Интернет психологиясы: Біз тым нарцисс болып бара жатырмыз ба?
Онлайн-тұлғаны басқару фотоны таңдау мен өңдеуге, онлайн-профиль жасауға, мәртебені жаңартуды қосуға және басқа адамдардың хабарламасына пікір жазуға көп уақыт жұмсау дегенді білдіреді. Әлеуметтік желілер мен онлайн-әлемнің өз табиғаты нарцистік үдеріс болып санала ма?

Нарциссизм ауқымы
Гректердің Нарцисс туралы аңызынан Зигмунд Фрейд туындатқан нарциссизм термині «өзіміз жайлы» негізгі психологиялық мінездемені суреттейді. Жоғары нарциссизмі бар адамдар тәкаппарлыққа және өзіндік бағаның асқақ сезіміне бейім. Оның басқа ерекшеліктері – эксгибиционизм, табыс пен билікке құштарлық, өздерінің ерекше екеніне және ерекше қамқорлықта болатындарына сенімділік, жиі және шектен тыс сұқтануға іңкәрлік. Нарциссизм эмпатияның жоқтығына да байланысты. Өзгелердің қызғанышы басқалар оған қызғанышпен қарау қажет деген сенім секілді сирек жайт емес.
Бұл нарцистік тұлға өзін қадағалауға да қатты мән береді, өзіндік таныстырылымды жақсы басқару үшін басқалар қалай қарайтынына үнемі дайын жүреді. Маңызды мақсат – өз мақсатына жету үшін өзге адамдарды пайдалану, яғни эксплуатация. Осы ерекшелік алғаш кездескен кезде нарцисті ұнатып қалуға жол ашады, бірақ оң әсер жылдам жоқ болуы мүмкін. Нарцистерде жақын дос аз болады, оның орнына сұқтанушы аудиторияны арттырып отыратын таныстарды көбейте береді.
Осы үдерістер шектен шығып, жеке тұлғаның өміріне немесе тұлғааралық қатынастарға кәдімгідей залалын тигізсе, нарциссизм жеке тұлғаның бұзылу белгісі бола алады. Мұндай шектен шығу әдеті көп тарала қоймаған, бірақ адамдардың көбі кейде нарцистік мінез-құлықтың белгілерін байқатып қояды.
Нарцистің онлайн-сахнасы
Онлайн-сахна нарцистік бейімі бар адамдарға көптеген еліктіргіш мүмкіндіктерді жайып салады. Алайда оны жеке жағдайда қолдану оңай емес. Мысалы, адамдар өзінің онлайн-тұлғасы қандай екенін тәуір-ақ бақылап отырады, ал нарцистер осы бақылауды өзіндік жарнама және назар аудару құралы ретінде пайдаланады. Бір зерттеуде парақша иелері нарциссизм деңгейі бойынша бағаланды, содан кейін олардан Facebook аккаунтындағы дәл сол жеке суретін неге таңдағаны сұралды. Күткендей-ақ, нарциссизм деңгейі жоғары адамдар бұл сурет өздерінің тартымдылығын немесе бірегей даралығын анықтап көрсетіп тұрғандықтан таңдағанын айтқан.
Онлайн-әлемде нарцистерді қызықтыратын тағы бір нәрсе – таныстардың үлкен аудиториясын жинау және өздері не айтса да, басқалар соған қатты қызығады деген пайыммен түрлі жаңалықтарды үйіп-төгу қабілеті. Басқа бір зерттеуде қатысушылар нарциссизм деңгейін бағалауды талдады. Сосын оларға өздерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігі туралы ақпарат айтылды. Нарциссизм ауқымын жоғары бағалайтын адамдар онлайнда мейлінше көп адамды тани түсудің маңызды екенін атап көрсетті. Олар нарциссизм деңгейі төмен адамдармен салыстырғанда өздерінің достары көп екенін хабарлады. Нарцистер өзінің не істеп жатқанына онлайн достары қызығады және жаңалықтар естігісі келеді дегенге кәдімгідей сенеді.
Нарцистердің әлеуметтік желілердегі парақшаларында шынайы болып жатқан жағдайларды дұрыс сараптасақ, осы айтқанымыз негізді болып шығады. Зерттеушілер Facebook-тің 129 қолданушысының нарциссизм бағасына қол жеткізді, содан кейін бірқатар тәуелсіз бақылаушыларға сайтты қарап, достар мен қабырғадағы жазбалар санын негізге ала отырып, әлеуметтік белсенділік көлемі рейтингін жасап шығаруды өтінді. Нарциссизм бағасы жоғарырақ адамдар, шынында да, әлеуметтік белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетті. Бақылаушылар нарцистердің табиғаты жағынан өзіндік жарнамаға көбірек ұқсайтын өзін сипаттауы мен фотоларының мазмұнын да бағалады.
