ИСА ТІЛЕНБАЙҰЛЫ КЕСЕНЕСІ
Иса Тіленбайұлының кесенесі Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Шетпе ауылынан 20 шақырым шығыс бағыттағы Алаторпадағы “Сарықыз” қорымында орналасқан.
Иса Тіленбайұлы (1829–1909) – батыр, шешен, би, ел билеген болыс, ақын, 1869-1872 жылдары Маңғыстау қазақтарының патша отаршылдарына қарсы көтерілісін ұйымдастырушы қолбасшыларының бірі. Сонымен қатар, ит жүгіртіп, құс салған саяткер, аса мерген болған адам. Иса Тіленбайұлы Досан Тәжіұлымен бірге Патша үкіметінің реформасына қарсы 1873 жылы көтеріліске шығып, бес жыл кескілескен соғыстың ортасында болды. Патша өкіметі Кавказдан, Еділ бойынан, Оралдан әскери құрамалар шақыртып, шиті мылтық, қылышпен ғана қаруланған көтерілісшілер оларға қарсы тұра алмады. Оның ел алдындағы беделін өз мүдделеріне пайдаланғысы келген билік оған кешірім жасап, лауазым берді. Иса Тіленбайұлы 35 жылдай болыс болды.
Иса екі сөйлемейтін, қара қылды қақ жарған әділетті, өзгеден бұрын, өзіне қатты талап қоятын би болған. Оның бүкіл адами өлшемі билігіне сиып тұр. Әділ Жұмалыұлы жинаған бір топ сөзі соның дәлелі. Бірде Асабай деген құрдасы:
Адам баласын жақсы-жаман деп, бөлетініміз қалай?
Айтсам, білімсіз болса – ұл жаман, шешенің тілін алмаған – қыз жаман. Үш жерден буылып, көрге түскен жаманның жаманы. Бетіңнен алған қатын жаман, артыңнан ұрпақ ермесе, ол да жаман. Бәрінен жаманы – тәубасынан безген ер, тобасынан жаңылған ез, – дейді Иса.
Иса Тіленбайұлының «Күйкеннен аттанарда», «Хиуаға кетерде», «Досанды жоқтауы», «Оязға баруы», «Болыс болып жүргенде», т.б. өлеңдері ел арасына кеңінен таралды.
Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/ru/attraction/view?id=67