді балай түсемін.

Риясыздықты сағынған шақта

Балалықты ойлап, тарайды шерім.

 

Көршілес ұлттан күш көріп қамай,

Төбелесуші ек тістеніп талай.

Бір қызын сүйіп қалып ем ерек

Сол қызбен алғаш ішке еніпті арай.

 

Қазақша судай ағатын еді,

Қап-қара көзбен қаратып еді..

Сол қызды үйге әкелу еді

Гитарасы бар бала тілегі..

 

Тәттісің қандай кездер баяғы,

Жәудірер мұңды көздер аяулы.

Сүйемін деуге бата алмай кеткен

Риясыз жүректің өзгермей әні..

 

Жұлдыздар көкте самсаған кезде,

Нұр шашқан сол бір тамсанам көзге.

Ерке есіл шақтар еске түсетін,

Риясыз сезім аңсаған кезде.

 

Жүректі мендік кел, байқа, менің,

Шәмшінің әнін енді айтар едім.

Көп ұлттар сыйған кең құшағына

Туған жер, шіркін, сен байтақ едің..

 

Біреудің жолын қия сүзгілеп,

Жүргем жоқ қазір ұясыз жүдеп.

Жетектеп атам қосқан бәйгеде

Жүлде боп қалған  риясыз жүрек..

 

Тағдырдың талай түрленді жүзі,

Шәмшінің өшпес жүректегі ізі.

Мұқағалиды сұрапал соғыс,

Мені ақын қылған «Дүнгеннің қызы»….

 

 

***

 

Өмір маған тым қысқа көрінеді,

Кесек ойың сан-саққа бөлінеді.

Кейде жүзді риясыз күлкі көмсе,

Кейде көздің жасы да төгіледі.

 

Ақын етіп Тәңірім берсе тілді,

Елдің талай құрметі көрсетілді.

Жиғанының қызығын халық көрер

Өмір сүргің келеді ер секілді…

 

Ер болуға керегі – жар жайлысы,

Жары жайлы жігітің азбайды ісі.

Үйінде миы тынық азаматтың

Жүрегінде елінің бар қайғысы.

 

Қажеті жоқ құрудың  күндеп кеңес,

Ауыл-қала бұл күнде күрмекті егес.

Еліңе ерен еңбегің сіңу үшін

Елордада тұруың міндетті емес.

 

Қалаймыз-ау бәріміз  пұлдың да оңын,

Алла ғана біледі  құлдың жолын.

Бастамайтын, еретін жан жақсы ғой

Ана көрген, ұлықтар ұлдың жолын.

 

Иә, бұл тақырыбым қалың сағыз,

Ердің қолы артық деп тағы ұрсамыз…

Бақыр басты еркек бар,айтыңдаршы

Басы алтыннан құйылған табылса қыз…

Елді ойласаң қарагөз.. ерді баптап

Өзімшілдік дегеннен арылсаңыз!!!

 

***

 

Тентек ұлдың аяғын тұсамастан,

Қап-қара түн келдің бе құшақ ашқан.

Жалаңаш ай шалқалап жүзіп жүрген

Суы қара теңізге ұқсап аспан.

 

Түнгі қала, тоқтауы құнығу боп,

Ердең жүріс, етекке сүріну көп.

Төсіңді ашып ұлисың  түнгі аспанға

Айға қарап жап-жарық, жылуы жоқ.

 

Төбелесіп өзіммен, басқамен де,

Тілейтінім жаныма, аштан өлме.

Жаным ашып тұрады тосқан жұртқа

Жиіркеніш туады асқан елге.

 

Тым еркелік дей берсін, десін бүлік,

Өзімді ұстап тұрсам да есім біліп.

Сайқалдардай сыр тартқыш қап-қара түн

Шала жанды кеттің ғой шешіндіріп.

 

Шамы жарық көшеңді кезіп жүрдім,

Қалағанын жанымның өзің білдің.

Осы түнгі тағдырды тапсырдым да,

Тыныш таппай бәрібір көзімді ілдім.

 

Адамдықты арыммен өлшетемін.

Қара түннің уақытша емші екенін

Таңсәріде ұғыппын аңғал басым,

Күнге қалай бетімді көрсетемін?

 

***

 

Күлгін әлем

Махаббатқа керек пе құнды дәлел..

Сағынумен аяққа тұрдым әрең.

Мұңның түсі сұр, қара болғанымен

Сенің жаның мен үшін «күлгін әлем».

 

Гүл солса егер мезгілсіз, кейідім мен.

Нұрға толы айналдым пейіліңнен,

Мұңға толы болса да кеуде тұсың

Сенің жаның тұрады мейірімнен.

 

Жеңге сөзін тыңдайтын ағаны ұққан,

Ақылыңда азды-көп даналық бар.

Алдамайтын өзгені, өзін алдар

Сенің жаның тұрады балалықтан.

 

Күйбең жайлы ойыңды құмға тыққан,

Жүректегі ұшқын боп үн қатыпты ән.

Сәт деп келтелемейтін бұл өмірді

Тұла бойың тұрады шын бақыттан.

 

Сені мендей басқа жан сүйе алмады,

Дей алмаймын – сен кетіп, күй оңбады.

Өзге жанға гүл таңдап жүргеніммен

Сенің жаның мен үшін пион бағы.

 

Жандарды ойлап қаза не жаза жыққан,

Күндерің көп тек іштей  маза құртқан.

Қыстың соңы, ақпанның ауасындай

Сенің жаның тұрады тазалықтан.

 

Адам да өсіп шығады шақалақтан,

Түн артынан белгілі, атар ақ таң.

Сенің жаның шабыт боп жетелеген,

Менің жаным тұрады махаббаттан.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button