Бір қызығы, бақылаушылар нарцистердің әлеуметтік желідегі өз парақшасында қалдыратын кейбір мінез-құлық қалдықтарын да қарай алды, осы арқылы парақша иесінің жеке тұлғасы жайлы мейлінше дәлірек топшылауға мүмкіндігі болды. Осы зерттеуде бақылаушылар парақша иелері өте тартымды суреттер жариялап, дербес жарнамалық мазмұн жүктеп, әлеуметтік белсенділіктің жоғары деңгейін байқатқан кезде, оларды нарциссизмге көбірек бой алдырған деп бағалады. Бұрын талқыға салғанымыздай, бақылаушылар кейде дұрыс болжам бола алмайтын белгілерге иек артып кетеді. Олар парақшаның жеке бөлігіне қайшылық тудыратын фотолар мен өздері жайлы ақпараттарды көп салған адамдарға нарцистігі көбірек деген баға берді. Бірақ бұл факторлар парақша иесінің нарциссизм деңгейімен іс жүзінде байланысты емес еді.
Онлайн-әлем нарцистерге қызықтыратын жаңа орындарды ұсынады. Зерттеулер осындай орындардың өзін сүйгіштерге ерекше қажетті екенін көрсетеді. Дегенмен бұл орындар, шынында да, нарциссизмнің өршуіне жол аша ма? Кейбіреулердің айтуынша, осы сайттарды пайдаланатын адамдар өздерін қазірдің өзінде өсіп-жетілген және бәріне құқықты сезінетін ұрпақтар қатарына жатады.
Нарциссизм эпидемия ма?
Жан Туенж бен әріптестері нарциссизмнің күрт өсуі мыңжылдықтар ұрпағы деп алатын 1980 жылдан кейін туған адамдар арасында байқалғанын айтады. 1976 жылдан 2006 жылға дейінгі колледж студенттері арасында жүргізілген сауалнама талдауына сәйкес, нарциссизм көрсеткіші басқа ұрпақпен салыстырғанда мыңжылдықтар ұрпақтарында жылдам өршіп кетеді. Зерттеушілер осы үдерістің бел алып кетуіне тәрбие үлгісі, танымал адамдар мәдениеті, өзіндік бағалау механизмі және интернет жол ашты деп санайды.
Туенж сараптамасында қарама-қайшылық бар. Кейбіреулер оның пайдаланған мәліметтері қарапайым тұрғындардан емес, ғылыми-зерттеу университеттерінің студенттерінен алынған соң да қате деп санайды. Туенж жасаған қорытынды белгілі бір дәрежеде Нарцистік тұлға индексіне де байланысты. Бұл индексте өзіне сенімділік сияқты қажетті мінездемені өлшейтін біраз субшкала бар. Түсіндіру мәселесіне келгенде, жалғаспалы зерттеулерде проблемалар байқалып қалады, өйткені өлшемдердің көптігі нәтижеге ықпал етеді. 1970 және 2000 жылдары сауалнамаға қатысқан студенттер үлгілері олардың әртүрлі тәрбиелену стиліне және интернетке қолжетімділігіне әсер ететінінен бөлек, бір-бірінен орташа табыс немесе гендерлік құрам секілді түрлі тәсілмен ерекшеленуі мүмкін.
Дегенмен әр буын бір-бірінен өзін бағалау сезіміне және құқыққа қатынасы бойынша ерекшеленеді деген гипотеза мұқият қарауды талап ететіндей қызықты. Интернетпен бірге өсіп отырған нарциссизм бірінші буында ерекше жоғары болса және кім бірінші селфи жасап, соны дереу Instagram-да бөлісетін болса, онлайн-орталар ерекшелігінің оларға қатысы бола ма?
Онлайн-орта нарциссизм насихатын жасай ма?
Бұл кітаптағы түйінді тақырып – онлайн-ортаның адам мінез-құлқын дұрыс та, бұрыс та қалыптастыруға ықпал ете алатыны. Әлеуметтік желі сайтын немесе жеке уеб-парақшаны жүргізу арқылы адам өзіне назар аударылуын қатты қалайды. Жай ғана профиль толтыру – эгоцентризм жаттығуы. Мысалы, Google+-ға кірген кезде өзіне назар аудартуға тырысқан шексіз әрекетке тап боласыз:
Суретке түсіріңіз (немесе сурет жүктеңіз).
Таныстарыңызды қосыңыз (байланыстар тізімінен көрсету арқылы).
Ұнататын нәрселеріңізді қадағалап отырыңыз (танымал жандар, фото-графтар, автомобиль компаниялары, денсаулық сайттары және т.б).
Ерекше бол.
Суреттеріңізді жаңартып отырыңыз.
