Жаңалық

Іздестіру жұмыстары жалғасуда

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі Ұлы Отан соғысы кезінде Германия жерінде тұтқында қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткен деп саналған қазақстандық әскери тұтқындардың тізімін жасап, олардың көзі тірі туыстарын іздестіру шарасын әрі қарай жалғастырады.

«Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстаннан шақырылған 271 мыңнан астам солдат пен офицер хабар-ошарсыз кеткендер санатында. Көпшілігінің тағдыры күні бүгінге дейін белгісіз, олардың не күйге ұшырағанынан туған-туыстары да сол күйі бейхабар», – дейді «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің Төрағасы Мұрат Молдағалиев.

Сондай-ақ, М.Молдағалиев кез келген адам кез келген уақытта www.stsg.de сайтындағы кеңестік әскери тұтқындар базасынан хабар-ошарсыз кеткен солдаттар мен офицерлер туралы ақпарат ала алатынын атап өтті. Сайтты құрған — Германиядағы Дрезден құжаттама орталығы.

«Бұндай сайттың бар екендігін қазақстандықтардың бірі білсе, бірі білмейді немесе іздеушілер қажет ақпаратты іздеу дағдысын меңгермеген болуы мүмкін. Сол себепті, біз қазір Ұлы Отан соғысы кезінде әскери тұтқын ретінде Германияда қаза болған, хабарсыз кеткен жерлестеріміздің тізімін құрып, олардың көзі тірі туған-туыстарын табуға атсалысудамыз», – деп нақтылады бірлестік Төрағасы.

Оның айтуынша, бұдан бұрынырақ аталмыш ұйым тарапынан облыстардағы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге 500 әскери тұтқын тізімі жіберілген. «Бірақ, жұмыс нәтижесі мардымсыз болды», небәрі үш солдаттың туыстарын табудың сәті түсті.

«Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарынан Дрезден қаласындағы Құжаттама орталығы дерекқорының тізімін жариялауға, сөйтіп, әскери тұтқындардың туған-туыстарын тиімді әрі жедел анықтауға септесулерін өтінеміз», – деді Мұрат Молдағалиев. – «Егер сондай туыстар табылып жатса, туыстары табылған солдатқа қатысты қосымша ақпарат жинау мақсатында сол адамдарға бірлестігіміздің байланыс деректерін беруді сұраймыз».

Сонымен бірге, «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігіне хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық солдаттарды іздестіру турасында өтінішпен ata-amanaty.kz сайты немесе төмендегі телефондар арқылы тікелей хабарласуға болады.

Байланыс желілері:

Тел.: +7 776 828 45 34

         +7 776 828 45 35

Почта: ata.amanaty@gmail.com

Instagram: @ata.amanaty         

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button