Қай мектепте білім алдыңыз?
Жалғызсырап отырған боларсыз… Адамдарды тағы қосыңыз.
Facebook-тегі өтініштер «Өзіңіз жайлы», «Ұнататын дәйексөздеріңіз» және «Сіз тұратын жер» бөлімдеріне бірдей бағытталған. Басқа бөлімдер болса, қолданушыларды өздері көрген, көргісі келетін немесе ұнататын фильмдерді теңестіруге итермелейді. Соның салдарынан адамдар телешоу, музыка, кітап және спорт командаларына қатысты бірдей ақпаратты қосып отыра береді. «Орын» бөлімінде сіз өз демалысыңыздың суреттерін салып, бастан кешкен керемет оқиғаларыңызбен білдіртпей мақтану үшін интерактив картаны тауып аласыз. Facebook-ке кірген сайын «Ойыңызда не бар?» деген сұрақты көлденеңдетіп, аудиторияңыз жауабыңызды асыға күтіп отырғандай әсер тудырады.
Жай ғана оқып, көмексөзге ере отырып, сіз эгоцентризмге және нарцистерге тән күмпиген бірегейлік пен маңыздылық сезіміне жол ашасыз. Профиль жасап қойған студенттер арасында өткізілген бірнеше эксперимент осы эффектіні сынақ жағдайында көрсетті. Бірінші экспериментте Myspace қолданушылары зертханаға келіп, емдеу немесе бақылау тобына кездейсоқ жолмен бөлінді. Емдеу тобына бөлінгендер Myspace парақшасына өзгеріс енгізуге 15 минут жұмсады. Бұл кезде бақылау тобы ғимараттағы бағыт өзгерісін Google картасы арқылы қадағалап отырды. 15 минут өткен соң Myspace парақшасының редакторлары парақша туралы бірнеше сұраққа жауап берді. Мысалы, «Оны қанша досы қарады?», «Сурет олардың кім екенін қаншалық нақты көрсете алады?». Бұл кезде бақылау тобы картадағы бағыттар туралы қарапайым сұрақтарға жауап беріп жатқан-ды. Содан кейін барлық студент Нарцистік тұлға индексін аяқтады.
Бұл зерттеудің бір нәтижесі – нарциссизм бағасы жоғары студенттердің Myspace-тегі достар санының көп екенін айтуы және олардың парақшаны көп қарағанын шамалауы.
Алдын ала болжағанымыздай, нарцистер үлкен аудиторияға ұмтылады.
Ең қызық қорытынды емдеу тобындағы және нарциссизм бағасын бақылау тобындағы студенттер арасындағы айырмашылықта болды. Онлайн-профильге назар аударған 15 минут ұзақ болып көрінбеуі мүмкін, бірақ осы студенттер бақылаудағы студенттермен салыстырғанда нарциссизм шкаласы бойынша жоғарырақ нәтиже көрсетті. Мысалы, олар «жұрт назарында болған ұнайды» және «барлығы менің әңгімемді тыңдағанды жақсы көреді» деген жауаптарды мейлінше мақұлдады.
Парақша қараған небәрі 15 минут уақыт нарциссизм бағасына әсер ететіні өте қызық. Нарциссизмнің салыстырмалы түрде тұрақты екенін және қысқа уақыт ішінде өзгере бермейтінін ескерсек, бұл өте дұрыс. Осы зерттеуден шығатын қорытынды мынадай: әлеуметтік желілердегі онлайн-орта нарциссизм насихатына жол ашады. Бірақ Myspace нәтижесін Facebook қолданушыларына қайталауға тырысқан екінші экспериментке қарасақ, жағдай күрделене түседі.
Енді Facebook-те парақшасы бар студенттер зертханаға келіп, емдеу және бақылау топтарына кездейсоқ тәсілмен бөлінді. Емдеу тобындағы студенттер 15 минут ішінде өз парақшаларын редакциялады, ал бақылау тобы Google картадағы тапсырманы орындады. Бұл жолы қатысушылар нарциссизм деңгейінен бөлек, өзін бағалау индексін де толтырды.
Дәл бұрынғыдай, бұл кезде өз парақшаларын өзгертіп жатқан, нарциссизм бағасы жоғарырақ студенттер Facebook-тегі достарының саны артқанын және парақшалары көбірек қаралғанын хабарлады. Бірақ бұл экспериментте 15 минуттық редакциялау уақытының нәтижесі Myspace қолданушылары қатысқандағыдан мүлде бөлек болып шықты. Бақылау тобымен салыстырғанда Facebook парақшаларын өзгерткендерде нарциссизм деңгейі артқан жоқ, бірақ оларда өзін бағалау деңгейі көтерілгені байқалды. Facebook-тегі парақшаларын редакциялап уақыт өткізген студенттер бақылау тобына қарағанда «менің аздаған жақсы қасиетім бар екенін сеземін» және «жалпы алғанда, өз-өзіме көңілім толады» деген жауаптарды мейлінше мақұлдады.
Мұндай айырмашылықты кім түсіндіріп бере алады? Көтеріңкі өзіндік баға – нарциссизмнің бір белгісі деуге болар еді. Сондықтан әлеуметтік желілердің екі сайты осы ерекшеліктің түрлі қырын көрсете алады. Басқаша мүмкіндік мынада: Myspace үшін өзіндік жарнама – негізгі функция, оның кейбір қолданушылары танымалдыққа жетіп, атақтылар мәртебесін иеленді. Ал Facebook кең аудиториямен емес, отбасымен және достармен қарым-қатынасқа мән бере отырып, өзін таныстыру мен әлеуметтік байланыстарды алға шығарады. «Өзім жайлы» бөлімін толтырудан гөрі, Facebook парақшасында қолданушылар басқалардың не күтетінін, достарының хабарламасына қосуға болатын жаңа пікірлерді білуге көбірек қарайлайды.
Қалай болғанда да, зерттеу көрсеткендей, онлайн-орталардағы нәзік айырмашылықтар адамның мінез-құлқына түрліше ықпал етуі мүмкін. Бұл жайт таңдандырмауға тиіс. Адамдар белгілі онлайн-алаңдарды белсене таңдайды. Өйткені олар өздері қол жеткізгісі келетін нәрсеге сол орта өте дәл келеді деп санайды. Нарцистер үшін түрлі онлайн-орта әрқандай мақсатқа қызмет етеді, олардың функцияларын нарциссизмнің түрлі қырын әйгілеу үшін пайдалануға болады. Мысалы, Twitter технологиялық жағынан жетілдірілген, нарцистік бейімі бар адамдар өздерінің үстем үнін күшейтетін «мегафон» бола алады, бірақ бұл орын тартымды, жақсартылған, өзін жарнамалайтын суреттер салатын ерекше орын емес. Мұндай құмарлыққа Facebook тамаша орта ұсынады.
Осы сияқты зерттеулерді түсіндірудегі маңызды элемент – өзгерістің жеделдігі және қолданушылардың, әсіресе жастардың мінезіндегі тұрақсыздық. Әлеуметтік желі – жылжымалы тұрғындары бар қозғалмалы нәрсе. Мысалы, Myspace-тің қолданушыларының басым бөлігі көп жыл бұрын басқа әлеуметтік желілердің сайтына ауысып кетсе де, оның әлі көлемді қолданушылар базасы бар. Facebook-тен шаршағандар да жоқ емес, соңғы кездері жас қолданушылар Twitter-ге ауысып, орнығып жатыр.
Әлеуметтік желілер мен нарциссизм жайлы онлайн-пікірталастарда бұл Жан Туенж бен әріптестері «нарциссизм індеті» деп атаған нәрсенің бір себебі осы болуы мүмкін. Өз бетінше зерттеу жүргізіп, «Facebook-ті жиі қолданудың нарциссизмге қатысы жоқ» деп пайымдаған Брюс МакКинни: «Дәл сондай нәтижеге бір жылдан кейін де қол жеткізбейтінімді күтпедім. Не әңгімелесу тәсілі өзгерді, не біз кез келген психологты таң қалдыратын нарциссизм жағдайының өзіне айналып кеттік», – деп жазды. Бұл мәселеде ратжерстік Кейт Хемптонның оптимизмі басым. Ол: «Нарциссизм уақыт өте келе төмендейді, көп адам Facebook-ті өзін көрсету үшін емес, қатынас үшін қолданады», – деп көрсетті. Актер Джо Холттың ойынша, Facebook проблема емес, шын проблема – «сырт көздің мақұлдауымен өзімізді мойындатуға құштарлығымыз».
Актер жақсы ой айтып тұрғанымен, психологиялық тұрғыдан қарағанда, қазір осы пікірді немесе өз таныстырылымымызды реттейтін құралдарды іздейтін кезеңге ешқашан қолымыз жеткен жоқ. Сонымен қатар сіздің туитіңізді біреу хабарламаңыздың астындағы лайк саны бойынша есептейтіндей ретуиттеген кездегі оң стимулдан туындайтын әлеуметтік кері байланыстың енетін тасқыны ескермеуге болмайтындай етіп сыртқы мақұлдау көрсеткішін ұсынады. Бұл онлайн-орталар өзгеріп жатқанмен, оның ерекше функцияларын пайдалана алатын нарцистерді тартатыны сөзсіз. Олар сіздің мінез-құлқыңызға қатты ықпал етеді. Соның бірі нарциссизм насихаты болуы мүмкін.
Дереккөз: «Интернет психологиясы»